Мұнайшылар аштық жариялады
Ақтөбе облысында екі күннен бері наразалықтарын тоқтатпаған мұнайшылар бүгін аштық жариялады.Бұл туралы өңірдегі Мalim.kz сайтының тілшісі хабарлайды.
Көкжиде кеншіндегі жұмысшылар басшылықа қойған талаптары орындалмайынша ереуілдерін тоқтатпайтындарын айтып отыр. Кеніште екі күннен бері жұмыс тоқтап тұр.
Мұнайшылардың қытайлық «КМК Мұнай» компаниясына қойған төрт талаптары бар. Біріншісі –жалақыларын жүз пайызға өсіру. Екіншісі – жататын жерлерін кеніштен алыстау жерге көшіріп, асханадағы ас мәзірін жақсарту. Үшіншісі – кәсіподақ жұмысы, ал соңғысы- басшылықтан көретін қысымды тоқтату. Мұнайшылар әзірге басшылықпен қандай да бір келісімге келмегендерін айтады. Тек бүгін таңертең компания президенті Ван ЦЗИНЬБАО мұнайшылардың жалақысын жүз емес, тек жиырма пайызға ғана көтере алатындығын айтқан. Алайда бұл ұсынысқа жұмысшылар келіспеген.
«Біз кешеден бері тұрмыз. Жұмыс тоқтап тұр. 20 пайызға келіспейміз! Айдалада қара жұмыс жасап табатын айлығымыз 130-150 мың теңге арасында. Соны жүз пайызға көтерсін. Талаптарымыз орындалмайынша жұмысқа шықпаймыз. Қазір екі вахтаның екі жүзге жуық жұмысшысы тұрмыз. Жұмыстарын бітіріп, үйіне қайтатын жұмысшылар да қайтпай, қасымызда», - деп хабарлайды екі күннен бері ереуілдетіп тұрған мұнайшы Мұрат.
Мұнайшылар кәсіподақ жұмысына да көңілдері толмайтынын айтады. Сөздерінше жұмысшылардың құқықтарын кәсіподақ қолдамайды. Басшылықтан үнемі қысым көреді.
«Жалақымызға немесе жұмысқа байланысты наразылық айтсақ, басшылық тек «ұнамаса орныңды босат», ертең «аттестациядан өте алмайсың» деп қорқытады. Қысым көрсетеді. Айлығымызды дұрыс бермейді. Есеп бөлімінің маңына да жолай алмаймыз. Жақындатпайды, ештеңе сұрай алмаймыз. Міне мәселенің бәрі осыдан ушықты. Шыдап келдік. Біздің айлығымыз ҚР көрсетілген орташа айлыққа да жетпейді», - дейді Мұстафа есімді мұнайшы.
Мұнайшылар бұған дейін жалақы мәселесін шешуге көмектесіңіз деп облыс әкімдігіне де бірнеше мәрте хабарласыпты. Алайда жергілікті биліктің де қолынан қайран келмепті.
Облыс әкімдігі қазір бұл еңбек дауына орай келіссөздер жүріп жатқанын хабарлайды. Оңдасын ОРАЗАЛИННІҢ тапсырмасымен арнайы комиссия құрылыпты.
«ҚМК-Мұнай" АҚ жағдайды реттеу бойынша келіссөздер жалғасуда. Еңбек ұжымымен кездесу барысында комиссия мүшелері ҚР заңнамасының нормаларын түсіндіріп, қазіргі уақытта жалақыны көтеру мәселесі компанияның құрылтайшыларымен және директорлар кеңесінің мүшелерімен келісілетінін жеткізді.
Кәсіпорын басшылығы қызметкерлерге еңбекақыны алдағы уақытта көтеретіндеріне сендірді, оның мөлшерін директорлар кеңесі шешеді. Бұл мәселені шешу белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, оларға жұмыс орындарына оралуға кеңес берді», - делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада.
Фотоны автор ұсынды.