Наурызнама. Киіз үйдің мән-мазмұнын ұғындырған шара
Алтын зерлі күн мен қара барқыт түнді теңестіретін наурыз мейрамының тағылымды мән-маңызы ерекше. Осы мерекенің негізгі нышанының бірі есебінде көшпелі қазақтың құты - киіз үй саналады. Киіз үйдің де біле білгенге мазмұны ерек. Неге десеңіз, ұлтымыздың қастерлі тұрағы ержүрек батырды, сұңғыла би-шешенді, аспантекті ақынды, қай-қайсын болсын теңестіреді. Ешкімге басын ие бермейтін бұлардың бәрі де ақшаңқан киіз үйге еңкейіп кіреді, шаңырақтың егесіне, қастерлі дәмге, табалдырыққа сәлем беріп төрге озады.
Биылғы наурызнама көпкүндігінің мәдениет және ұлттық дәстүр күнінде Астанада киіз үй құрудан арнайы тағылымға толы дәріс өткізілді.
«Асыл мұра – киіз үй» тақырыбында ұйымдастырылған мазмұнды шара
Қ.Кемеңгерұлының атын алған №49 мектеп-гимназиясында шымылдығын түрді.
Бірнеше қанатты ақ ордамыз – қазақ өмірімен тұтасып кеткен құндылық. Десек те, қазіргі дәуірде киіз үйді жөнімен тігіп, қайтаданжығып, ретімен жинау тәртібін өскелең ұрпақ біле бермейді. Оның жабдықтарын да жүйесімен орнықтыра білу асқан тәжірибені қажет қылатыны түсінікті. Көрнекті этнограф Ақеділ Тойшанұлы осы бір салт-дәстүр, жоралғымызды түсіндіру мақсатында шеберлік сыныбын өткізуді ұйғарыпты. Мәні терең іс-шара биылғы жылы екіншірет жалғасын тауып отыр. Дәстүрмен біте қайнасқан дәрістте мәдениеттанушы мектеп шәкірттеріне киіз үйді дұрыс тігудің әдісі мен жолын, оңы мен солын үйретті. Оның пікір-пайымынша, киіз үй – төрткүл дүниеде бірегей, сән-салтанатымен, қайталанбайтын нақышымен өзгешеленіп тұратын төл сәулет өнері. Қазақтың бағзыдан бергі тұрғынжайының пәлсапалық, материалдық тиімділігі көп.
«Киіз үй әлемнің шағын үлгісі іспетті. Себебі, біздің назарымыздағы кеңістік шеңбер құрып, дөп-дөңгелек болып тұрады. Мұндағы энергия алмасу жүйесі тқртбұрышты үйлердегі сияқты кедергіге тап болмайды. Ал шаңырағымыз – аумаған күннің символы. Күннің сәулесі ең әуелі шаңырақтан саулап түседі. Онда иілгіш ағаштар төрт-төрттен айқастырыла қойылған. Бұл – бабаларымыздың дүниенің төрт бұрышына ие боламыз, төрт тарапқа да тең қараймыз деген таным-сенімінен туындаған формула»,- деді ол.
Үй жабдықтарының ережеге сәйкес орналасуы, керегенің кеңге жайылуы һәм таңғыштарының байлануы, сықырлауықтың ағатсыз бекуі, шаңырақтың жоғары көтерілуі, уықтардыңретімен шаншылуы, басқұр-бауларының дұрыс кірігуі, киіздері мен шилердің жабылуын мектеп оқушылары қызыға тамашалады. Жеткіншектерге әрбір заттың маңызы жөнінде толықтай түсіндірілді. Мастер клас аясында сегізқанатты боз орда құрылды.
«Ал уық шаншығанда төңірекке түгел эстетикалық сипат береді. Яғни, уық күннің таралып тұрған сәулесін еске түсіреді. Ақ ағаштан жасалған уықты жоса деген қызыл-сары реңкті тас бар. Соны қазақтар отқа қыздырып, одан бояу алып, қызылмен сырлайтын болған. Жалпы халқымыз қызыл түске құмар келеді. Оның да өзіндік себеп-салдары бар. Қызыл дегеніміз – зеңгір аспандағы күн. Қызыл деген – лаулап жанған от. Ол – адамның қызыл қаны. Одан қанымыз бойда тасып тұрсын деген түсінікті байқаймыз. Сондықтан, өсіп-өнсін, оттай лаулап, күндей жайнап тұрсын деп қызыл түспен бояғанды жөн санаған. Шаңырақты бақанмен көтереді»,-деп түсіндіреді зерделі зерттеуші Ақеділ Тойшан.
Оқушыларқастерлі үйдің құрылу тәртібін осы шарада жете ұғынғандай болды. Оны этнографты қаумалай қойған сұрақтарынан анық аңғардық. №55орта мектептің 7«В» сыныбында оқитын Ақбота Мамай үшін шеберлік сыныбының үйреткені көп болыпты. Өскенде этнодизайнер болуды мұрат тұтатын шәкірт түйген ой-пікірін жасырып қала алмады.
«Бұған дейін киіз үйдің қалай құрастырылатынын білмейтінмін. Экраннан, кітаптан оқығанымыз болмаса, өз көзімізбен қалай тігілетініне куә болмағанмын. Енді уығы қалай шаншылатынын, кереге қалай қойылатынын үйренген секілдімін. Этнограф Ақеділ ағаның шеберлік дәрісі пайдалы болды. Мысалы, әкелердің қай жерде, аналарымыздың қай жерде, қыздардың қандай орында отыратыны туралы қызықты деректер айтқаны ұнады. Аналарымыз отаудың құт-берекесін жинаушы. Олар құтты заттарды сандыққа салып сақтайды. Қонақтар сәлемдемені ең алдымен әже-аналарымызға берген екен. Сонымен қатар, бізге яғни қыздарға арнаған өсиет-өнегелер танымымызды ашты. Қыздың киіз үйдің неге оң жағында отыратынын түсінікті тілмен жеткізді. Яғни қыз бала қонақ. Ұзатылғанда оң жақтан шығуы керек. Ертоқым, сәукеле сияқты заттар да үйдің осы жағына орналастырылады екен”, - дейді озат оқушы ағынан жарылып.
Сөз арасында мәдениеттанушы киіз үйдің насихаты жайында да тың дерекпен бөлісті. "Ордамызды Еуропаға апарып бір өзі құрған адам – Қоңыр Мандоки. Сонда тамыры бізбен бір, туыстас ұлт қыпшақтардың бойында ұлттық коды оянып, атқа мініп, киіз үйдің ішінде өнерін көрсете бастаған. Осылайша олар елдігінің байрағын жоғары көтере бастады. Бүгінде Еуропада көшпенділердің ауқымды Тұран құрылтайын өткізіп келеді. Оған меймандар дүние жүзінен келіп, арнайы қатысады. Құрылтайды сән-салтанатпен атап өту үшін мыңдаған ақ шаңқан киіз үй құрады. Олар ақ боз үйді брендке айналдырып отыр. Киіз үйді осылай жаңғыртуға болады. Сол арқылы ұлттық мәдениетті өркендетіп, салт-дәстүріміздің аясын кеңейтуге болады",-деп пікір білдіреді ол.
Ұлттық дәстүр күнінде ән-шашуын ала келген көрнекті әнші Досымжан Таңатаров осындай шеберлік сабақтарын республика деңгейінде жалғастырсақ деген ұсынысын жеткізді.
“Мәдениет және ұлттық дәстүр күнінде қолға алынған шараның берері мол. Көшпелі тіршіліктің төл туындысын құрып шығару – дүбірлі той секілді өткен. Оны құрудың да тәсілін, жөнін меңгерген абзал. Тәлімге тұнып тұрған жиын мемлекеттік аренада өткізілгені жөн”, - деді өнер саңлағы.
Оқушылар да өз кезегінде салтанатты сегіз қанатты киіз үй ішін әнге бөлеп, күймен көркемдеді. Домбырадан әсерлі әуен шалқытып, өнерлерін ортаға салған жас өрендер мерекенің ажарын кіргізді.