Жетілдірілген әліпби Unicode таңбалау стандартына сай
Ұлттың жаны тілінде. Ұлтты сақтау үшін тілді сақтау, оның негізгі ерекшеліктерін сақтау – басты міндетіміз. Ол міндетті атқару үшін ұлттың өзінің әліпбиі болуы шарт. Тілді негізінен әліпби арқылы сақтаймыз. Ал әліпби – белгілі бір тәртіппен орналасқан таңбалар жиынтығы. Ал таңба – тілдегі дыбыстың тұрпаты, оны танудың «сыртқы жамылғысы», түрі. Ол, негізінен, халықаралық ғылыми стандартқа жуықтатылып, оны қолданатын халыққа барынша түсінікті, көзге жағымды етіп жасалумен қатар, сол ел тілінің ұлттық ерекшелігі де ескеріліп әзірленеді. Бұл таңбаға «жамылғы» берудің басты ұстанымы болып табылады. Осы негізді басшылыққа ала отырып жасалған әліпбидің бірі – қазақ тіліне негізделген латын графикасы.
Бүгінгі қалың жұртшылыққа ұсынылған латынграфикалы жаңа әліпби 31 таңбадан тұрады. Ондағы үш таңба («ä», «ö», «ü») умлаутпен (¨), яғни әріптің үстіңгі жағына қос нүкте қоюмен берілген: zämzäm, käsıp, mäŋgılık, örıs, kösem, köbelek, ürdıs, ükımet, jügen. Умлаут дауысты дыбыстардың жіңішке айтылуын білдіреді және халықаралық фонетикалық әліпбиде бар диакритикалық белгі болып табылады. Ол түрік, әзербайжан, түрікмен, неміс, фин, швед және басқа 30 ел әліпбиінде ұшырасады. Бревис (˘) – әріп үстіндегі доға – қысқа дыбысты білдіретін таңба. Онымен «ғ» – «ğ» дыбысы белгіленген: ğalym, tabiğat, ğaryş. Седиль (¸) – дауыссыз дыбыстардың астындағы күршек – «ш» – «ș» таңбасын белгілеуде қолданылған диакритикалық белгі: şekpen, bolaşaq, alaş. Ол курд, португал, румын, түрік, француз және т.б. әліпбилерде пайдаланылады. Макрон (¯) – әріпүсті көлденең сызық – дауысты дыбыстардың созылыңқылығын білдіреді. Онымен «ұ» – «ū» дыбысы ұсынылады: mūqtaj, qūrmet, būlbūl. Байқағанымыздай, бұрынғы «ұ» дыбысын таңбалаудағы «белдік» тәріздес сызықша қазіргі әріпте жоғары жағына шығарылған. Бұл мектеп қабырғасындағы жасөспірімге оны жылдам қабылдап, игеруге өз септігін тигізері сөзсіз. Дауысты «Іі» дыбысы жетілдірілген әліпбиде бас және кіші таңбасы да нүктесіз «Iɪ» берілген: ırımşık, bılım, tıltanym. Сондай-ақ әліпбидің астынғы жағында «c», «w», «x» таңбалары цитаталық принциппен шеттілдік сөздерді жазу мақсатында ұсынылған. Мысалы: Coca Cola, Snickers, KFC, UFC, Mercedes, McDonald’s, Nescafe, Milky Way, BMW, Wella, Windows, Twix, Lexus, Galaxy, Rolex, т.б. Таңбалар жүйесіндегі басқа дыбыстар латын графикасына тән, көпшілікке таныс белгілер болып табылады. Олар физика, химия, математика, т.б. пәндерде, шетел сөздерінде ұшырасады. Сондықтан оларды меңгеру қалың жұртшылық үшін қиындық тудырмайды.
Жетілдірілген әліпби Unicode таңбалау стандартына, сондай-ақ «бір дыбыс – бір таңба» қағидатына сай келеді және қазақ тілінің табиғатын барынша дұрыс беретін графика болып есептеледі. Ең бастысы, түркі ақпараттық кеңістігімен байланыстыратын, тіпті әлемдік ақпарат кеңістігіне алып шығатын, заманауи байланыс жүйелерін еркін меңгере алатын ұлттық мүддеден шыққан әліпби деп айтуға толық негіз бар.
Қуаныш Ерғалиев,
орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты