Тау-тасы аңыз Баянауыл баурайы
Павлодар облысында тарихи орындары мен дара тұлғалары өте көп танылған аудан Баянауыл. Осы Баянауылға «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің меншікті тілшілері, өзге де әріптестер сапарлап барған екен, жолсапарларын бөліскенді жөн көрдік.
Әрине, облыстағы әр ауданның өзіндік шежірелі көне тарихы, сол жерден өсіп-өнген тұлғалары да, әсерлі табиғаты, өзен-суы, орман-тоғайы да жетерлік. Бірақ бір-бірінен шалғайда, облыстың әр шетінде орналасқанын ескеріп, Баянауылға қарай бір бағытты таңдағанымыз да осы.
Сонымен құрамында осы мақаланың авторы және «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Екатерина Бескорсая, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Диас Ораз, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы Нұрбол Жайықбаев, «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі Наталья Зинченко, облыстағы «Ирбис» телеарнасы, «Қағандық» қоғамдық қорының төрағасы Еркеғали Жанғазы, «Павлодарньюс» ақпарат агенттігінің тілшісі, фототілші Константин Шелков, бейнесюжет түсіруші Мейрам Өтегенов бар экспедиция таңғы сағат алтыда Баянауылға қарай жолға шықтық.
Қолымыздағы баратын бағыттарымыз жазылған параққа қарап-қарап қоямыз. Біз баратын Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесі 100 шақырым, Мұса Шорман кесенесі 85 шақырым, Қоңыр әулие шатқалы, Торайғыр ауылдарының да бағыттары жасалып, көрсетіліпті. Бұрынғыдай қиындықтар болмас, кесенелерге баратын жолдардың жөнделгенін де естіп қуанып келеміз. Бұрындары Ескелді алқабының алыс жол үстінде орналасқанын, жер шалғайлығын ескеріп, зиратына жолаушыға арналған пеш, шам, керосин, отын, ыдыс-аяқ, ат-арбаға қажетті құралдар сақталған көрінеді.
Бірақ біздің халықтың кесене, әулие, бақсы-балгерлерге деген ескі наным-сенімдері әлі жалғасып келеді. Кесене басына түнеу, жалбарыну басқа да жасалатын біртүрлі рәсімдеріне тоқтау болар түрі де жоқ-ау. Бұл жайды еліміздің әр өңірінде, аудан, ауылдарында қайта жаңартылған кесене, зираттардың көптігінен-ақ аңғарасыз.
Ел аузында айтылып жүргендей, әулие Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде зиратын салдырған екен. Алайда Кеңес өкіметі 50-ші жылдары мүрдесін көмдіріп, зиратын бұздырып тастайды. 1970 жылдары туыстары, немерелері, келіні бар, сол кездегі совхоз директоры бәрі бірге зиратты қайта көтереді. Мәшһүрдің немересі, соғыс ардагері Төлеубай Шәрәпиұлы, Нағи Ахметов ақсақалдар сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың қабылдауында болып, өтініш білдіргендері де себеп болса керек. Кейін 2000 жылдары Төлеубай ақсақал, Сүйіндік аға, келіні Нүрилә апа бастап, әулиенің басына кесене тұрғызу жайлы сауапты іс бастайды.
– Әне, қараңыздар, Ескелді алқабында атамыздың кесенесі көрініп тұр, – деді Рамазан ағамыз бізге дауыстап.
Баянауылға жеткен соң тобымызға аудандық «Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабдыләшім, жергілікті жердің танымал өлкетанушылары Рамазан Нұрғалиев, Ұлттық парктің инспекторы, Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы Алтынбек Құрманов қосылды. Аудан орталығынан шыққан соң жөндеуден өткен асфальт жолмен зулап жүріп отырып, Жаңажол ауылына, одан әрі Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне де келіп жеттік.
Ескелді бауырында – Мәшһүр мұрасы
Расында да, бұлттанып, күнде жаңбырға айналып, суытып кеткен ауа райы бір-ақ сәтте жылынып, жарқырап шыға келгені. Әулие атамыздың рухы жол сапарымызды құп көргендей-ау деп жақсыға жорыдық. Кесенеге кіреберіс 73 баспалдақтағы ғұламаның ғибратты сөздеріне тоқтай қалып үңілесіз. Жазуларды Баянауылдың гранитті тастарына тас қашаушы маман Өзкен Жәмінұлының ұлдары Қайыргелді мен Балта қашап жазған екен. Баспалдақтың саны ғұламаның өмір сүрген жасымен сәйкес екенін де айта кеткен жөн.
Ескелдідегі бұл кесене 2006 жылы бой көтерді. Көне түркі стиліндегі кесененің жобасын сол кездегі ректор Ерлан Арын бастаған С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университет мамандары жасаған. Жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Сондай-ақ сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған. Әрбір бөліктің көлемі – 8/8 шаршы метр, ал кесененің биіктігі 14 метр. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіреберісінде Құраннан аяттар жазылған.
Ал «Ескелді» мәдени-қонақүй кешені кітапхана, музей, зиярат етушілерге қызмет көрсетеді. Кәдімгі бір кішігірім қалашық сияқты.
Әрине, кесене тыныштықта болу үшін қонақүй кешенін басқа жерден де салуға болар ма еді деп ойлап қалдық. Ал музей меңгерушісі Әсет Пазыловтың айтуынша, (Мәшһүр Жүсіптің шөбересі) музейдің мақсаты – Мәшһүр Жүсіптің тарихи-мәдени және ғылыми мұрасын сақтау, насихаттау, ұрпақтарына жеткізу. Келушілерге рухани-мәдени танымдық экскурсиялар жүргізеді. Ғұламаның өмірі мен ғылыми еңбектері туралы жинақталған бейнебаяндар көрсетіледі. Әкімшілік бөлмелерінде музей құжаттары, жаңа заманға сай компьютерлік техникалар қойылып, интернет желісі тартылған.
Өткен жылы «Ұлттық мәдени игілік нысандарының» мемлекеттік тізіміне музейде тұрған ғұламаның «Кәләм Шәріп» құран кітабы, үлкен аталарынан қалған көне «Көк құран» кітабы, тұмары, мүйізден жасалған мүстек тіс тазалағышы қорабымен енгізілген. Бізге экскурсия жүргізген жас маман – Мәшһүр Жүсіптің шөпшегі Мадина Пазылова.
2018 жылы Жаңажолдың атауы Мәшһүр Жүсіп ауылы болып өзгертілді. Кесенеге келетін үлкен жолдың бойындағы ауылдың көрінісі көңілсіз, жинақылығы жоқ, көзге қораш көрінетін ауыл. Дәл жанында жарқыраған әулиелі кесенесі бар, туристер, қонақтар арлы-берлі өтетін ауылдың да жарқырап, ұқыпты, жинақы болғаны қажет-ақ.
Келесі бағытымыз – Мұса Шорманұлы кесенесі
Мәшһүр Жүсіп пен Мұса Шорманұлының кесенесінің арасы 60 шақырымдық жол. Мұса Шорманұлының кесенесі алыстан аппақ болып көрінеді. Ауылдың іші арқылы өтетін жол, тегі кесенеге баратын болғандықтан ба, енді ғана жөнделіп жатыр екен.
Ал 2018 жылы ауылда 1854-1868 жылдары Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған этнограф, фольклортанушы, өлкетанушы, ағартушы Мұса Шорманұлының 200 жылдығы аталып өтті. Кесенесі демеушілердің қолдауымен Теңдік ауылы (қазіргі Мұса Шорман ауылы) маңындағы Шорман әулетінің қорымынан бой көтерді. Ескі зират болғандықтан бұл жерде басқа да жерленген адамдар болуы мүмкін-ау деген де ой келеді. Зират ішіне кәдімгідей тас төселіп, кесенеге дейін жол, алаңша салыныпты.
Мұса Шорманұлы – қазақтың жас шәкірттерінің Ресейде білім алып, сауат ашуына жағдай жасаған адам. Абай мен Мәшһүр Жүсіптің замандасы болғаны айтылады. Кеңестік кезеңде Мұса Шорманұлының аты аталмады. Қазір Баянауыл елі Мұса мырза есімін осылай қайта жаңғыртып отыр.
Кесене салуға бастамашы болған сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуынша, бір ғасырдан астам уақыт Мұса және Сәдуақас Шормановтар жатқан зираттар топырақ астында қалған. Құрылыс басталар алдында көптеген археолог жұмыс істепті. Баянауыл ақсақалдары Мұса мырза бейітіне қойылған көне тасты сақтап бүгінге жеткізген екен. Бұл да бір баянауылдық ерекшелік деуге болар. Мұса Шорманұлының тұрған ағаш үйінің орнына, 1903 жылы ашылған алғашқы қазақ-орыс мектебінің орнына тас қойылыпты. Бұл үйде Шоқан Уәлиханов бірнеше рет болған. 1890 жылы суретке түсірілген бұл ағаш үйлердің суреттерін Ленинградтағы Кунтскамерадан археолог Тимур Смағұлов алып келіпті.
Кесенеден кейін пайдалануға берілген ауылдағы мәдениет үйінде Бұқар жыраудан бастап, Шорман би, Зейнеп Шорманова, Мұса Шорманұлы, Сәдуақас Шорманов, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышевқа арналған бұрыштар тарихи тұлғалардың рухын жаңғыртып, еске салады.
Баянауыл жазбаларында Шорман би, оның қызы, Шоқан Уәлихановтың анасы – Зейнеп Шорманова, әкелі-балалы Мұса, Сәдуақас Шормановтар туралы дерек көп. Сәдуақас Шорманов – аға сұлтан Мұса Шормановтың үлкен ұлы. Мұса Шорманов қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың нағашысы екені жазылған.
Ал Зейнеп Шорманқызы 17 жасында Ақкелін елінен зор салтанатпен аттанып, Уәлидің қара шаңырағына түсіп, Шыңғысқа асыл жар болған. Мұса Шорманов Баянауыл сыртқы округін аға сұлтан болып, 15 жыл басқарады. Полковник шенін алған. Орыс, француз тілдерін білген. Абайдың әкесі Құнанбаймен қадірменді достар болған. Өз қаржысына Баянауылда мешіт салдырған. Ал ұлы Сәдуақас Шорманов ақын, бүкіл Арқаға беделді, қадірлі болыпты. Мәдиді түрмеден босатып алған деген деректер де бар.
Мұса Шорманұлы Баянауылда мешіт, медресе ашқан, тіпті, 1847 – 1849 жылдары Сібірден 60 мыңдай қазақты көшіріп әкелгені де таңқаларлық, яғни бүгінгі зерттеуді қажет етеді. Сібірде шығып тұратын газеттерге материалдар ұсынып, Географиялық қоғам ұйымдастырған көрмелер мен оның Г.Потанин, Н.Ядринцев, Н.Костылецкий сияқты мүшелеріне қазақтар жөнінде материалдар дайындап тұрған. Орыстың көпестері келе бастағанда оларға жол көрсетуші қазақтарға жер-су аттарын орысшаламау жағын қатаң тапсырғаны жайлы жазылады. Баянауыл орыстары оны «Большой господин», ауыл қазақтары «Мұса мырза» деп атаған.
Ал Қ.Сәтбаев атындағы ауылдық аумаққа Мұса Шорман ауылы, Көкдомбақ ауылы қарайды. Халық саны үш ауылды қосқанда 1227 адам. Шорманның ауылында 616 адам қалыпты. 2018 жылы Қараащы ауылының атауы Қаныш Сәтбаев ауылы, Теңдік – Мұса Шорман ауылы болып өзгертілген.
Қоңыр әулие үңгірі
Экспедиция әрі қарай Қоңыр әулие үңгіріне сапармен жалғасты. Үңгір де туризм бағыттарының бірі. Еліміздің киелі орындар тізбесіне енген өңірдегі 5 нысанның бірі. Жалпы бұл үңгір – жергілікті елдің кие санайтын жері. Үңгір биігінен Баянауыл ұлттық табиғи паркі қорының керемет жерлері көрінеді. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан. Үңгірге баратын баспалдақтың биіктігі 110 метр, бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метр. Шырақшы, өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, үңгір күмбез бөлігі мен қазандық бөлігінен тұрады. Күмбез бөлігіне сәлем беріп, бас иіп кірген келушілер қазандық бөлігіндегі судан дәм татады.
Негізі, үңгір орналасқан Қоңыр әулие шатқалы ерекше қорғалатын аймақ. Өсімдіктің алуан түрі, аңдар мен құстар мекендейді. Егер ескеретін болсақ, парк мамандарының айтуынша, табиғи тіршілікті сақтау үшін аймақта жол, құрылыс салуға және электр желісін тартуға болмайды. Туристерге де көліктермен келуге рұқсат етілмейді.
Бізбен бірге жоғары қарай үңгірге ауылдардың кәрі-жасы аралас тұрғындары да көтерілді. Шырақшының айтуынша, үңгірде Бұқар жырау, Абылай хан, Мәшһүр Жүсіп болған деседі. ХVІІІ ғасырдағы еуропалық және ресейлік патша шенеуніктерінің жазбаларында кездеседі. Мысалы, 1790 жылдары «Оренбургская топография» кітабының авторы Петр Рычков, Шоқан Уәлиханов, Григорий Потаниндер үңгірде болғандарын жазған екен.
Мысалы, 1826 жылы Қарқаралы отрядының командирі болған Карбышевпен бірге поляк Адольф Янушкевич хаттамашы болып Баянауылға келген көрінеді. Кейін ол 1846 жылы Парижден шыққан «Күнделіктер мен хаттар» деген кітабында осы Қоңыр әулие үңгіріне сапары жайында: «Мен осы киелі мекенде 18 күн, 18 түн болдым. Жаратқаннан Польшаға аман-есен жетуімді тіледім. Бар тілегім қабыл болды. Бүгінгі күні сағынам. Түсіме кіреді. Барғым келеді. Бірақ мен алыс Еуропадамын. Кімде-кім алтындай Сарыарқада болса, Баянауылға барсын. Осы киелі мекенге тәу етсін. Алақаны бос қайтпайды» деп жазыпты.
Торайғыр ауылы, Әулие бұлақ
Бір жақсысы, Торайғыр ауылы жол бойында. Мұнда келе жатып, «Құсайынның Найзатасы» мен «Кемпіртас» деп аталған табиғи мүсін тастың қасынан өттік. Осы екі тасқа бүкіл турист келеді.
Ал Торайғыр ауылы табиғаты көз сүріндірер жерде, тау ішінде, көл жағасында орналасқан. Сондықтан ба, әкімдіктегілер тілшілер келсе де, алыс-жақыннан туристер, қонақтар келе қалса да осы ауыл жаққа қарай ала жөнелетіні бар. Айнала биік шыңды, құзды тауларға көз жеткізе алмай, толқыған Торайғыр көліне ойша шомылып, таңдана қарап келеміз. Көл жағалай жүріп отырып, ақын Сұлтанмахмұттың ақ кесенесіне барып, тағзым еттік. Бір қуаныштысы – кесенеге барар жол жөнделіпті.
Ауыл тарихы Сұлтанмахмұттың атасының есімімен тығыз байланысты. Маңындағы жарқыраған көл де Торайғыр деп аталады. Көл биік құзды шыңдардың етегінде орналасқан. Шыңның атауы «Сәкен жар» екен. Сәкен Сейфуллиннің атымен аталу себебі, «Тар жол тайғақ кешу» романында жазушы азап вагонынан қашып, нағашы жұртын паналап, осы жартаста тығылғандығы айтылады.
Жергілікті зерттеушілер, тарихшылар болса, ертедегі темір дәуірінің көне ескерткіштері, қорымдары көлдің шығыс жағалауындағы демалыс аймағында қалғанын айтуда. Ертедегі үңгірлер мен тау тасындағы суреттер, қорғандар мен балбал тастар – ежелгі адамдардың қолымен жасалған құнды деректер. Жалпы Баянауылда табылған барлық ескерткіш түпнұсқа деуге болады.
Айтпақшы, қысы-жазы таудан ағып жататын суы тастай, мөлдір Әулиебұлақтың емдік қасиеті бар. Туризм саласының ардагері, Жұмагелді Дүйсекеев ағамыз бұлақ жағасында «Ақжан» туристік ақпараттық орталығын ашқан екен. Ауылға Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, Бразилия елдерінен де туристер келген.
Өзгеше ерекшелік
Иә, Баянауыл өлкесінің тарихы, табиғаты, осы өлкеде туып-өскен ғұламалары – бұның бәрі қазір Баянауылдың ерекшелігін, феноменін қалыптастырып, әлемдік деңгейде танылуына жол ашуда.
Бұл жерде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Жасыбай батырлардың бастауымен шайқастар өтті. Батырлардың ерлігіне байланысты түрлі аңыз сақталған. Мұрынтал ауылы аумағында Қазыбек бидің денесін салған сөре тақтай да осында сақтаулы тұр. Атақты әнші бабамыз Жаяу Мұсаның кесенесі де осы жерде.
Өлкетанушы Рамазан Дінісұлының айтуынша, Баянауылдың айналасы тұнып тұрған тарих, шежіре. Төбедегі «Қоңыр Әулие» үңгірі, Жасыбай батыр, әулиелі Мәшһүр Жүсіп, Үкібай би, Сұлтанмахмұт кесенелері, әлі көпке белгісіз Әбжалап әулиенің, Лекер, Мәуке қажылардың зираттары бар. Көкдомбақ ауылы жағындағы төбе үстіндегі Үкібай би кесенесі күңіренеді. Үкібай би Баянауыл сыртқы округінің негізін қалаушылардың бірі. Шоң мен Шорман билердің замандасы, олар биді қатты қадірлеген дейді үлкендер. Жаңатілек ауылы аумағында «Қазыбек бидің сөре тасы», Мәшһүр Жүсіп ашқан медресе орны, «Едіге бидің билік тасы», «Тотия ана», Мұстафа, Құрманбай, Мәстек абыздардың зираты жатыр.
Ал экспедицияның соңғы күні Баянауыл ауылындағы Қаныш Сәтбаев музейінде болып, ғалымның өмірімен, еңбек жолымен таныстық. Жуырда ғана шыға бастағанына 90 жыл толған «Баянтау» аудандық газетінің редакциясында болып, әріптестерімізді құттықтадық.
Әлия Ермекова аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысына, аудан әкімі Қанат Кәрімовке экспедицияға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Фарида Бықай