Алматыда кафелер ашыла бастады
25 мамырдан бастап Алматы қаласында бірқатар сауда, ойын-сауық орталықтары мен кафелер, базарлар, ХҚКО-лар жұмыс істей бастады.
Бүгіннен бастап 3100 кафе-мейрамханалар, жазғы алаңдарда отырып, тамақтануға болады. Дегенмен, той өткізуге әлі де болса рұқсат жоқ.
Үлкен сауда, ойын сауық орталықтарындағы сұлулық салондары, химиялық тазарту орындары сияқты қызмет көрсететін орындар, бильярд, караоке секілді көңіл көтеретін орындар, қонақ үйлер жұмысын бастады.
16 ХҚКО жұмысын қайта бастап, 1,5 мың қызметкері жұмыс істеп жатыр.
Азық-түлік базарлары да жұмысын бастады. Өзге мақсаттағы базарлар 1 маусымнан бастап ашылады деп жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, хостельдер, бассейндер, спа-салондар, жаттығу залдары әзірге жұмысын бастамайды.
Айта кету керек, жұмысын бастап кеткен орталықтағы санитарлы-эпидемиологиялық қауіпсіздікке басты жауапты – сол орталықтардың әкімшілігі болады.