Қазақстанда биыл 16 млн тонна астық бастырылды
Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, осы жылы 16,4 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділігі 10,3 ц/га құрады.
Бастапқы салмақта 80,8 мың тонна қарақұмық жиналды, бұл 2020 жылғы деңгейден 76% артық. Сондай - ақ, қара бидай жинау қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 43% - ға артық, дәндік жүгері 22,6% - ға, бұршақ дақылдары 1,3% - ға артық жиналды.
Бастапқы салмақтағы тары өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 15% – ға, жүгері-5% - ға артты. Құрамында дәнмаңызы жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өсуі байқалады. 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие жоғары сапалы HI-Pro бидайының үлесі шамамен 60% - ды құрайды.
Сонымен қатар, 3,9 млн тонна картоп, 4,9 млн тонна көкөніс дақылдары, 2,8 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Майлы дақылдарды жинау жалғасуда, олардың жалпы жинау алаңынан 3,0 млн га (96,6%) жиналды, 2,3 млн тонна бастырылды.