Белгілі журналист Бақытгүл Мәкімбай қайтыс болды

Белгілі тәуелсіз журналист, DAT жобасының атқарушы редакторы Бақытгүл Мәкімбай 59 жасына қараған шағында дүниеден озды. Бұл DAT жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Қош бол, Бақан! Бақалөгім менің!... 23 жыл жаңылмай жүрген "ДАТ"-ың сенсіз жетім қалды!..." - деп жазды Бапи өзінің Facebook парақшасында.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желідегі парақшасында Бақытгүл Мәкімбайдың ковид ауруынан қайтыс болғанын жазған.
Бақытгүл Мәкімбай 1962 жылы 15 қазанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол өмірін тәуелсіз журналистикаға арнады. «Дат» газеттер жобасында (СолДАТ, Жұма Таймс, Тасжарған, Айна-Плюс, Бүгін-Сегодня, Общественная позиция басылымдарында) ұзақ жыл қызмет етті. Журналистикадағы еңбегі үшін Сорос халықаралық қорының «Батылдық пен табандылық үшін» сыйлығының лауреаты атанды. 2002 жылы СолДат редакциясына жасалған шабуыл кезінде соққыға да жығылды. Бақытгүл Мәкімбай кәсіби қызметінде қылмыстық қудалауға да ұшырады.
Malim.kz сайты Бақытгүл Мәкімбайдың туған-туыстары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.