Әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев
1986-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеді.
Сағат Әшімбаев (1947-1991) - 1 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол ауданы) дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Баспасөз бетіне оның алғашқы тырнақалды мақалалары 1966-1967 жылдары аудандық «Советтік шекара», облыстық «Жетісу» газеттерінде жарияланды.
Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған ол кейін сол бөлімнің меңгерушісі болып істеді. 1973 жылы «Жас Алаш» газетінен «Жұлдыз» журналына сын және библиография бөлімінің бөлім меңгерушісі болып ауысады. Ол біраз жыл бойы осы әдеби журналдың алқа мүшесі болды.
1976-1979 жылдары «Жас Алаш» газетінде редактордың орынбасары болып істеді. 1974 жылы жарық көрген «Сын мұраты» атты алғашқы кітабына Қазақстан Жастар одағының (Қазақстан Ленин комсомолының) сыйлығы берілді (1976).
1979-1980 жылдары «Жалын» баспасында қызмет істеді. 1980-1986 жылдары Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің (ВААП) Қазақ бөлімшесінің бастығы. Осы жылдары қоғамдық негізде тағы бірқатар қызметтерді қоса алып жүрді: Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі болды. 1986-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеді. Ол 80-ші жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті бағдарлама жүргізді. Өзі теледидарға қызметке келген соң, осы хабарлардың өзектес заңды жалғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарлама енгізіп, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. Қазақстаннан тыс тұратын қандастарымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары да кезінде өте жоғары бағаланды.
С.Әшімбаевтың негізгі тақырыбы – сын жанры. Оның қаламынан туған зерттеу-талдау тұжырымы, көңілге қонымды сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жүйелі жарияланып тұрды.
Туған жері Райымбек ауданында өзі оқыған мектебі С. Әшімбаевтың атымен аталады. Алматы қаласындағы бір көшеге оның есімі берілген. Қазақстан Журналистер одағы тағайындаған С. Әшімбаев атындағы ең үздік телехабарларға берілетін жүлде бар.
«Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» секілді көптеген кітаптары жарық көрген.