MalimWomen. Жертөледе өскен қыз

  • 23.05.2021

«Үмітіңді үзбе. Барлығының шешімі бар»

Психолог,  мотиватор, блогер біткен көп қайталайтын осы сөздердің кейінгі уақытта қадірі кетіп бара жатқан секілді көрінеді. Бірақ 18 жыл өз әкесінің тұтқынында болған Мод Жульеннің адамдарға «Менің берер ең негізгі кеңесім - үмітіңді сарқып алма. Біздің психологиялық мүмкіндігіміз біз ойлағаннан да жоғары. Барлық түйіннің шешімі бар» деуінің сабаудай себебі бар.

Мод Жульен неге өз үйінде тұтқын болды? Қызын қоғамнан бөліп тастаған әкенің көздегені не еді?

Бұл жантүршігерлік шытырман оқиғалы фильмге ұқсайтын ерекше хикая.

Адамның асылын яғни, «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» адам жасап шығару біраз ғалымдардың миына салмақ салып, терең ойға батырғанын тарихтан білеміз. Ғалымдар неше түрлі тәжірибелер жасап, соңы қайғылы жағдайлармен аяқталатын оқиғалар өте көп. Ал Жаратқанның жасағанын місе тұтпай, өзгертем, қайта жасап шығам деген астам ой туғаныңның басына келуі және оны іске асыруға кіріскені  үлкен қасірет екені түсінікті болар...

1957 жылы Францияның солтүстігінде өмірге келген Мод Жульен ғалым әкесінің тұтқынына түскен бақытсыз бүлдіршін еді.

Мод жарық дүние есігін ашқанда әкесі Луи Дидье - 50, ал анасы Жанин - 22 жаста болатын. Ерлі-зайыптылардың жас алшақтығына жұрт таңырқай қарасты. Шын мәнінде Жанин Луидің асырап алған қызы іспетті еді. Сіңірі шыққан кедей шахтёрдан 6 жасар Жанинді бақуатты Луи сатып алып, өзі тәрбиелеп, кәмелетке толған соң, үйленеді. Жанин болса Луидан өлердей қорқатын. Дегеніне көніп, бар айтқанын бұлжытпай орындауды парызы санайтын. Ал Луидің есебі ішінде. Кедейдің қызын алып, оны тәрбиелеп, басқа адам етіп шығару мақсаты болған-ды. Бірақ ойы жүзеге аспайды. Жанинді қалай қатаң тәрбиелесе де ойындағыдай  «супер адам» етіп шығара алмайды. Бұл сәтсіздікке жаны күйген Луи бәрін басынан бастаймын деп шешім қабылдайды. Енді икемге көнбеген Жанинге бала тудырып, сол баланы нәресте кезінен тәрбиелеп, айрықша адам жасап шығаруды көздейді. Мод осылайша туған әкесінің экспериментіне айналады.

5 жасқа толғанда Модты әкесі үйден шығармай, оқытуға кірісті. Миын үздіксіз дамыту мақсатында оқудан басқа ешнәрсе ойлатпай, ойнатпай қатаң бақылауда ұстады.

Үйіндегі жан-жануарлардан басқа ешкімді көрмейтін Модтың достары үйрек пен ит қана болды. Әкесі мықты адам жануарлар тілін түсінуі тиіс деп санап, қызына итпен, құспен сөйлесуді бұйырды.

Мод көбіне музыкамен айналысты. Әкесі барлық аспаптарда ойнауы керек деп шешіп, танымал аспаптардың бәрін үйретті. Тіпті, адам сөйлесе, миының дамуына кедергі деп, сөйлеуіне тиым салды. Тек «ақылды ой» айтатын кезде ғана сөйлеуіне рұқсат берді. Қаптаған тиымдардан кішкентай қыз шатасып, не сөйлеу керегін білмей, үндемеуді дұрыс көреді. Ал анасы болса, Луидің өзін «супер адам» қылып шығарам деген тәжірибесінің  нәтижесіз болуына мен кінәлімін деп ойлап, аузын ашпайтын.

Күйеуін «Дидье қожайын» деп атайтын Жанин енді қызының «супер адам» болып шығуы үшін тер төгіп жүрген күйеуіне жан-тәнімен көмекке ұмтылды.

Луи Дидье қызын тексеріп, үздіксіз «тест» жасап, әлсіз тұстарын дамытуға күш салатын. Бір күні Луи қызының егеуқұйрықтан қорқатынын байқап қалады. Сол күні кішкентай Модты үйдің жертөлесіне қамап, қимылдамай, медитация  жасауын бұйырады. Түні бойы егеуқұйрықтардың ортасында қорқыныштан қалшылдай дірілдеген Модты таң алдында ғана анасы жертөледен шығарып алып, дереу музыкамен айналысуға мәжбүрлейді. Луидің айтуынша бұл кезекті «сынақ тесті» болатын.

Жыл өткен сайын мұндай «сынақтар» үдей түсті. Түні бойы көртышқандар мен егеуқұйрықтар ортасында киіміне қоңырау ілініп тасталған Мод, тым-тырыс отыратын. Сәл қимылдаса қоңырау сыңғырлап, кеміргіштер қоршап алатын. Апта бойына аш қалдыру, ұйықтатпау, суық бөлмеде ұстау секілді «жаттығулар»  жасау бұйырылады. Кейде апталар бойы сөйлемеу сынағы да жиі болатын.

Мод іштей Құдайға қорлықтан құтқаруын сұрап жалбарынады. Қатігез тәжірибе жасаушы әке айрықша адамның басты ерекшелігі санасының күштілігімен қоса физикалық күшінің де кемелінде болуы маңызды деп санады. Қызына цемент, құмды қолғапсыз тасытып, апталар бойы ауыр жұмысқа салды. Ұйқы уақытын азайтып, бөлмесіне мүлдем от жақтырмайды. Суық бөлмеде  ылғал тартып тұратын төсекке Модты жұп-жұқа киіндіріп жатқызатын.

Әкесі Модтың бір нәрседен ләззат алып қоймауын қатты қадағалайды. Сондықтан дәмсіз ас берді. Дәрумендер мен тәттіге шектеу қойды. Айрықша адамның ағзасы бәрін өзі өндіріп шығаруға бейімделуі керек деп санаған Луи қызының тек суық сумен жуынуына рұқсат етті. Барлық уақытта қатты орындыққа отырғызды. Алкогольді ішімдікке ағзасы төтеп беруі үшін 9 жасынан ішімдікке үйретіп, біртіндеп вискидің ең күшті түрін рюмкелеп беретін жағдайға жеткізеді. Бұл қатаң тәртіптің бәрі кішкентай қызды дәмді тағамды ұрлап жеуге және үнемі өтірік айтуға мәжбүрледі. Түнімен үй ауласындағы баққа қашып кетуді әдетке айналдырады. Бірде түнімен бақты кезіп жүрген кішкентай қыз бағбаннан зорлық көреді. Бірақ бұл сорақы оқиға туралы әке-шешесіне тіс жармайды.

Мод 16 жасқа толғанда әкесі амалсыз музыка мұғалімін жалдайды. Себебі қартайған Луидің қызына аспап үйретуге шамасы келмейтін. Жаңа мұғалім денесі көгеріп, қолы жара-жара боп жүретін Модтың үйінде жағдайы дұрыс емес екенін байқап, сабақты өз үйінде оқытуды талап етеді. Оқумен қатар саз аспаптарын сататын дүкенге жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Мод сол кезде алғаш рет болашақ жары Ришар Жюльенмен танысады. 18 жасында Ришарға тұрмысқа шығады. Әкесі  мен қартайып, көмек керек болған кезде шақырам, сонда үйге қайта ораласың деген шартпен ғана үйленуіне рұқсат береді. Луи әбден ауру меңдеп, қартайғанда Модқа үйге қайт деп бұйырады. Бірақ Мод Жульен тұңғыш рет әкесін тыңдамайды.

18 жыл әкесінің тұтқыны болған Мод қоғаммен араласуды білмейтін. Адамдармен қалай қарым-қатынас құруды түсінбей қатты қиналады. Бойжеткен қызға қоғамда өзін ұстауды басынан бастап үйренуге тура келеді.

Жөн-жосықсыз жасалған жылдар бойғы «сынақ тесттері» Модтың денсаулығына да  зор нұқсан келтіріп, түрлі созылмалы дертке шалдығады.

Мод Жульен бала кезгі қорқынышты өмірін ешкімге айтпай, жылдар бойы жасырып келді. Күйеуі Ришар да ештеңе білмейтін. Мод жантүршігерлік оқиғасын 1981 жылы әкесі өлгеннен кейін барып жария етті.

Ол «Әлемдегі жалғыз қыз» («The Only Girl in the World») деп аталатын автобиографиялық еңбек жазып, әкесінің ақылға қонымсыз идеялары мен күйзеліске толы қорқынышты балалық шағы туралы баяндады. Әлем халқы оқып, таңғалған туындының біреуін Мод анасына беріп жібереді. Кітапты оқыған Жанин қызының бұл ісін әке еңбегін бағаламағаны деп қабылдап, әлі күнге «Дидье қожайынын» ақтап бағады.

Қазір Мод Жюльен білім алып, психотерапевт мамандығын игерген танымал тұлға. Бала күнінде қатаң тәжірибе нысанына айналған ол қиын тағдырымен күресіп, жеңіп, бүгінде қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созып жүр.

«Өмірдің ауыр сынақтарына төзуге болады. Себебі, әрқашан қиындықтан шығар жол бар» деп жан күйзелісіне ұшыраған жандардың көкіректеріне үміт отын жағады.

Үміт үзілген сәтте өмір де мағынасын жоғалтатыны шындық.

Жарыққа ұмтылу керек.

«Жертөлеге» қамап, қоғамнан бөліп, адамның асылын жасау, жетістікке жету әсте мүмкін емес.

Айнұр Саламат

 

 

MalimWomen айдарынан оқи отырыңыз:

 

Шатуновтың қазақ анасы

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

Синдутай Сапкал: Өмірде тап болған қиындықтарға құрметпен қара! 

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

"Шашы ұзынның ақылы қысқа" ма?

 Протез аяқпен Босфорды жүзіп өткен Бақытгүлдің бақыты

 

Байланысты жаналықтар

Қазақ боксындағы қола дәуір

06.08.2021

Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейге белгі қойылды

13.12.2020

Алтын алған боксшыларға жүз мың доллардан беріледі

08.11.2021

Қатар футбол додасын неге қараша-желтоқсанда өткізеді?

17.11.2022

Карикатура сөйлесін

29.06.2021

Айнұр Саламат: Сынық коньки

05.02.2021
MalimBlocks
Қазақ боксындағы қола дәуір

Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейге белгі қойылды

Алтын алған боксшыларға жүз мың доллардан беріледі

Қатар футбол додасын неге қараша-желтоқсанда өткізеді?

28 күнге созылатын доп додасы «мундиаль» тарихындағы қысқа мерзім

Карикатура сөйлесін

Айнұр Саламат: Сынық коньки