Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі "ТоболИнфо" басылымына сілтеме жасап.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Гүлбарам Мұсағазина 11 ақпанда жазған өтініші негізінде қызметінен босатылған.
"Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты соталды тергеп-тексеру басталғаны туралы ақпарат тарады. Қазір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар тергеу барысына араласуға және оған баға беруге құқылы емес. Барлық мән-жайдың объективті әрі жан-жақты қаралатынына сенемін", - деді Қостанай облысының әкімі.
Бұған дейін ҰҚК Қостанай облысы әкімінің орынбасары ұсталғанын растаған болатын. Ведомство сотады тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, Гүлбарам Мұсағазина Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2024 жылғы шілдеде тағайындалған.