Коронатест пен медмаска арзандады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, коронавирус тесті бағасы арзандады. Бұрын 18 мың теңге болса, енді тест бағасы 9 мың теңгеден аспауы тиіс. «Олимп «КДЛ» және «Инвиво» мекемелері 9 мың теңгеден асырмай тест жасауға міндетті. Ал «Сұңқар» және «Әйгерім» жекелеген зертханалары бағаларды тиісінше 6 мың және 7 мың теңгеге дейін төмендеткен. Жалпы, ПТР-тест бағасын арзандатуға 36 нарық субъектісі келіскен. Ашық сауда-өткізу саясатын көздейтін монополияға қарсы комплаенсқа яғни ішкі келісімге келген.
Сондай-ақ, медициналық маскалардың бағасын өндірушілер орта есеппен 21 теңге/данаға дейін төмендетті, дистрибьюторлар мен бөлшек сауда желілерінің үстеме бағасы өндірушілермен, дистрибьюторлармен және бөлшек сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенс әзірлеу арқылы 20 теңгеден 3 теңгеге/дана дейін, орта есеппен 60 теңгеден 26 теңгеге/дана дейін төмендеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында пандемияда қалыптасқан күрделі жағдайда азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйінің маңыздылығына ерекше назар аударылған еді. Коронавирустың екінші толқынына дайындықта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бағалардың нарқына талдау жүргізу және зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныс құралдарының бағалық саясатына мониторинг жүргізу тапсырылған да болатын.