АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты 200-ден астам тауарға қойылған жоғары импорттық баждарды жойды, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Оның ішінде кофе, сиыр еті, банан, апельсин шырыны сияқты негізгі өнімдер бар. Құжат 14 қарашада Ақ үй сайтында жарияланды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім АҚШ тұрғындарының азық-түлік бағасының өсуіне алаңдауы күшейген кезде қабылданған. Тарифтердің күші кері дата бойынша — 13 қараша түні жойылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл — Трамп саясатының айтарлықтай өзгеруі, өйткені ол жыл басында енгізілген жоғары баждардың инфляцияға әсер етпейтінін бірнеше рет мәлімдеген.
14 қарашада Air Force One бортында журналистердің сұрағына жауап берген Трамп, баждар «кей жағдайларда» бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін мойындады. Алайда оның сөзінше, АҚШ-та «іс жүзінде инфляция жоқ».
Сондай-ақ Ақ үй басшысы келесі жылы төмен және орта табысты әрбір америкалыққа 2000 доллардан төлеу жоспарын сақтайтынын айтты. Бұл қаражат — бұрынғы жоғары баждар арқылы мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер есебінен бөлінбек.