Әбдіхалықов "бал айында жүр", Райымқұлова "құттықтайды"
Қазіргі директордың орнында қалуын сұрап, президент Тоқаевқа хат жазған Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА келгенде екіге жарылды. Бұл туралы KTK арнасына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Министр ұйымдастырған жиынға директор Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ қатысқан жоқ. Ол шет елде ем-дом алып жатқан көрінеді.
«Сәбит Әбдіхалықовтың өзі өтініш жазды. Бізге, министрлікке жіберді. Одан кейін өзі бюллетеньге шығып кетті. Бірақ ешқандай шешім жоқ. Осында құрылыс болады деп айтып жатырсыздар. Бірақ ол құрылыс бола ма, болмай ма, белгісіз. Өйткені Сәбит Әбдіхалықов жобалық-сметалық құжат жасамаған», - дейді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Министр, тіпті, Әбдіхалықовтың жақында той жасағанын айтып, құттықтап та қойды. «Директорларын көп көрмейтін» кейбір театр қызметкерлері оны қазір бал айында жүр деп есептейді.
«Жылдап келмейтін актерлер бар. Бірақ олар жалақы алады. Театр ойыншық болды. Ал Сәбит Әбдіқалықовтың өзі «рөл ойнай алмаймын» дейді. Академиялық тетарға басшы бола тұра, рөл ойнай алмайтыны қалай? Ауырып жатыр ма, бал айында жүр ме, өзін мүлдем көрмейміз», - деді актриса Дария ЖҮСІП.
Ашық жиында жалақының аздығы жайлы да айтылды. Әсіресе, техникалық құрамның жұмысы ауыр, бірақ жалақысы мардымсыз көрінеді. Жұрт «өзі өтініш жазған» директордың ауысуын талқылап жатқанда мүмкіндікті пайдаланып театр қызметкерлерінің жалпы жағдайын айтқандар да болды.
"Бүгін Гогольдің «Женитьба» қойылымы. Декорацияға қараңыз. Қандай ауыр. Техникалық қызметшілердің жалақысын көтеріңіз. Актердің құқығы болу керек. Шындықты біз айтпасақ, кім айтады?" – деген сөзден кейін залда отырғандар қол соғып, шулап кетті.
Қазіргі директордың орнында қалуын қаламайтындар да бар. Өйткені, бұл ақылға сыймайды.
"Басшылыққа әу баста ішкі мәдениеті, ой өрісі жоғары, адал басшы келуі керек еді. Әзіл-ысқақ әлемінің бір адамы қара шаңырақ драма театрын басқарып отыр. Бұл фактіні өзі сұмдық қой. Қалай шыдап отырсыздар. «Қар қызы» дипломдық қойылым. Қазір біздің деңгейіміз «плинтустан» төмен түсіп кетті", - дейді актер Берік АЙТЖАНОВ.
Айтжановтың сөзінен кейін залда отырғандар екіге жарылып, дау қызып кетті. Министр бұдан ары қарайғы әңгімені жеке бөлмеде, жабық күйде өткізуді ұсынды.
Бұған дейін «министрдің атынан Дәуешов (вице-министр. – ред.) мырзаның өзі маған: «арыз жазып, өз еркіңмен кетіңдер» деп жазып жатыр», деп мәлімдеген театр директорының орынбасары Әлібек ӘМІРСЕЙІТОВ министр Райымқұлованы өтірік айтты дейді. Оның сөзіне қарағанда, министр қысым жасау үшін дайын құжатты мемлекеттік сараптамаға жібермей отыр.
"Жобалық-сметалық құжат дайын емес деген – өтірік. Ол дайын. Тек мемлекеттік сараптаманың қорытындысы қажет. Бұлар ештеңе жібермеген. Істемеген", - дейді ол.
Жеке кабинеттегі әңгіме не жайлы болды? Не шешілді? Бұл жайында министрлік те, театр ұжымы да ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ал, «өз еркіңмен кет» деп хат жазып жүрген вице-министр Нұрғиса ДӘУЕШОВ Әмірсейітовтің 26 ақпанда жұмыстан кететінін айтты.
Коллаж: azattyq-ruhy.kz