Елімізге белгілі ММА файтері Жалғас Жұмағұлов UFC ұйымына қайта оралуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Спортшының айтуынша, қазір UFC басшылығымен нақты келіссөздер жүріп жатыр. Ол соңғы екі жылда бес жекпе-жекте қатарынан жеңіске жетіп, Oktagon лигасының ең жеңіл салмақтағы чемпионы атанды.
- Келісім бойынша мені UFC басшылығымен байланыста жүрген адам таныстырып жатыр. Ол Хантер Кэмпбеллмен сөйлесуде. Ол менің Oktagon лигасында чемпион болғанымды, белбеуді қорғағанымды біледі. Өзі «мен оны бұрыннан бақылап жүрмін, оның чемпион екенін білемін, осындай жаста оны қайта әкелу бізге де қызық» деді. Мен соңғы екі жылда тек жеңістерге жеттім, маған бұрын мүмкіндік берілмеді. Қазір бес жекпе-жектен тұратын жеңіс сериясы бар, оған қоса бокста екі жеңісім бар. Еуропалық аудитория да қалыптасты, – деді Жалғас Жұмағұлов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында.
Жұмағұлов 2020–2023 жылдары UFC-де жеті жекпе-жек өткізіп, бір рет жеңіске жеткен. Көптеген кездесулерде төрешілер шешімі даулы болғаны да айтылды.
5 маусымда ол Oktagon ұйымында бразилиялық Игор Севериноға қарсы жекпе-жек өткізеді. Осы кездесуден кейін лига оны UFC-ге жіберуге дайын. Файтер қаржы мәселесі маңызды емес екенін айтып, басты мақсаты – UFC-ге қайта оралып, өзін жаңа деңгейде дәлелдеу екенін жеткізді.
Мен ақша үшін жұдырықтаспаймын. Тіпті тегін шығуға да дайынмын, бұл туралы айттық. Oktagon лигасы да UFC-ден кем емес, кейбір тұстарда тіпті жақсы. Маған ол жерде бәрі ұнайды. Бірақ мен UFC-ге оралғым келеді. Егер келісімшарт жасалмаса, мансабымды аяқтайтын шығармын, - деді Жалғас Жұмағұлов.