Түрмедегі кісі өліміне күдікті жеті адамға араша сұрайды
Өскеменде қамауға алынған түрме қызметкерлерінің жұбайлары мен ата-аналары Бас прокурордан араша сұрайды. Қамауға алынғандар өткен жылдың маусымында Өскемен түрмелерінің бірінде қайтыс болған жазасын өтеуші – Андрей Кондратенконың өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталған.
Тергеу ісіне сенімсіздік танытқандар ОВ 156/2 қатаң қадағалау режимдегі мекемеде жұмыс істеген бұрынғы 7 қызметкердің жолдастары, ата-аналары мен ағайын- туыстары. Олар құзырлы орган басшыларына, тіпті ел президентіне айтар өтініштеріміз бар дейді. Айтуларына қарағанда кісі өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталғандар, тергеушілер тарапынан қысым көріп жатқан көрінеді.
- Күйеуіме сен әлі жассың. Ата-анаң болса қарт кісілер. Әйеліңнің аяғы ауыр. Жақын арада босанады екен. Апайың болса, онкологиялық аурумен ауырады. Ойлан деп, психологиялық-маральдық тұрғыда қысым көрсеткен – дейді, Мәдина МЕЙІРМАНОВА.
Қамауда отырған азаматтарымызды ешқандай дәлелсіз қамап қойды деп шағымданған жұбайлары, олардың кінәсіз екенін дәлелдейтін құжаттарымыз да бар деп отыр.
Тек түрлі сылтау айтып, алдын ала жазылған жауапқа қол қойдырмасын деген Динара СЕРІКОВА: - қысым көрсетіп, күйеуіме әдейі алдын ала жауаптар дайындап берген. Сен осы бойынша айтасың деп. Және де қорқытқан. Айтпасаң осы 99 бап бойынша 18 жылға кетесің деп қорқытты – деп отыр.
Талай мәрте арызданып, тергеудің әділ өтуін сұрадық деген азаматтар жазған өтініш хаттарымызға да қанағаттанарлықтай жауап алмадық деп ашынады. Сондықтан да бас прокурордың өзі қабылдап, назар аударса екен деген өтініштері бар.
- Осы аптада ғана Нұр-Сұлтан қаласына еліміздің Бас прокуратурасына барып келдім. Бірақ ешкімге жолыға алмадық. Бас прокурордан өтініп сұраймын! Менің өтінішімді тыңдап, бізді қабылдап, өзі жеке қолға алып, тергеудің әділ жүргізілуін қадағаласа екен деймін, – дейді Мейрамгүл ӘБІЛТАЕВА.
Ал Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы тергеу барысы жайлы – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының арнайы прокурорлар Қызметі аталмыш істі дұрыс шешуге жеткілікті мән-жайларды объективті, толық және жан-жақты зерделеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу мәліметтері жариялануға жатпайды, – деп жауап берді.
Еске сала кетейік, қазір қамауда отырған 7 азамат тамыз, қараша, желтоқсан айларында тергеуге шақырылып, күдікті ретінде қамауға алынған. Қылмыстық іс өткен жылдың 18 маусымында ОВ 156/2 қатаң қадағалау режимдегі мекемесінің камерасында, жазасын өтеуші – Андрей Кондратенконың өліміне қатысты басталған болатын.
Жанболат Санияз
Басты фото RusVesna.su сайтынан алынды