Аймақтағы басылымдар мәселесі Астанаға жетті
Облыстағы қараусыз, қолдаусыз қалған газет-журналдар мен сайттарға үкіметтің назары ауыпты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйытқы болуымен Астанада өңірлік мерзімді басылымдарының жұмысын жақсартуға арналған форум басталды. Қазмедиа орталығында өтетін бұл жиын екі күнге жалғасады (25-26 қаңтарда өтеді).
Расын айту керек, соңғы бес жылда аудандық басылымдардың басынан бақ тайған еді. Оған біріншіден, сағат сайын қарыштап дамып жатқан цифрлы технология әсер етті.
Екіншіден, бұрын жергілікті әкімшіліктің қолдауында болған басылымдардың бәрі жекенің қолына өтті. Жекенің қолына өткен соң көптеген аудандағы басылымдар ғимаратынан айырылып қалды, ұжымдағы журналистерін қысқартуға мәжбүр болды. Мұның бәрі газет сапасына әсер етіп, таралымнан қағылды. Сондай-ақ, баспа шығындарын өтейтін қаржы табу тіптен қиындап сала берді.
Осындай қиындықтарға тап болған аудандық газет-журналдарда сайт ашып, әлеуметтік желіде парақша жүргізуге де шамалары келмей қалған еді. Дегенмен, кейбір ауданда шығып жатқан газеттер керісінше, республикалық басылымдардан таралым жағынан да, сапа жағынан да басым түсуде.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аймақтағы журналистер мен басылым редакторларын Астанаға шақырып, форум өткізуінің негізгі мақсаты да осы – аудандық газет-журналдарды, сайттарды тығырықтан бірігіп алып шығу.
«Форумда журналистік материалдарды жазудың жанрлық түрлері мен стилистикасы, дәстүрлі және жаңа медиа, аймақтық БАҚ-ты дамыту, медиа кеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселесі, конвергентті журналистика, басылымдардың сапасын арттыру және аудиториясын кеңейту, оларды оқырманға уақытылы жеткізу мәселелері талқыланады. Қатысушысы баспа БАҚ саласында тың тәжірибелермен танысып, кәсіби идеялар тыңдайды» делінген министрлік таратқан баспасөз баянында.