Қаржы пирамидасын құрғандар түрмеде аштық жариялады
Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды» деп сотталған 48 адам тергеу изоляторында аштық жариялады.
Бұл жөнінде сотталушылардың туыстары Азаттыққа хабарлады. Тергеу изоляторы сотталушылар аштық жариялағанын растағанымен, 48 емес, 33 адам үкімге наразылық білдіргенін айтты.
Сотталушылардың бірінің туысы Маржан Бақасованың айтуынша, түрмедегілер бірінші инстанцияда шыққан «әділетсіз үкімге» қарсы.
– Олар істі қайта қарауды талап етіп отыр. Өйткені қоғамдық резонанс туғызды деп, судья кінәсіз адамдарды 9-18 жылға соттап тастады. Ана жерде кінәсіз адамдар: жұмыс істеген жүргізушілер, инкассаторлар, директорлар болған. Олар өздерінің кассаға қатысы жоғын дәлелдермен де көрсеткен. Өздері жалданбалы жұмысшы екенін айтты. Алайда сот дәлелдерді ескерген жоқ, – деді ол.
Ол «нағыз кінәлілер шетелде қашып жүргенін, оларға іздеу жарияланғанымен, іс қозғалғанын естімегенін» айтты.
Былтыр қыркүйекте Ақтөбе соты «қаржы пирамидасын құрды» деп айыпталған 48 адамға 9-18 жыл аралығында түрме жазасын берген. Мамыр ортасында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.