Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Тоқтар Серіков әлеуметтік желідегі парақшасында жас кезіндегі суретін жариялап, өткен күндерді еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Instagram-да:
"Қайран жастық шақ-ай… Алдымызда не күтіп тұрғанын білмей, алаңсыз шапқылап жүрген кездер. Бүгін сол сәттер сағынышқа айналды. Қартайып тұрған жоқпыз ғой, дегенмен қайта оралмайтын уақыт қой. Өкініштісі – сол ғана", – деп жазды.
Жарияланған суретте Тоқтар Серіковтің жастық шағындағы бейнесі көрінеді. Кадрда танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов та бірге түскен.
Желі қолданушылары бұл жазбаға жылы пікірлер қалдырып, өнер иесінің жастық шағын сағынышпен еске алған.
Тоқтар Серіков туралы
Тоқтар Кәдірұлы Серіков 1976 жылы 7 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданында дүниеге келген. Белгілі әнші, актер, домбырашы. Лирикалық жанрда ән шырқап, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнерпаз.
Ол Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртас, Алтынбек Қоразбаев сынды әріптестерімен бірге шығармашылық байланыста болған.
Жұбайымен танысуы
Бұған дейін "Хабар" арнасындағы "КешRec" бағдарламасында Тоқтар Серіков жұбайы Бейбіт Сейдуәлиевамен қалай танысқанын айтып берген еді.
Әншінің сөзінше, ол болашақ жарын алғаш рет концертте көрген. Жүрегін жаулау үшін ерекше сыйлық жасаған.
"Алма деген жемістің төресі ғой. Арнайы сатып алып, қолына ұстаттым. Ал қандай оймен беріп тұрғанымды білмейді ғой", – деп еске алған еді ол.
Сонымен қатар әнші алғашқы кездесуде «Барби» сөзін «Борби» деп айтып, қыздың алдында қысылып қалғанын да әзілмен жеткізген.