Тіл дауы: Жеңілген Салтанат Ташимова қолдау іздемек

Елнұр Бақытқызы

  • 14.12.2020

Алматы облысы сотының апелляциялық алқасы автобуста жанжалдасып қалған қоғам белсендісі Салтанат Ташимоваға тағайындалған әкімшілік жазаны өзгеріссіз қалдырды.  Салтанат Ташимова malim.kz-ке берген сұхбатында бұл шешіммен келіспейтінін, президент Қ.Тоқаевқа хат жазатынын мәлімдеді. Ал Ташимовамен автобуста жанжалдасқан Қаныкен Атантаева сот шешімімен келісетінін жеткізді.

Салтанат Ташимова: "Сот шешімімен келіспеймін. Өйткені видеода мен өзімді қорғағаным көрініп тұр. Тіпті ол жазғандай, денесін көгертіп, білегін шығарып жіберуім мүмкін емес. Автобусқа қайта кіргенде де оны ұрып үлгермес едім, өйткені мені бірден сыртқа сүйреп шығарды. Атантаева  сот-медициналық сараптамадан өтпеген. Тек травматолог дәрігердің қорытындысын ұсынды. Сол себепті бұл шешіммен келіспеймін", - дейді.

Ал Қаныкен Атантаева: "Сот шешімімен толықтай келісемін. Басқа шешімді күткенім де жоқ", - дейді.

Қ.Атантаеваны адвокаттар Ләззат Ахатова мен Бағдагүл Әжіғалиева қорғады. Л.Ахатова апелляциялық соттың алқасы Қ.Атантаева алдыңғы инстанциядағы Талғар аудандық әкімшілік сотқа ұсынған травматолог дәрігер берген анықтаманы негізге алды дейді. "Екінші тарап анықтаманы берген дәрігерді алып кел деп талап қойған соң, сотқа өтініш жасап, сот-медициналық сараптаманы тағайындайық дедік. Бірақ сот оны қажет деп таппады", - дейді Л.Ахатова.

Сот шешімімен келіспейтін С.Ташимова президент Қ.Тоқаевқа хат жазамын дейді. "Автобуста тұтынушы ретінде құқығым бұзылды. Автобус жүргізушісі менің  қойған сұрағыма "тек қазақша қойсаң ғана жауап беремін" деп жауап бермей қойды. Ал дәл осы сәт автобус ішіндегі камера жазған видеода жоқ, кесіліп қалған. Мен жүргізушіге орысша жауап бер деп талап қойғаным жоқ. Кез келген тілде жауап беруіне болар еді. Ал ол маған қазақша сұра деп талап қойды, бұл тілдік дискриминация. Тұтынушыларды қорғау заңы бойынша, қызмет көрсететін қызметкерлер өздерінен қай тілде сұраса, сол тілде жауап беруі керек. Түсінбесе, басқалардан аударып бер деп сұрауы керек. Бұл жерде даудың мәні бұрмаланып, басқаша көрсетіліп жатыр. Бұл мәселені сол күйінде қалдыруға болмайды. Тоқаевқа хат жазамын",  - дейді С.Ташимова.

Автобустағы жанжал қоғам белсендісі Салтанат Ташимованың автобус жүргізушісі Қастер Серікке орыс тілінде қойған сұрағынан басталған. С.Ташимованың айтуына қарағанда, 207-автобус жүргізушісі өзінің орысша қойған сұрағын түсіне тұра, әдейі жауап бермей, сұрақты қазақ тілінде қоюды талап еткен. Алайда 207-автобус жүргізушісі Қастер Серік бұл оқиғадан кейін malim.kz-ке берген сұхбатында бір жыл бұрын Қытайдан көшіп келгенін айтып, Ташимованың сұрағын түсінбей, одан сұрақты қазақша қоюды сұрағанын түсіндірген.  Оқиға кезінде автобус жүргізушісіне араша түскен жолаушы Қаныкен Атантаева мен Салтанат Ташимованың арасында жанжал туып, екеуі ұрып-соғу ісі бойынша бір-бірінің үстінен арыз жазған.

Оқи отырыңыз: "Орыстар маған орысша сөйле деген емес"

13 қараша күні бұл істі қараған Талғар ауданының әкімшілік соты Атантаева мен Ташимованы  да әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің ұрып-соғу бабы  (73-2-бап) бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

С.Ташимова да, Қ.Атантаева да  әкімшілік іс бойынша шешімнің үстінен апелляциялық шағым түсірген. Өткен аптада С.Ташимованың шағымын қараған Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы Қ.Атантаеваға қолданылған жазаны ауырлатты.  Сот С.Ташимова мен оның адвокаты Гүлнар Жуасбаеваның өтінішін қанағаттандырып, Қ.Атантаеваның жазасын әкімшілік кодекстің 73-2-бабынан (ұрып-соғу) 73-1-бабына (денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат келтіру) ауыстырды. Сөйтіп, Қ.Атантаеваға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу жөнінде шешім шығарды.

Ал адвокат Л.Ахатова смартфоны жоқ Қ.Атантаева өткен аптадағы апелляциялық сотқа қатыса алмағанын және оның адвокаты да болмағанын жеткізді. "Біз бұл шешімдегі айыппұлдың күшін бас прокуратура арқылы бұзуға тырысамыз", - дейі қорғаушы.

Қ.Атантаеваға белсенділер мен жанашыр азаматтар 15 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдың ақшасын жинап берді.

Оқи отырыңыз: “Қытайдан келгендер орысша түсінбейді дегенге сенбеймін”

MalimBlocks
"Қытайдан келгендер орысша түсінбейді дегенге сенбеймін"