Ит ату - шенеунікке тиімді

Айшолпан КЕРІМ

  • 25.02.2021

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  таныстырғанда осы мәселе басты сұраққа айналды. Әзірге нақты жауап айтылмағанымен, талқыға түскен заң жобасында қаңғыбас немесе қараусыз иттерді атып тастау ісі сынға қатты ілінді. 

Біз зооқорғаушы, Comes қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Сергей Снегирёвпен осы заң жобасының қажеттілігі мен бүгінгі  жағдай туралы сөйлесіп көрдік.

 

Зооқорғаушы Сергей Снегирёв

- Ит аулау мен қараусыз қалған иттердің мәселесін төрт жылдан бері зерттеп келемін. Біздегі ветеринарлық қызметтерде заңды белден басып жатқан масқара жағдайлар өте көп. Мәселен, Азаматтық Кодекстің 246 бабы бойынша, біреудің мүлкін (қараусыз немесе көшеде жүрген ит пен мысығын да) тауып алған адам 60 күн бойы оған қожалық етуге құқығы жоқ. Бұл талап астанадағы ветеринарлық қызмет орталығында ғана сақталып отыр. Өзге орталықтар жергілікті әкімдік шығарған ережеге бағынып, негізі заңды өрескел бұзып отыр. Итті  айуандықпен, жауыздықпен аулап, үш күн ұстап, үш күннен кейін оны өлтіріп тастайды. Әдетте бірнеше рет ауланған иттердің қожайыны бар, оның қаңғыбас ит еместігін бірнеше рет нақты дәлелдермен әлеуметтік желіде жазғанмын. 

Тіпті, ит пен мысықты заңсыз өлтіріп тастаған істер бойынша әкімдікпен, мәслихатпен соттасып та шықтым. Алайда, сот бізге мойынын бұрмады. Қазір нақты талаптарды реттеп, қайтадан шағым түсіруге дайындалсам деймін. 

Қаланы қойыңызшы, ауыл-аймақтарда жағдай тіпті масқара. Ит пен мысықты үш күн ұстап, әлек те болмайды. Бірден атып тастай салады.  Қай заңға, қай ақшаға және неге қисынға сүйеніп атып тастайтынын тегі түсінбеймін. Мәселен, қаңғыбас, қараусыз ит пен мысықты ату үшін бюджеттен арнайы ақша аударылды дейін десең, олар бірде-бір құжат та көрсете алмайды. Іс жүзінде ондай мекемелерге итті асырау үшін ақша бөлінеді, ал, ол ақша қалтада қалу үшін итті атып тастай салады. 

Бұдан бөлек, бізде қару-жараққа қатысты арнайы заң бар. Заңға сәйкес, ит ату үшін қолданылатын пневматикалық қару-жарақты да тек ерекше жарлықты бірлестіктер қолдануға құқылы, ал ветеринарлық ұйым бұл тізімге кірмейді. Сондай-ақ, жұрт пневматикалық қару ұстау үшін заң рұқсаты керек жоқ деп қате ойлайды. Оған да арнай рұқсат керек. Сонда, ит атқыштар қай заңның құдыретімен қару асынып жүр?

Снегирёвтің айтуынша, қараусыз қалған иттерді аулауға жіті көңіл бөлінбеуі шенеуніктердің көлеңкелі ақшадан қағылмауының амалы екен.

- Бізде қанша ит, мысық қараусыз, қаңғыбас жүргенін жайында есеп жоқ. Өйткені оларды санау есептік тұрғыдан мүлдем қадағаланбайтын, тексерілмейтін, бақыланбайтын сала. Ал мұндай жер ақша жасау алаңы. Мысалы, астанада былтыр 97 миллион, биыл 100 миллион теңге бөлінді. Шенеуніктерден «Бюджет неге өсті?» деп сұрасаңыз, ешқандай дерек пен қаңғыбас ит пен мысықтың көбейіп кеткенін құжат, қисынмен көрсете алмайды.

Сыбайластық пен алааяқтыққа ит аулау, ит ату керемет мүмкіндік. Осы себепті ғана ит аулау мәселесі реттелмей келеді. Ол реттелсе, шенеуніктер жемқорлыққа бара алмай қалады. Екінші мәселе біз жануарларға әлі адами санамен қарамаймыз. Ит досымыз дейміз. Бірақ, оның нағыз жауымыз. Әрине, біз ит аулау орталықтарын мүлдем жауп тастау керек демейміз. Қаңғыбас ит бар. Қаңғыбас иттен тарайтын түрлі проблема бар. Олардың бәрінің алдын алу керек. Алайда, ит аулауды адами жолмен шешуге болады ғой. Кез-келген дін, кез-келген заң жан-жануарларға қиянат жасама дейді ғой. Неге біз осы қарапайым қағидаға жүгінбейміз?

 Екі жыл бұрын біздің бірлестіктің ғимаратынан өрт шықты. Ол жерде өрт шығатындай ешқандай ошағы жоқ еді. Сәйкестік пе, әлде басқа ма, біз әлеуметтік желіде ит аулаудағы зорақылықтарды көтере бастап едік, ғимаратымыз өртеніп кетті.

Үш жылға жуық уақытта төрт жүздей иттің өмірін сақтап қалыптық.  Алайда қазір, өкінішке қарай, жұмыс тоқтап тұр. Біз орналасқан аймақ бұрын бос жер еді. Қазір көрші қаптап кетті. Олар біз жаққа қоқыс төгіп, иттерді шулатып, әдейі наразылық  тудырады. Сол себепті басқа жерге көшкелі жатырмыз. Ал үкімет талқылап жатқан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қабылданып жатса, адамдардың жануарларға деген мейірімін оятса дейміз.

MalimBlocks