Исраил Сапарбай. Жалғыз қалсаң, жабықпағын, Гүлмарал...

Ақынның лирикалық өлеңдері

  • 15.06.2021

Махаббат та ұланғайыр ұлы ұғым!
Өмір бізге бір-ақ келер, көп келмес,
Ләззат лебі азаппенен өткелдес.
Шын махаббат біле білсең, шырайлым,
Үйленумен,
Үй болумен шектелмес.

Ардағым-ау,
Айтқан сөзім ұнамай
көңіліңе алып жүрме күмән ой.
Махаббат, ол – көгершінің емес пе,
Көгершінді торға қамау күнә ғой?!

Тағдыр бізге кей кездері тым қатал,
Күн орнына көкірегіңде мұң жатар.
Махаббат, ол – ару аққу емес пе,
Ал аққуға оқ атуға кім батар?

Сүмбіл сезім – көңіліңнің күйі асыл,
Сүймегенге қалай оны қиясың?
Махаббат, ол – қарлығашың емес пе
Жүрегіңе салатұғын ұясын?!

Шаттығыңның шайқап алмай тұнығын
Сен де, жаным, ойла оның ғұмырын.
Сайын дала,
Шалқар айдын сияқты
Махаббат та ұланғайыр ұлы ұғым!

***

Көзімнен сырғып лағыл жас,
Көкірегім сыздар күрсінсең.

Қарақат көзді қарындас,
Жайыңды айтшы, кімсің Сен?


Алдыңа салып уақытты,
Алданып жүрген жанбысың.
Азғантай ғана бақытты,
Малданып жүрген жанбысың.

Жалғанға нәзік үміттей,
Жалғанып жүрген жанбысың.
Береке-құты бірікпей,
Жан бағып жүрген жанбысың.

Тиянақ, тағат таба алмай,
Толғанып жүрген жанбысың.
Қияға қанат қаға алмай,
Қомданып жүрген жанбысың.

Көзімнен сырғып лағыл жас,
Көкірегім сыздар күрсінсең.
Қарақат көзді қарындас,
Хабарыңды айтшы кімсің Сен?

 

Періштесің!
Жүріп өткен ізіңді санамалап,
Алаңдайды көңілім ала қанат.
Жер басқанның бәрі де пенде болса,

Періштенің жолын кім жаңаламақ?!

Періштесің!
Титтей де жоқ күмәнім!
Аспан – сенің ауылың,
Көк – тұрағың.
Мезгілімді мерт қылмай, ертелі-кеш,
Мен де, бәлкім, сол жаққа бет бұрармын...

Неге сені еске алдым тағы бүгін?
Есебімнен бұл, бәлкім, жаңылуым?...
Алпыс екі тамырдың талшығына
Тарап кетсе қайтейін жаным, уың?

Періштесің...
Ғайыптан жетер ме үнің?...
Қол созғаным, қош айтпай, бекер күнім.
Шерменденің шекпені кімге дәрі?
Шерге айналып кетпегей шекер мұңым...

Бар екені рас болса қанатыңның,
Жарқ етсеңші қойнынан қара түннің!
...
Жазғаны мен айтқаны кімге керек,
Періштедей болмаса жары ақынның?!.

 

ГҮЛМАРАЛ
Мұң мен Шаттық алмасады, Гүлмарал,
Көңіл гүлін қар басады, Гүлмарал.
Аспан, Жерде бірін-бірі ала алмай
Өмір, Өлім арбасады, Гүлмарал.

Күндерге күн жалғасады, Гүлмарал,
Түн түндігін таңға ашады, Гүлмарал:
«Харекетке – берекет» деп жан біткен
Тіршілігін қамдасады, Гүлмарал.

Өмір өрлеп, алға асады, Гүлмарал,
Онсыз күннің бар ма сəні, Гүлмарал?
Қыс соңынан көктем келер көзайым,
Сен байқамай қалма соны, Гүлмарал.

Қабағыңды аш, қамықпағын, Гүлмарал,
Маған анық-қанық халің, Гүлмарал.
Бүлдіршінін əлдилеп тұр алдында
Гүл бүршігін жарып бағың, Гүлмарал.

Кірпігіңді қағып қалың, Гүлмарал,
Талма таңда талықпағын, Гүлмарал.
Біз түгілі, көрмеймісің, жаным-ау,
Өсіп тұр ғой табытта гүл, Гүлмарал!

Жар төсекте жанып тəнің, Гүлмарал,
Жалғыз қалсаң, жабықпағын, Гүлмарал.
Жан тілегім – жаспен емес, жүзіңді
Нұрмен жусын жарық таңың, Гүлмарал!

 

ГҮЛАСЫЛ
Жақсылар көзін жұмбасын,
Жаманға күнің түспесін...
Жүрегің сенің, Гүласыл,
Махаббат уын ішпесін.

Жаратқын, мейлі, жаратпа,
Тосыннан келіп толғағы,
Тартылар алуан тарапқа
Тағдырдың тарам жолдары.

Қайсысын қалап, таңдарсың?
Қинар да бəлкім бұл сұрақ.
Үзілген жіпті жалғарсың,
Өшпесе көзде нұр, шуақ...

Күзің бар алда...
Қыс та бар
салмағын салар жанға ауыр.
Ұйқың да қанар,
Түс тарар...
Таңың да атар талмауыр.

Басарсың қыста қарды аппақ,
Көктемде гүлді кешерсің...
Жақсының атын ардақтап,
Жаныңды жайып төсерсің.

Төсекте, бəлкім, жұлмалар
Төзімге көнбей ғашықтық.
Кездерің келер мұңданар
Көзіңнен ыстық жас ытқып.

Қуанарсың да гүлжайнап,
Өмірің тартса өрге көш.
Адамға арман мұндай бақ
Аспанда жүрер,
жерде емес...

Ізіңді жауып жас шалғын,
Жүзіңді жуар жаңбырлар...
Бір күні мынау аспан, Күн
Қош айтып саған қол бұлғар.

Мұңайып бақта гүл қалар
Ерніне боп-боз тамшы іліп.
Өкінер өксіп жылғалар,
Жапырақ жерде жаншылып...

Бұлт көшер..,
Шуақ, нұр құяр
жалғанда жəми іңкəр Күн.
Қырқада сонау қылтияр
Жүрегіңе ұқсап бір тал гүл..

Байланысты жаналықтар

Заманбек Мақпалға тегін үйленген жоқ

01.11.2020
MalimBlocks
Заманбек Мақпалға тегін үйленген жоқ