Қазақстандық боксшылар Париж олимпиадасының бес жолдамасын жеңіп алды
Әйелдер құрамасы лицензия ала алмады.
Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Париж Олимпиадасының лицензиясы үлестірілетін әлемдік турнир өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасының ерлер және әйелдер арасындағы 11 боксшысы (6 ер, 5 әйел) қатысып, ұлттық құрама қоржынына Париж Олимпиадасының бес жолдамасын салды. Бұл туралы Туризм жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Париждегі Олимпия ойындарына жолдаманы ерлер бәсекесінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов (51 кг), әлем чемпионы Сабырхан Махмұд (57 кг), әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг), әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (80 кг) және 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Айбек Оралбай (92 кг) жеңіп алды.
«Бокстан Италиядағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп, Париждегі дүбірлі додаға жолдама жеңіп алған былғары қолғап шеберлерін құттықтаймын. Ел жанкүйерлері қашан да боксшылардан үздік нәтиже күтеді. Сіздер бұл жолы жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құрама қоржынын маңызды лицензиялармен толықтырдыңыздар. Енді Олимпиадаға дайындықты күшейтіп, Париж төрінде топ жаруларыңызға тілектеспін», - деді Туризм жəне спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Бұған дейін бокстан Қазақстан еншісінде екі жолдама болды. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдеге ие болып, Париж Олимпиадасының жолдамасын алған болатын.
Ал әйелдер құрамасы лицензия ала алмады.
Айта кетейік, ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 Олимпиаданың жолдамасы үлестірілді.
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі