Тәуелсіздік туралы өлеңдер

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.  Ақсарбас шалып, Алты Алашқа, күллі әлемге ұран тастап, Тәуелсіздік жариялаған күніміз – біздің ең асқақ, ең ұлық күніміз! Ұлттық мерекемізді жырлаған ақындардың жырларын назарларыңызға ұсынамыз.

Malim Админ

  • 29.11.2024

Нұрлан МӘУКЕНҰЛЫ

БОСТАНДЫҚ

Бостандықта сүрдiк пе бiз көп ғұмыр?
Азғана күн сәулелi үмiт төктi нұр:
Әлсiз шуақ қарт қазақты жылытып,
Жас қазақ сол бәсең отты сөктi бiр..

Жасамыс жан «шүкiр», дедi бүгiнге,
Жас арыстан, жан ашумен бүлiнбе,
Жаңғырамыз, дедi, түптiң түбiнде...
Парасаты тұнып тiл мен дiлiнде

...Парқы жетсе, нарқы кетпес сөздi ұқты.
Жастық жалаң қолмен алмас кездi ұқты...
Ұмытпауды ескердi алға басқанда,
Ту сыртынан қадалатын кездiктi...

Бұл Қазақпен танысыңыз әуел, Сiз.
Қазақ қазақ болғалы шын тәуелсiз.
Ел мен жерге еге, бүгiн көрiңiз,
Сүйiнiңiз, дос елсiз я жау елсiз.

Мекенiндей көңiлi кең халықтың,
Аспанынан нұрын құйды жарық күн.
Еш жарлығы жүрмейдi ендi Мәскеудiң,
Iске аспайды қулығы Ханбалықтың.

Егемен ел – жасыл туы жайнаған.
Егемен ел – қонаққа түс шаймаған.
Тағдырыңа «шүкiр» деуiн десем де,
Тiрлiгiңе түйiлiп, көп ойланам...

Қалқаман САРИН

ТӘУЕЛСІЗДІК 

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?

Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Отан-Ана

Ажал төніп тұрса да қарамай-ақ,

Тіпті өзімді бақытсыз санамай-ақ,

Белді бекем буам да Отан үшін

От кешуге дайынмын жалаңаяқ!

Мен ешқашан аңсаман басқа отанды,

Басқа отан – біздің талай тасқа таңды!..

Басқа отан жазықсыздан шырқыратып,

Көзімнен қан аралас жас та тамды...

Азуын ақсиытқанда сан арыстан,

Аьажаумен емеспіз аз алысқан.

Менде жалғыз Ана бар – туған анам,

Менде жалғыз Отан бар – Қазақстан!

Базарбай ИСАЕВ

Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!

Ендіктерді аралап еркін дүбір, 
Алаулатты керемет көркіңді нұр. 
Алақайлап аспанға атып тұрып, 
Берекелі бастағы бөркіңді бір... 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Қазақ елі азат, 
Қазақ жері азат, 
Қазақ ері азат, 
Бұдан нұрлы шақ бар ма? 
Бұдан асар бақ бар ма? 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Әдіптеді арманды әуелгі үміт, 
Кекете алмас қазақты жау ел күліп... 
Тәуелсіздік туындай биік еңсең, 
Кетті бүгін келмеске тәуелділік... 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Қазақ елі азат, 
Қазақ жері азат, 
Қазақ ері азат, 
Бұдан нұрлы шақ бар ма? 
Бұдан асар бақ бар ма?! 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Төрт түліктен майысып арқа, белдер, 
Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер... 
Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін 
Танығысы келмейтін тарпаң елдер... 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Қазақ елі азат, 
Қазақ жері азат, 
Қазақ ері азат, 
Бұдан нұрлы шақ бар ма?! 
Бұдан асар бақ бар ма?! 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Алмат ИСӘДІЛ

Қазақстаным!

Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!

Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!

Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың –                                                                              Қазақстаным!

Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!

Ерлан ЖҮНІС

МЕНІҢ АТЫМ - ТӘУЕЛСІЗДІК

...Алып қорғанның құлағанын көрдім, 
Небары алты жасымда, 
Алып тұлғалар жылағанын көрдім, 
Бастарын сүйеп ғасырға. 
Алып таулардың шайқалғанын көрдім, 
Алты жасымда соны ұқтым:
Алып сөздерді айта алғанын көрдім, 
Ат төбеліндей халықтың. 
Алып кітаптар торыққанын көрдім, 
Сол сәтте-ақ одан безінгем, 
Алып ойлардың қорыққанын көрдім, 
Ең бір нәзік сезімнен. 
Алып сағаттар тоқтағанын көрдім, 
Өлшенді уақыт жаңадан, 
Алып жүректер ақталарын көрдім, 
Алты-ақ жасар баладан. 
Алып құрлықтар теңселгенін көрдім, 
Темір бұғаулар тозғасын,
 Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім – 
Империяның көз жасын! 
Алып мұхиттар толқығанын көрдім, 
Бір тамшы суға байланып, 
Алып тәждердің балқығанын көрдім, 
Елтаңбаларға айналып. 
Алып мүсіндер қирағанын көрдім, 
Сұлаған жаудай жебеден, 
Алып саналар жиналарын көрдім, 
Тұрғызу үшін жаңа әлем! 
Құрыштардың да шірігенін көрдім, 
Сен боса, болат, тас егіл! 
Темір шымылдық түрілерін көрдім, 
Сахнаға шықты жас өмір! 
Алты жасымда! 
Жылаған жоқпын, сұраған жоқпын анамнан, 
Сол күні жаңа әнұран айтып оралған, 
Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын 
Ұл жайлы Күннен жаралған. 
Түсінбесем де тыңдаймын, 
Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы... 
Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да, 
Аңыз ұнаған Жаралған Күннен Ұл жайлы! 
Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»: 
Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір! 
Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте 
Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін. 
Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті, 
Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті, 
«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек, 
Ол, бəлкім, менен Сөз күтті! 
Ал бүгін, енді, 
Тарихты өзім білемін, 
Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім. 
Ұлылық жайлы ойлайды басқа, 
Жап-жас шақ 
Ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім – 
Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың! ...
Тәуелсіздік ше? 
Ол – менің тегім, ұлдарыма оны дарыттым. 
Тәуелсіздік – мен, ол – менің асқақ аңызым, 
Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн!!!

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ

Көк тудың желбірегені -
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені -
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі-
Көк тудың желбірегені.

Көк тудың желбірегені-
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені -
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені.

Ерлан АХМЕТ

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУ ЕТУ

Ағыл да тегіл арындап арман ағысы,
бүтіндеп бойын бүрленді бүкіл бақ іші. 
Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын 
табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы. 
Қағанаттардан Қазақстанға жеткендей, 
қамшы салдырмас қазанаттардың шабысы. 

Айбаты асқақ арыстандайын алыстым, 
Абылай болып жаныштым мысын Шарыштың. 
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек – 
алты алаш үшін құрбаны болған Намыстың. 
Қайрат пен Ербол, Сәбира, Ләззат көз жұмған 
Желтоқсандағы ызғарлы желмен қағыстым. 

Дүние жүзі мойындап тұрған Барыспын, 
қайтпас та қайсар қазақ атыммен таныспын. 
Ғылымда шыққан биігін әлем құптаған, 
Марғұлан Әлкей, Имантай ұлы Қаныштың. 
Төріне барып келсе де сонау ғарыштың, 
текті ғой жұртым тәубесін білген табыстың. 

Самалы ескен Мұғалжар, Ембі, Тұранның, 
Сарыарқа төсін шарлаған қайсар Қыранмын. 
Еркіндік құрған жеріме төнген қатерге 
естірткен үні жаңғырып шыққан ұлармын. 
Сан ғасыр бойы иыққа тіреу іздеген 
сан алуан ұлттың саясы болған шынармын. 

Тіні мен тілін, діні мен ділін сақтаған түпкілік тегім – 
Көк Түрік, Ғұн мен Сақ бабам. 
Тарихын тасқа қашаған ұлы Күлтегін 
мұрасын мәңгі санаға құйып жаттаған. 
Әкені – Таудай, ананы Күндей көретін 
халықпыз дана баланы балдай баптаған. 

Қасиет тұнған, құт қонған мекен – аймағым, 
қастерлеп дәйім ұйытқан бірлік қаймағын. 
Терезесі тең төрт құбыламды сайладым, 
Астанам – айбын, айдыным менен айбарым! 
Ерлігім, есіл өрлігім бойды қуаттап, 
тік ұстап келем Тәуелсіздіктің байрағын! 

Ұмытылмайды өткізген зарлы, шерлі күн, 
ұрпаққа мирас етерде осы теңдігін. 
Ұлықтай берем арыстарымды азаткер, 
Ұлы Даламның аманаттаған кеңдігін. 
Мерейің тасып, мәртебең өссін, өрелім, 
мызғыма, жұртым, Мәңгілік болсын елдігің! 

Бауыржан ҚАРАҒЫЗҮҰЛЫ

Қазақ 

Алпыс екі тамырымда ой балқып,  
Өлең аңқып өзегім.  
Кешегімнің күлгін сәулелі іздерін,  
Бүгінгімнің күрсінісінен іздедім.  
Көкірегімде ақ раушан бүр жарып,  
Бір Аллаға жүгіндім.  
Сайтан билеген санаға іштей дұға оқып,  
Күнәлі ісіне үгілдім.  
Тұманнан тұнған тамшыдай мөлдір болса да,  
Кірпікке ауыр мұң ілдім.  
Кеше…  
Кеудемде Күн тұтылып,  
Жанарымда Ай қорғалап. 
Көмейімде үнім тұншығып,  
Самайымнан сорым сорғалап,  
Таңдайымда Тілім бұралып,  
Жылт-жылт еткен жылтыр сөзбен мақталып,  
Өзімнен шыққан сасықтың сыбырымен сотталып,  
Арсыз саясат арлы жанымды шайнаған!  
Әдет-ғұрпым әміріне тапталып,  
Аңғалдығымды айласына байлаған,  
Түйсігімді түрмесіне қамаған!  
Күліп тұрып, күңірентіп,  
Қасиетімді қанаған –  
Ей, тәубәсіз тоталитарлық тор қоғам,  
Имансыз идеологияңа түкірдім,  
Ибалы жұртты арбаған!  
Қызғаныштың жирен демінен жаралып,  
Менің Ұлттық Ар-Намысымды қорлаған,  
Сенің сайқал саясатыңның шатасы ––  
Қызыл жағалы итақайын айтақтап,  
Обалымның бет ауызын қанатқан,  
Боздақтарымды талатқан.  
Көз алдымда көзін уқалап жетім мұң,  
Өткенімде өшім кетіп,  Өкіндім!  
…Бақ тілеп мына нұрлы да нұрлы ғаламға,  
Баталы байтақ даламда,  
Құдаймен ғана дос болып,  
Сабырым тұнған санамда –  
Мен – Қазақ деген ақынмын!  
Сегіз қырлы өткір сөзіммен  
Адырнасын тартып ақылдың,  
Адыра қалғыр арам пыйғылға ақ жебе болып атылдым! 
…Азаттық!!! деп аппақ тілекпен,  
Ұлы далалық жүрекпен,  
Абақтыдан айқайлаған арыммен;  
желтоқсанның қар-мұзындай ызғарлы –  
қан сасыған сан ғасырдың табымен;  
көкшіл түнде көкке ұмсынған Тәңірлі –  
Көк бөрінің зарымен;  
жан дүниемнің жасын жаңбырын селдетіп…  
Соқыр заман мен Ақырзаманның арасын,  
Өлеңімнің музыкасымен тербетіп,  
Жалап жазып, жүрегімнің жарасын,  
Елім деген есті үмітке елжіреп,  
Көк байрағым желге қарсы желбіреп!  
Ауызымда аласұрып қызыл тіл,  
Тәуелсіздігіме сүйініп,  
Таңдайыммен табынып,  
Маңдайыммен иіліп,  
Қан майданда қаным сіңген топырағымда тебіреніп,  
Уай, Әділет!  
Алдыңда  Теңіздей толқып сөйледім!!!  

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ

АМАНАТ

(Әлиханның монологы)
Балға басқа,
Орақ ойға тигелі,
Бір алапат өртке оранды жан іші.
Кемерінен дариядай толқыған
Қызыл жалау, жалау емес қан исі.

Қызыл түстен жамырайды елес боп,
Құба мекен, құсни дос тел өскен.
Сол «бейнелер» құтқар дейді қол бұлғап,
Әттең, шіркін...
Естімейді оны ешкім.

Естіртпейді
ауызынан от бүркіп,
Тесік өкпе,
кәрі Кремль жөтеліп.
Содан кейін...
Темір торда сөз өліп,
Көзде қалды шел ішінде бітеліп.

Жусан көрсең,
жұпарын жұт дұға оқып,
Бағзы бір иіс бұрқырасын өткеннен,
Әр тал жусан тағдыры ғой қазақтың,
Көлдей тұнық
көз жасына көктеген.

Көк тамырдан суалғанша соңғы қан,
Мен қазақтың Азаттығын сусадым.
Доңыз демі топырағыма тимесе,
Дұшпан көрмей өссе дедім ұрпағым.

Осы серттің түбінде тұр шын байлам,
Сол үшін де
жолға түстім көк тайғақ.
Азат таңның шапағына боялған,
Армандадым...
Аспан түсті көк байрақ.

Қияметке жетер біздің еркіндік,
Оған куә қызыл қаным төгілген.
Бұл қазаққа енді ешқандай өлім жоқ,
Серт етемін
Махшар таңның мөрімен.

Езден алас,
Асқақ болсын ғұмырың,
Ел деп өткен ердің сойы бөлек қой.
Құдайға да қарайтындай қасқайып,
Бір өлімің сұлу болу керек қой.

(Құбылаға қаратпаңдар жүзімді),
Айтарым сол,
Бір жүк түссін арқаңнан.
Азат елдің көк аспанын күзетіп,
Мен жатайын...
Жатқызыңдар шалқамнан.

MalimBlocks
Наурыз туралы өлеңдер

Наурыз туралы жырлар топтамасы.

Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков

Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды.

Ел мен Отан туралы өлеңдер

Отан – оттан да ыстық. Отан туралы, туған жер туралы жырларды тебінбей оқу мүмкін емес. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу үшін ақындардың ойлы жырларын оқытудың маңызы зор.