500 мың теңге. Болат Назарбаев сотта жеңіп кетті
"Бұл шешімнің астарында ЕШКІМ Болат Назарбаевқа қарсы аузын ашпасын деген ҚОРҚЫНЫШТЫ сәлемдеме жатыр»
Алматы қаласындағы №2 Әуезов аудандық соты Болат Назарбаевтың ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау туралы шағымын қанағаттандырды.
Болат Назарбаев өзін рейдерлік жасады айыптаған бизнесмен Әзім Абдуллаевтан 1,5 млн теңге өндіріп алуды сұраған. Сот оның шағымын қарап, Абдуллаевты 500 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.
Дау «Almaty steklo» зауытының иесі жасаған мәлімдемеден басталған. Ол кәсіппен айналысқаны үшін 15 жыл бойы Болат Назарбаевқа 60 миллион доллардай ақша төлегенін айтқан. Әзім Абдуллаев өзі ашқан зауыттың жартысын Назарбаевтың атына жазып бергені жайлы шағымданып, үкімет, президент, қадағалаушы органдардан зауытын қайтарып беруді сұраған. Бұл туралы қазақстандық БАҚ бетінде көп жазылды.
Артынша Болат Назарбаевтың өкілі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, сол себепті сотқа шағымданғанын айтқан. Енді бүгін сол шағым нәтижесінде сот шешімі шығып отыр.
Facebook-тегі «Алматы соттары» ресми парақшасы «Н» деген азаматтың шағымы қаралғанын жазады. Онда:
«Жауапты А. шағыға қатысты пікірінде 2022 жылдың сәуір айында қоғамға бизнесін рейдерлікпен тартып алғаны туралы жария түрде мәлімдегенін және шағымды кері қайтаруды сұрады.
Іс бойынша сот арқылы психологиялық-филологиялық сот сараптамасы тағайындалды. «Зерттеу қорытындысына сәйкес, видеоматериалдардың тексінде, жауаптының сөзінде егер расталмай шықса ар-ожданға, қадір-қасиетке, іскерлік беделге нұқсан келтіруге әкеп соғатын жағымсыз мәлімет бар. Сот жауапкерден 500 мың теңге көлемінде моральдық шығын өндіру туралы шешім шығарды. Шешім әлі заңдық күшіне енген жоқ және аппеляциялық шағым түсуі мүмкін», - делінген.
Әзім Абдуллаевтың қорғаушысы Сәуле Көпжанова соттың бұл шешімімен келіспейді. Оның ойынша сот бұл жерде кейбір фактілерді есепке алмай отыр.
«Біздің сенімгеріміздің рейдерлік әрекет туралы сөзі мен ай сайынғы алым туралы сөзі сот зерттеуі кезінде, оның ішінде БН-ның жаындарының куәландыруымен ТОЛЫҚТАЙ расталғанмен, сот бұған назар аударған жоқ.
Біздің соттарды тек Болат Назарбаевтың қадір-ақсиеті ғана қызықтырады.
Бұл шешімнің астарында ЕШКІМ Болат Назарбаевқа қарсы аузын ашпасын деген ҚОРҚЫНЫШТЫ үлкен сәлемдеме жатыр», - деп жазды ол жеке парақшасында.
Қазір Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол және зауыттың жартысын атына жаздырып алған Руслан Шалин сұралуға тиіс қылмыстық іс жүріп жатыр. Адвокат бұл істе Назарбаевтар соттың осы шешімін алға тартып, жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Бұған дейін Әзіз Абдуллаев Болат Назарбаевтың қимыл-қозғалыссыз, тіл-ауызсыз қалуына күмән келтіріп, оның бұл әрекеті жауапкершіліктен жалтару деп атаған.