Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн (Соңы)

Повесть

Malim Админ

  • 26.06.2021

1. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн (Басы)

2. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-2

3. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-3

4. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

5. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

Арада бес минут өткенде Дәулет кетіп қалуға оқталып тысқа шыққан. Екінті ауып, қараңғылық қоюлай түскен. Ақ жауын әлі де сіркіреп тұр. Ол бұрышта жаңбырдан тасаланып, мүсәпірсіген бейнеде бүрісіп тұрған әлгі қыздарды көрді. «Неге кетпей жүр» деп ойлады іштей. Кенет қап-қара көлік келіп тоқтады да, ішінен қаракөк костюм, ақ кофта киген, сырт бейнесі математика пәнінің мұғаліміне ұқсайтын он тоғыз жастар шамасындағы сүп-сүйкімді аққұба қыз түсті де, қолшатырын қалқалай ұстап екеуінің қасына жеңіл басып жүгіріп жетті. Екеуі сөйлеп, бұл тыңдап тұр. Аналар  болған жайтты айтып сарнап жатқан сыңайлы. Арасында сумкаларынан умаждалған бір-бір қағаз алып шығып, бұған ұсынып жатты. Көзіне оттай басылған сары қағаздың бағанағы бес мың теңгеліктер екенін Дәулет жазбай таныды. Аққұба қыз екі бес мың теңгелікті көз ілестірмес жылдамдықпен іліп алып, жанқалтасына сүңгіте қойды. Сөйтті де, ана екеуіне «сендер бара беріңдер» дегендей ымдап, өзі бері жылжыды. Нілі кете қоймаған аппақ, жып-жылтыр өңінен жастықтың табы ұшқындап келе жатты. Дәулетке жымиған жүзбен ұсақ ақ тістерін көрсетіп бас изей амандасып, әдемі иіс бұрқыратып өте шықты. Екі қыз бұл кезде жауыннан тасалана, көлікке жанталаса жүгіріп отырып болған. Дәулеттің құлағына астыға түсіп бара жатқан қыздың лақтың тұяғынан шыққан дыбысқа ұқсас бірқалыпты тықылдаған аяқ дыбысы естіліп тұрды.

Дәулет ішке қайта кіргенде мұрнына кальянның иісі келді. Олар қоралана отырып кальян шегіп отыр екен. Жомарт бұған «айналсоқтап ақыры кете алмаған екенсіз-ау» дегендей мысқыл аралас жымиыңқы жүзбен қарады. Ғалым елеген жоқ. Қайта жақтырмағандай бет-жүзі күреңіте түсті. Жандос сіріңке шырпысымен құлағын шұқып отыр екен, бұған бір, құлағынан суырып алған шырпының басына жұққан ақ үгіндіге бір қарады да, әлгі ақ үгінді жұққан шырпының басын санына үйкеп жіберіп құлағына қайта сұқты да, қыз тартып болып кальян ұсынғандықтан, жалғасты шұқуға үлгере алмай, кальянды аузына сап бұрқылдата тартып жатып бұған: «Кел, кел, отыл, отыл», – деді.  Бейтаныс орнынан атып тұрып, «туысқан, төрлетші, әңгіме қызып жатыр» деді. Оның қасында отырған Құмар сиырыла орын берді. Қонақ ештеңе деген жоқ, бетінің ұшы жып-жылтыр болып бу сорған жүзі, бүкіл денесі сазандай ағарып қыздан көзін алмай ұзақ телмірді.

– Банкте істейсіз бе?

– Қойыңызшы! Қайдағы банк? – Қыз күле түсіп, ішіп отырған сыра толы бокалын (бұл кезде орталап қалған) аузынан ала бере иегін сипап қойды.

– Шын айтам, тура банктің қыздарындай әдемі киініпсіз. 

– Солай ма? Рақмет!

– Өзіңіз де банктің қыздарындай әдемі қызмет етерсіз? – Қыз бокалдағы сыраны сыздықтата ішіп жатып күлді. Күлсе көзінің астынан әдемі томпақ бұлтияды екен. Ерні де етті, қою күрең. Денесі шымыр, өзі биязы екен. Дәулет жезөкше атаулы жартылай жалаңаш, денесі тыртық яки инемен салынған суретке толы, шыңғырып күлетін дарақы, сасық, оның үстіне алқаш және дөрекі келеді деп ойлаушы еді. Сондықтан қазір ол «Мына жезөкшені кез келген еркек байқамай сүйіп қалуы, әуелі десең әйелдікке алуым мүмкін ғой. Бойдақ болсам, бір жерде кезігіп қап мен де сөз салар ма едім?! Көне қалса мәңгілікке жар етіп, бауырыма басар ма едім?! Құдай сақтапты. Өмір неткен қатыгез. Өмір, сірә, жезөкшеден де сайқал екен-ау» деп ойлады. Осы кезде денесі тітіркеніп, жаны түршігіп өз-өзінен жиіркенді.

Олар мағынасыз әңгімеге көшкен. Жігіттер қызға аш қасқырдай төне түсіп, даурыға мәз болуда. Ғалым бұл жолы барсеткасының аузын кере қып ашып, ішінен он мың теңгелік екі қағаз шығарды да, қыздың қаракөк костюмінің өңірінен қарлығаштың төсінше өзіне құп жарасып ағара көрініп тұрған ақ жейдесінің жоғарғы түймесін ағытып жіберіп, ішіне қолын тығып әлгі ақшаны сүңгітіп жіберді. Сөйтті де, тәлтіреңдей қимылдап қонақты білегінен қыса ұстап сүйрелеп, қыздың қасына отырғызып, өзі төмен қарай ығысты. Қыз жымиды. Қонақ болса ұялғансып күлімсіреп, басын қасып қойып, бетінің ұшы сәл қызарғандай боп тырқылдап күле береді. 

– Мынаны ауыздандыр! Азсынсаң тағы берем, – деп, Ғалым қызға қарап барсеткасын ұрып-ұрып қойды. Сосын:

– Егер де қолымнан мына барсетканы көрсеңдер бар ғой, мұның аузы майлы екен деп ойлаңдар, – деді жағалай көз тастап. – Ал қолымда барсеткам жоқта «байғұс күйреген екен» де қой, – деді Дәулетке көз қиығын тастап қойып. – Басқаларың қоя тұрыңдар. Біз қонақты Құдайындай сыйлаған текті елміз, – деді. – Мәдениетіміз Еуропаға жетпейтін шығар, бірақ тектілігіміз асып түседі. Мәдениетті үйреніп сіңіруге болады. Ал тектілік қанмен келеді. Оны үйрене алмайсың, – деді.

Қонақ қыздың белінен қапсыра құшақтап, танауын оның мойнына тыға көзін жұмды. Қыз «мұның бұрыс та, дұрыс та» деген жоқ. Еш сезімсіз, денесін бит жыбырлатқандай да мазасызданбады. Тек чипсиден бір талды аузына салып қытырлата шайнап, үстелге қарап мұңайып отыра берді.

– Басқаң тыныш отыр, – деді Ғалым. Сосын өте маңызды бір нәрсе оқыс есіне түскен адамдай Дәулетке қарап: – Сен асықпа. Саған да бар, – деді.

– Сен көп былшылдай бермей, менің үлесімді бер, – деді Дәулет.

– Әлі айтып жүрсің бе? Қойсаңшы, – деді аса түңілісті бейнеде іштен тынған адамдай сыбырлай сөйлеп.

– Албастының текесі құсаған сұмырай, ақшамды қайтар, – деді Дәулет алдыға ентелеп.

– Сен бейшара ақша-ақша деп қақсамай, онан да неге ірі-ірі жұмыстар туралы ойламайсың, а?! Энергияңды босқа тауысып отырсың, білесің бе? Жігіт деген ірі жұмыс істеу керек.

– Ей, сүмелек, сен маған ірі жұмыс туралы айтып тұрсың ба? Біле білсең, сол ірі жұмыс менен қалып, саған қонған. Ірі жұмыстың не екенін сендерге мен үйреткем. Сенің бүгінгі күнге жетуіңе менің де бір кісілік еңбегім бар. Енді келіп көзіңе шел бітіп, жанды қуыршақты құшағыңа қысқан соң осқырына қалыпсың.

– Тіліңді тартып сөйле! Арамызда қыз отыр. Қыздарды сыйлау керек!

«Мына жезөкшені айтып тұрсың ба?» деп айта жаздап барып Дәулет тоқтап қалды. Көзі қыдырып өтіп қызға қадалған еді, ол өзіне қарап отыр екен, тұтығып қалды.

– Үлесімді бер, мен кетейін. Осыны айтқанда іштей «мейлі, алмағаным сол ақша болсын, тек екі жүз мың теңге берсе жетер еді. Бергенін алам да, жоғалам. Мәңгі көрмеспін. Бермесе де мейлі» деп ойлаған еді. Ғалым өйтпеді. Қызға қарады да:

– Ішке барып ағаңның арқасының кірін езіп бер, – деді. Олар орнынан тұрып, пар бөлмеге қарай кетіп бара жатты. Оларды көзімен ұзатып салған Ғалым Дәулетке қарап:

– Әлі айтып жүрсің бе? Енді қанша уақыт айтар екенсің? – деді.

– Бұл мәңгі айтады, – деді Жандос киіп кетіп. Дәулет оған мойнын бұрып қараса, Жандостың ерні дүрдиіп, сықсия күлімсіреп «маған не қыла аласың» дегендей өз-өзінен мәз болып отыр екен. Оның әдемі біткен кең маңдайы, аппақ тістері Дәулетке ұнамай қалды. Оның жалпақ бетін көздеп құлаштап тұрып аямай ұрды. Алақанын қуыстап ұрса керек, ішіне жел толғандай күңгірт естіліп, зал жаңғырып кетті. Өзін шапалақтайды деп күтпеген екен, Жандос омақаса құлады. Сұлап жатқан оның бетінен Дәулет шапалақтың қып-қызыл табын көріп айызы қанды. Кері бұрылып еді, Ғалым көзі алақтап қорғанғаны, әлде сабағалы жатқаны белгісіз, бұған қарап қолын ербеңдетіп келе жатыр екен. Дәулет оның мұрнын көздеп ұрып еді, қиыс кетті. Тура оның дүйім елді аузына қаратқан шешен біткен аузына оңбай тиіп, қан бұрқ етті.

– Алла-ай, Алла-ай, тісім-ай, – деп бір ауық аузын басып тұрды да, тісін ұстап көріп, жерді тіміскілей сипаланып:

– Тісім жоқ. Бір тісімнен айырылдым, – деп зар қақсады. Осы сөзі бейне денесінің маңызды бір мүшесінен айырылған адамдай «аһ» ұра аянышты естілді. Даусында құмыға шәңкілдеген өкініш бар еді. Үстіңгі бір тал қасқа тістің опырайған орнын көріп Дәулет сабасына келді. Осы кезде оның көк желкесінен ауыр бір соққы тиіп теңселіп кетті. Қараса, бейтаныс екен. Мұның құлақ-шекесінен тиген тағы бір соққы есеңгіретіп барып жерге гүрс етіп құлады. Бұл да бейтаныстың соққысы еді. Ол ауыр соққыдан ес-ақылы кіресілі-шығасылы боп бірнеше секундтай сұлап жатты. Беті пар бөлмесіне қарап қалған екен, қонақ пен қыздың жан алысып жан беріскен қимылын, жалаңаш денесін көріп қалды. Бәрі анық көрінді. Қыздың аппақ тамағы, аппақ тамаққа сүліктей жабысқан қонақтың ерніне шейін айпарадай көрінді. Орнынан тұра бергені сол еді, бейтаныстың қатты тиген бір тепкісі бүйірін солқ еткізді. Ғалым мен Жандос келіп, олар да тепкілеп жатқанын білді. Бірде Құмар келіп теуіп өте шыққандай болған еді, енді ол арашалап жүргендей болды. Еш қауқары, еш амалы қалмай, денесі зілдей болып, орнынан қозғалса-ақ жер жұтқандай бір жақ шекесімен құлай берді. Тек жерде шыр көбелек айналып «Не үшін?! Мұның бәрі не үшін?!» деп зар қақсады. Бір заманда қыздың шыңғырған үні құлағына келді. Тыржалаңаш күйі сазандай жарқырап киімімен омырауын баса, басынан аттап өтіп қашып бара жатқанын сезді.

– Далаға шығарып тастаңдар! Кәпірдің қолы неткен қатты еді, тісімді сындырды, – деп жатты Ғалым.

– Дала жаңбыр ғой, өліп қалмай ма? – деді Құмар.

– Өлсе өрем қапсын, сөйтіңдер, – деген Жандостың даусы келді құлағына.

Қолдар білегінен, шашынан, белбеуінен ұстап, бүркітше бүріп сүйрелегендей, көтергендей болды. Салбыраған басындағы сығырайған көзін әзер ашып, пар бөлмесінің алдында ештеңені түсінбеген адамдай тыржалаңаш қалпы мелшиіп тұрған қонақты көрді. Талықсып кетті. Тізесі табалдырыққа, басы бұрышқа соғылып, есін сәл жиғандай болып бар күшін жинап, басын сәл көтеріп, дәлізде кетіп бара жатқандарын аңғарды. Дәліздегі қирай опырылған былғары креслода Жомарт бағанағы семіз қызды өзіне қаратып екі санына мінгізіп алып, белінен құшақтап, танауын оның омырауына баса құшырлана иіскеп, күбірлеп бірдеңесін айтып отыр екен. Тұншыға естілген үнінен:

– Маған жар болуға қалайсың? Әлпештеп өтер ем, – деп тебірене күбірлеген даусын естіп қалды. Басының ішінде бір жіңішке жіп әуелгіден қаттырақ тырс етіп үзілгендей болды. Денесі жансызданғандай, әсіресе оң аяғы сіресе ұйығандай сезілді. Беті бір жағына қарай тартып жыбырлағандай болды. Балтыры, жауырыны, желкесі жаңбырдың әлсіз тамшыларын сезіп тітіркенді. Етпетінен сүйретіліп келе жатқан еді, мұрны бірнеше рет жер сызып удай ашыды. «Не үшін?» дегісі келіп еді, үні шықпады. Сосын, мүлдем талықсып кетті. Бұл кез даланы іңір қараңғылығы қымтай бастаған мезгіл-тұғын. 

** *

Есін жиғанда ол өз көлігінің артқы орындығында шалқадан жатқан болатын. Миы шулап, көкірегі гүрілдегендей болды. Көлік жүйткіп келеді. Біразға дейін қайда жатқанын есіне түсіре алмады. Домбыға ісініп, қанталаған көзін көлік салонындағы шырақтан ұялғандықтан сығырайта ашты. Аяқ жағына жайғасып, өзіне селт етпестен мұңая үңілген костюмді қызды көзі шалды. Мұның есін жиғанын байқап, күлімсіреп қызара жасаураған көзін алақанымен сипалап қойды.

«Аяғымды, қолымды уқалашы» дегісі келіп еді, кеудесі сырылдап үні шықпады. Бетін, тамағын бір аялы алақан сипағандай болды. Қараса, өзі ұрғашы бөденеге ұқсатқан арық қыз оның басын санына қойып алып, оң жақ бетін, одан төмен тамағын сипалап жылап отыр екен. Оның ыстық жасы мұның бетіне әлденеше рет тамып та кетті. Қыздың ажарсыз біткен жүзі тым солғын екен. Ерні де қағаздай жұқа, беті құрысқан. Көзінің айналасында жасына жетпей өрмекшінің торындай ұсақ әжімдер шыпырлай бастапты. Бірақ нұры тая бастаған сарғыш көзі мейірім шашып тұр.

Жиырма жасында алыс ауылға ұзатылған әпкесінің үйіне қыдыра барып, сол үйде тұрып 9-сыныпта оқып жатқан бір кішкентай қыздың обалына қалғаны бар. Өлердей ғашық екенін айтып, ол қыз да бұған тиетін болып келіскен. Қыздың арын таптады да, Дәулет тайып тұрды. Оны іздеген де жоқ. Хат жазған да емес. Сол беті ұмытып кетті. Түрі де есінде қалмапты. Тек оңаша қалғанда еміс-еміс елестеткен кездері болған. Енді осы арық қызды соған ұқсатты. Сол емес пе екен деп ойлады. Мұны іздеп келіп тұрған сол бір кішкентай қыз болар деп түйіп, жұбаныш тапты. Бірде әжесін ойлады. Бала кезінде ересек балалар тиіскенде әжесі оны осылай аялайтын. Оның да көзінде мейірім бар болатын. Оның да жүзі солғын, беті әжімге толы еді. Оның да ерні осындай жұқа, беті қушиған-тұғын. Қыз өкси жылап, оның жасы бетіне тағы бір мәрте тамып кетті. Оның әлсіз деміккен жіңішке үні мұның құлағына сырнай боп жетті. Оның көз жасы қуат берді ме, бойына жан кіріп сәл әлденгендей, денесінен ыстық қан жүгіргендей болды. «Тағы жылай түссе екен» деп ойлады іштей. Оны ұрғашы бөденеге ұқсатқанына қатты өкініп, көкірегі удай ашыды. Есесіне алғыс ретінде қолынан қысып қойғысы келіп еді, қолы ырқына көнбеді.

– Мұндай көліктің тізгініне отырам деп еш ойламаппын. Супер... сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Қалай, есін жиды ма? Өлмеп пе? – деген дауыс естілді. Сәл жеңілдеп көзінің қырын салып еді, Жомарттың санында отыратын семіз қыз көлікті аңырата жүйткітіп келеді екен. Көзін костюмді қыздың бетіне қадап еді, ол әлі де жыламсыраған түрмен мұрнын пыс-пыс тартып, бұған жапақтай қарап мұңайып отыр екен. Ол бар күшін бойына жинап, дір-дір еткен мұздай суық сол қолымен қыздың қаракөк костюмінің өңірінен қарлығаштың төсіне ұқсап аппақ болған жейдесін тырмалай бастады. Сосын, қолын оның төсіне жүгіртті. Іздеген дүниесін таба алмай, көзі шарасынан шыға «аһ» ұрып, тілінген еріндерін тістегенін, бет терісі бырысып, сырылдап үні шықпай қайғырғанын, оң жақ шекесінен түйенің құмалағындай боп шодырайып ісінген жарасын көріп аяды ма, дірілдеген мұздай суық қолын алақанымен қысты. Сөйтті де, жанқалтасынан 20 мың теңгелікті суырып алып, оның әлсіз дірілдеген алақанына салды. Дәулеттің нұры қайтып, ажарсыздана сығырайып сөне бастаған көзі іздеген нәрсесін тапқанына қуанды ма, жанған шырақтай жылт етті де, біреу алып қояды деп қорықса керек, ақшаны сығымдай ұстап жамбасының астына басып алды.

** *

Даланы қараңғылық торлап алған. Тек зәулім үйлердің терезесінен көрінген жарықтар мен көшенің, қарсы көліктің шырақтарынан түскен мағынасыз жарықтар ғана көлік ішін анда-санда жарқ еткізіп қалады. Адасқан жаңбырдың саяқ тамшылары ғана көлікке тырс етіп тиіп, тіршілік белгісін аңдатуда.

Бірде үш қыздың керілдесіп, өз-өзінен әлде бірдеңеге келісе алмай жаға жыртысып жатқан дауыстары естілді. Ары қарай құлағы бітті де, ештеңені сезіп естуден қалды. Сосын, көліктің бір қараңғы қуысқа тоқтағанын, салон шырағының жанғанын сезді. Ішке жүздері суық, көздері тұздай, тыртық-тыртық бастар бірінен кейін бірі үңілді. Өзара айқайласқан еркектің, жылаған қыздың даусы естілді. Әлгі бастар ішке қайта үңілді де, арбиған ірі-ірі денелерін сүйретіп көлікке кептеліп кіре бастады. Мұны аяқ-қолынан бүре ұстап, сыз жерге шалқалата жатқызды да, тайып тұрды. Бір минуттан кейін қайтып оралып, екі адым жердегі қоқыс сандығынан жәшіктің жыртылған қағазын әкелді де, аяқ-қолын көтеріп тұрып қағазды астына салып, қайтадан соған шалқалата жатқызып, көзден ғайып болды. Ол ессіз болса да, жәшік қағазының жылуын сезіп жатты.

Жаңбыр басылып, дала үнсіз күңіреніп тұрған. Далада желдің ызғарлы әлсіз гуілі ғана естіледі. Сағатқа жуық уақыттан кейін мүлде бөгде көлік келіп тоқтағандай болды. Ішінен екі-үш адам топырлап түсті. Қасына кілең ақ киім киген жүздеген ергежейлі адамдар топырлады. Мұны жабыла көтеріп, реңі біртүрлілеу көлікке салып жатты. Біреуі кеудесіне темір басып, енді біреуі аяқ-қолына жармасып жатты. Денесі қызып, жаны қысылып, қиналып, демі бітіп жатқан байғұс олардан қорқып зәресі қалмады. Тек ақшамды алып қоя ма деп, сол қолын бар күшімен сығымдай қысты.

Бұл ақ киімді ергежейлілер ұрғашы бөденеге ұқсатқан қыздың ары мазалап, үйіне жеткен соң, басқаларға білдірмей құпиялап жедел жәрдемге қоңырау шалғаннан кейін келіп тұрған жедел жәрдем қызметкерлері еді. Олар мұны ауруханаға апарып жатқызып, астын жылылап, әдемілеп қарап, білген емдерін жасады. Науқас екі күн бойы ессіз жатты да, үшінші күні жан үзді. Оның қымбат көлігі, әдемі белдігі мен сау-тамтығы қалмаған көнетоз қымбат киімі (телефонының қайда кеткенін ешкім білмейді) түгел ақы иелеріне табыс етілді. Тек сол қолына сығымдап ұстаған жиырма мың теңгелік қағазды ақ киімділердің сумақылау біреуі көріп қалып, саусағын қасықтың сабымен жазып ашып, алып қойған болатын.   

Ел арасында «байғұс арақтан өліпті» деген қауесет қалды. Оның боршаланып ішкі құрылысы түгел тілініп алынған бір уыс денесін көмуге көп адам жиналды. Бізге таныс адамдардың ішінен оның өліміне тек Құмардың науқас анасы ғана қатысып, бетін тырнап ұзақ жылады. Сосын, Берік қатысты. Онда да ол жаназа аяқталып, жігіттер түгел мәйітті көмуге қабір басына кеткен кезде ғана келіп, әйелдердің арасында оны-мұны ұсақ шаруаларға көмектескен боп жүрді. Оларға Дәулет екеуінің достығы жайлы, жатақханада кептер ұстап жеген әңгімесін тұздық қосып әдемілеп, жыламсырай күбірлеп айтып жүрді. Ошақ басында отырып қазандықтың астындағы пешке қарап, «мынаны кім жасады екен, кім болса да, мендей жасай алмапты» деп ойлады. Ғалым мен Жандос өлімге келген жоқ. Олар Дәулет өлді деген күні кальян-барда оңаша кездесіп, қитұрқы жоспар құрып, қасақана біреуі Дубайға, енді біреуі АҚШ-қа кетіп қалған-тұғын. Ал Құмар келуге марқұмның мүрдесінен жасқанып, бата алмады. Өйткені марқұмды, жын ұрды ма, бұл да еш себепсіз бірнеше рет тепкінің астына алған-ды. Тек  алыста тұрып қарақұрым адамдарға сырттай қарап тұрды да, қайтып кетті. Іштей «айран-сүттің, қымыз-ірімшіктің ақшасын кештім» деп ниет етті. Ал Жомарт Астанадағы шаруасымен қарбалас болып жүріп алды.