Кітапқұмар балалардың республикалық байқауы аяқталды
Цифрлық дәуірде балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру маңызды
Еліміздің мектеп оқушылары Астанада бас қосты. 1-2 қараша күндері жас өрендердің қатысуымен елордада республикалық балалар оқулары байқауының қорытынды шарасы өтті. Цифрлық дәуірде балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру маңызды. Сонымен қатар, бұл мазмұнды шара олардың қазақ және шетел әдебиетімен танысып, жылдам оқу, логикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған.
Республикалық кезеңде еліміздің әр аймағынан іріктелген 63 оқушы 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмасын орындады. Сондай-ақ, эссе жазып, сыни ойлау және ойын дұрыс жеткізу шеберлігін көрсетті. Ал байқаудың аудандық кезеңіне 8-10 сыныптың 10 024 оқушысы қатысса, облыстық кезеңде 767 оқушы бақ сынаған.
Қазылар алқасының шешімімен 1 орынды 8-сынып бойынша Ақтөбе қаласы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Абылай Ержанов, 9-сынып бойынша Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айша Бағдат, 10-сынып бойынша Түркістан қаласы Ш.Қанайұлы атындағы №2 жалпы ортамектебінің оқушысы Арайлым Ширимбекова иеленді. Сондай-ақ II, III орын жеңімпаздары мен байқауға белсенді қатысқан оқушыларға да арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, жазушы Қуаныш Жиенбай, публицист, жазушы Шархан Қазығұл, Назарбаев Университеті кітапханасының директоры Джеральд Кавана және Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.
Еске салайық, балалар оқулары байқауы биыл дәстүрлі түрде 3-рет ұйымдастырылды. Шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты және Назарбаев Университеті бірлесе өткізді. Сайыс барысында Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеген балаларға арналған Tanym мобильді қосымшасы таныстырылды. Озат оқушылар Назарбаев Университетіне және ҚР Ұлттық музейіне саяхат жасады.