Қайырымды қалада қайырымды істер үзілмейді

Malim Админ

  • 31.03.2021

Елордада соңғы бір жылдың ішінде әлеуеті әлсіз, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен жұмыс істейтін сегіз орталық ашылыпты.  Қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов бүгінгі онлайн брифингте осылай деді.
«Қалада 2020 жылдан бастап түрлі бастамашыл топтардың ұсынысымен, әкімдіктің қолдауымен 8 орталық ашылды. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейді. Бұл орталықтар табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында «Strong Mothers» білім беру орталығы, «Алтын Шаңырақ Ұясы» киім тігу цехы, «Бақытты Шаңырақ» қызмет көрсету бойынша көпсалалы орталық және т.б. бар. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі», — деді Дәурен Бабамұратов.

Оның айтуынша, кала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін елордада тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. Бұл орталықта мысалға тұрғын үй кезегіне тұру, тұрғын үй кезегінің нөмірін тексеру, тұрғын үй бағдарламаларына кім және қандай талаптар бойынша қатыса алады, тұрғын үй сертификатын қалай алуға болады, кредиттік/жалдамалы пәтерлер мәселелері секілді түрлі  сауалдарға жауап алуға болады екен.Мұндай орталықтар жұмысты жүйелендіруге және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік беріпті. 2019 жылы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылып, онда мамандар азаматтарға әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беріпті. Бабамұратовтың сөзінше, қалада «Қайырымды істер» бастамасы тұрақты және нәтижелі жалғасып келеді. Мәселен, наурыз айында еріктілер төрт мыңға жуық мұқтаж отбасыларына азық-түлік себеттерін жеткізіп берген.  Еріктілер қатарына мәслихат депутаттары, Halyk Bank, меценаттар, кәсіпкерлер, еріктілер, сондай-ақ қаланың белсенді тұрғындары қатысқан.