Елімізде он жыл ағаш кесуге тыйым салмақ

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ашық НҚА порталында Қазақстандағы орман ағаштарын кесуге тыйым салу бұйрығын жариялады.

Malim Админ

  • 24.07.2023

Ашық НҚА порталында мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш кесуге тыйым салу туралы бұйрықты қоғамдық талқылауға 7 тамызға дейін қойды. 

Құжатта тыйым он жыл бойы 2033 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болатыны айтылған. Сондай-ақ, тауарлық ағашты дөңгелек пішінде тиісті өңдеусіз сатуға (шығаруға) тыйым салынды. «Облыс әкімдеріне бұйрықтың тармақтарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдау және жыл сайын 10 маусым мен 10 қаңтарда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне осы өкімді орындау бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат ұсынылсын», - делінген қаулы мәтінінде.

Биыл Абай облысындағы «Семей орманының» 100 мың гектары өртеніп кетті. Мамандар ағашты бизнес қылғандар орманға өртті әдейі қоюы да мүмкін дейді, өрт біткесін бөренелерді сату үшін. Қылмыстық бизнестің бұл түрі орманды аймақтарда бұрыннан дамыған. Осы жабайы бизнесті тоқтату үшін экологтар Экология министрлігінен өртенген ағаштарды шетелге шығаруға тыйым салып, мемлекет мұқтажы үшін қатаң түрде ел ішінде сатуды талап еткен болатын.

Айта кетерлігі, елімізде 2021 жылдан бастап президенттің бастамасымен бес жыл ішінде орман қорында 2 млрд, елді-мекендерге 15 млн  тал егу жұмыстары жүріп жатыр.  

Сондай-ақ, жаңарған Орман кодексінің арқасында қылқан жапырақты және сексеуілді ормандарды кесуді 10 жылға тоқтату мүмкін болып тұр. Ал ағаш және жан-жануарлар дүниесін көбейту үшін Ұлытау, Балқаш арнайы табиғат қорықтары да ашылды.