АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай 34 пайыздық тариф енгізуден бас тартпаса, бұл елге қарсы қосымша баж салығы енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
“Егер Қытай 2025 жылғы 8 сәуірге дейін, яғни ертеңге дейін, өзінің ұзақмерзімді сауда заңбұзушылықтарына қосымша 34%-дық өсімді алып тастамаса, АҚШ 9 сәуірден бастап Қытайға қарсы 50%-дық қосымша баж салығын енгізеді. Сонымен қатар, Қытай сұраған кездесулерге байланысты барлық келіссөздер тоқтатылады!” – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
4 сәуірде Қытай АҚШ-тың әрекетіне жауап ретінде америкалық тауарлардың барлығына 34%-дық тариф енгізетінін жариялады. Жаңа шаралар 10 сәуірден бастап күшіне енбек.
Фото: Chip Somodevilla/Getty Images