Көлік полицейі заман талабына сай болуы тиіс

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 30.11.2020

Еліміздегі қылмыстардың тізгінделіп, кінәлілердің жазалануына полиция қызметкерлерінің сіңіріп жатқан еңбектері орасан. Олардың күндіз-түні жасап жатқан қызметтері көзге көрінбей де жатуы мүмкін. Әсіресе көлік полициясы көп қылмыстың бетін ашып жатады. Браконьерлер де, есірткі тасымалдайтындар да көлікпен жүреді. Бүкіл жол торабын бақылауда ұстап, қылмыскерлерді қолға түсіру де оңай емес. Осы ретті ІІМ Көлік полициясы департаментінің басшысы, полиция полковнигі Оңал Бекиевке бірнеше сауал жолдар едік.

– Оңал Ботайұлы, қазіргі таңда көлік полициясының біздің қоғамдағы рөлі қандай?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», - деп нықтап айтты. Әрбір көлік сақшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз жүзеге асыруды өзінің азаматтық борышы санайды. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша алдымызға қойған міндеттерін орындауда барлық  күш-жігерімізді барынша жұмылдыратын боламыз.

Жалпы, көлік полицейлері еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарында, вокзалдар мен перрондарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен заңды мүдделерін қорғау шараларын жүзеге асырады.

– Көп қылмыстар қандай көлік түрлерімен жасалады?

– Бүгінгі күні Көліктегі полиция департаментіне бағынышты 25 аумақтық бөліністер жұмыс істейді. Департаменттің қызмет көрсету аумағы 17 мың шақырымнан асады. Осы аумақтағы 27 түйісу станциялары Ресей, ҚХР мемлекеттерімен, Қырғыз, Түркіменстан және Өзбекстан республикаларымен шекаралас орналасқан. Бұған қоса, 1000-нан аса темір жол станциялары мен 300-ден аса темір жол вокзалдары бар. Сондай-ақ 26 аэропорт бар, оның 16-сы халықаралық мәртебеге ие.  Жыл басынан бері көлік полицейлері әуе және темір жол көлігімен тасымалданған 16 миллионға жуық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Осының өзі-ақ қызметіміздің қаншалықты ауқымды екендігін аңғартады.

– Соңғы айда қанша қылмыс тізгінделді?

– Ағымдағы жылдың басынан бері жалпы Департамент бойынша 700-ге жуық қылмыс тіркеліп, оның 86,4% ашылды. Негізінен теміржол көлігі арқылы қатынайтын жолаушы азаматтардың жеке мүлкін ұрлау қылмысының үлесі басым. Сол сияқты жылжымалы құрамнан жүктерді топ болып ұрлау, бұзақылық, есірткі заттарын тасымалдау секілді қылмыстар да арагідік орын алып жатады. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері  көлік полицейлері заңсыз есірткі айналымына қатысты 395 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде есірткі құралдарын өткізудің 29 фактісі, 17 сақтау фактісі және 4 есірткі құралдарын контрабандалық тасымалдау фактісі анықталды.  Заңсыз айналымнан барлығы 158 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.

Алматы 1, Достық, Қарағанды-Сұрыптау, Қандыағаш, Қызылорда, Шу станцияларындағы желілік бөліністерді Департаменттің қызмет көрсететін аумағындағы криминогендік аймақтар деп атауға болады. Десек те, жыл басынан бері жедел-профилактикалық шараларды жүйелі жүргізудің шаралары  нәтижесіз емес.

Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін тағы қандай шаралар қолға алынуда?

– Вокзалдар мен перрондар адамдардың көп шоғырланатын жерлері саналатындығын айттық. Сондықтан біз, әрдайым, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз. Департамент қызметтері үнемі түрлі  жедел алдын алу шараларын өткізіп тұрады. Жыл басынан бері көлік полицейлері 1100-ден аса бірлескен алдын алу шараларын жүргізді.

Елімізге шет мемлекеттерден  келетін қонақтардың дені әуе көлігі арқылы келеді. Ал, сол қонақтар ең алдымен әуелі атбасын әуежайларға тірейді. Демек, кез келген шетелдік азаматты ең бірінші болып қарсы алатын біздің қызметкерлер. Сондықтан қызметкерлердің, ең біріншіден, білімі мен біліктілігіне, екіншіден киім кию, сөйлеу мәдениетіне жіті көңіл бөлінеді.

Баршаңызға мәлім, алдымызда үлкен мереке күндері келе жатыр. Қазір осы шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде.

Әуе және темір жол көлігі қызметін пайдаланған жолаушылар қандай да бір заң бұзушылықтың орын алғанын көрсе, я болмаса басқа да құқық бұзушылықтарға тап келсе қайда хабарласуларына болады?

– Халықпен өзара байланысты нығайту мақсатында “Facebook”, “Instagram” әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарға менің ресми парақшам қосылғанын айтқым келеді. Сондықтан кез келген азамат осыәлеуметтік желілер арқылы маған тікелей сауалдарын, пікір, өтініштерін  жолдап, оған толық жауап ала алады. Бұған қоса, Көліктегі полиция департаметінің “Instagram”, “ВКонтакте”, “Facebook” әлеуметтік желілеріндегі парақшалары белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні оларда 27 мыңға жуық оқырмандар бар.

Азаматтар өз хабарламаларында мәселенің мән-жайын анық әрі толық көрсетулері қажет. Сондай-ақ, кері байланыс орнату үшін тұрғылықты мекен жайлары мен байланыс телефондарын көрсеткендері абзал. Азаматтардан келіп түскен барлық арыз-шағымдар мен өтініштер жан-жақты тексеріліп, оның нәтижелері міндетті түрде арыз иесіне хабарланатын болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

MalimBlocks