Сәпиев-Зелимханов жанжалы. Елеусінов пен Ильин не дейді?
"Мен де ақ пен қараны ажырату үшін күттім".
Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов инстаграм парақшасында Алматыда өткен Batyrball турнирінде Серік Сәпиев пен еркін күрестен спорт шебері Зелимхан Мусиханов арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді.
«Екі күннен бері талқыланып жатқан Серік Сәпиев ағамыз бен спортшының арасындағы болған жағдай туралы айтып кеткім келеді. Мен де ақ пен қараны ажырату үшін күттім. Барлығын көрдім, эмоция кернеп тұрғанда артық айтпау үшін қалай болғанын күттім. Жігіттікі дұрыс емес, өйткені Серіктің қолында доп болмады. Доп болмаған соң олай лақтырудың қажеті не? Ол жерде жарақат алуы мүмкін еді. Басқа ойыншыларға да көріп жатырмын, оларды да доп жоқ кезде лақтырып жатты, бірақ жанжал болған жоқ, өйткені олар қатты лақтырмады, итеріп немесе жайлап орнына қояды, бірақ бұл жерде ол биіктен «қадап» жіберді. Бұл жерде ызамен істелген сияқты. Серіктің эмоциясы түсінікті. Мұнда ол жігітті ұрды дейді, ал жігіт Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және кубок Вэл Баркер иегерін білуі керек», - деді Елеусінов.
Екеуара жанжалға қатысты ауыр атлет Илья Ильин де пікір білдірді. "Жігіттер қатені мойындап, дер кезінде түзеді" деп жазды ол әлеуметтік желіге.
Еске салайық, Batyrball ойыны (күрес аралас баскетбол) кезінде Серік Сәпиев балуанмен жанжалдасып қалды. Балуан Зелимхан Мусиханов Сәпиевке қарсы күрес әдісін қолданған, бұл боксшыға ұнамай қалған, кейін төбелес басталған. Өзге ойыншылар спортшыларды ажыратып үлгерген.
Фото: Tengrinews.kz