Ахметов Жақсылық Омарды сынап тастады

Malim Админ

  • 28.01.2021

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласының әкімі Жақсылық ОМАРДЫҢ жұмысын сынға алды. Бүгін облыс әкімдігінде өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланған еді.

«2019 жылғы деңгейге қарағанда 117,4% өсіммен 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алайда Өскемен қаласы бойынша көрсеткіш небәрі 69,8%. Бұл айқын кемшіліктер үшін нақты жеке тұлғалар жауапты екенін атап өткім келеді. 100% қаржыландыру бола тұра тұрғын үйді іске қоспаған Өскеменге үлкен сын. Сондықтан бұл қала әкімі Жақсылық Омар мен орынбасарым Бақытжан Баяхметовтың жіберген қателіктері. Бұған қоса, Құрылыс басқармасы мен қала әкімі биылғы қазан айына дейін бір де бір шаршы метр тұрғын үйді іске қосуды жоспарға алмаған. Жұма күні аталған мәселе бойынша тағы жиналыс өтеді, жауапты тұлғаларға толық ақпарат дайындау тапсырылды», - деді Даниал КЕНЖЕТАЙҰЛЫ. 

Жақсылық МҰҚАШҰЛЫ 2018 жылдан бері Өскемен қаласының әкімі. Шығыс Қазақстан облысына 2009 жылы сол кездегі өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ көмекшісі болып келген. Ішкі саясат, мәдениет басқармаларында басшылықта болған. Және облыс әкімінің идеология бойынша орынбасары қызметін атқарған. Айтыстың басы-қасынан көрініп, домбыра тартатынын көрсетіп жүретін шенеунік шаруашылықтан алыстау.

Жалпы бұл Даниал Ахметовтың Жақсылық Омар бірінші рет айтып отырған сыны емес. 2019 жылы Өскемендегі тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерген өңір басшысы  «ВК Техногрупп» ЖШС, «Service СМУ» ЖШС мердігер мекемелері атқарып жатқан жұмыс көңілі толмаған. Құрылысты қадағалауы тиіс қалалық әкімдік міндетін нашар орындауда деген еді.

Фото: facebook.com

MalimBlocks