Дәрігерлердің қателігінен үш адам ВИЧ жұқтырды
Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада үш науқастың ВИЧ індетін жұқтыру фактісі бойынша тексеруді аяқтады.

Комиссия мүшелері инфекция адам факторынан болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, инвазиялық манипуляциялар кезінде операциялық процедураның стандарттарын бұзу және мейірбикелердің жұмыстарын бақыламағандықтан болуы мүмкін.
Комиссияның қорытындысы бойынша аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев жұмыстан шеттетілді. Бас дәрігердің эпидемиология жөніндегі орынбасары, реанимация бөлімінің меңгерушісі, аурухананың бас медбикесі және жансақтау бөлімінің бас медбикесі жұмыстан босатылды.
Комиссия жұмысының материалдары процессуалдық шешім қабылдау және одан әрі жауапкершілік шарасын анықтау үшін қалалық полиция бөліміне жолданды.
«Қазіргі таңда ВИЧ-инфекциясы анықталған үш науқас диспансерлік есепке алу үшін СПИД орталығына тіркелді. Олар жеке емдеу режиміне сәйкес ретровирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз етіледі. Оларға жергілікті бюджет есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі»,- деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков.
Эпидемиологиялық тексеру барысында мамандар сол уақытта ем алған, емдеген 745 адамды тексеріп, олардың таза екендерін хабарлады.
Жаздың басында Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында қан құюдан кейін иммун тапшылығы вирусын жұқтырған үш адамды СПИД орталығының мамандары анықтаған болатын.
2 маусымда қалалық денсаулық сақтау басқармасы комиссия құрып, аурухананың барлық медицина қызметкерлері мен донорларын, сондай-ақ байланыста болған адамдарды инфекцияның бар-жоғын тексерді. Алайда ВИЧ-тың таралу көзін таппады.