Қазақстан жеңіл көлік өндірісі бойынша 35 орында
Қазақстан жеңіл көлік өндірісі бойынша 39 елдің ішінен 35 орынға жайғасып, көршілес Өзбекстан мен Ресейден қалып қойды.
«2021 жылдың бір ширегіндегі жеңіл көлік өндірісі бойынша жасалған рейтінгіде Қазақстан 39 елдің ішінен 35 орынға жайғасты. Осы уақыт ішінде Қазақстан 17,6 мың жеңіл көлік жасап шығарған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,7 %-ға көп», - делінген Energyprom мониторингтік агенттігінің хабарламасында.
Аталмыш рейтингіде Қытай (5 млн автокөлік), Жапония (1,9 млн), Үндістан (1,1млн) көш бастап тұр.
ТМД елдерінен Ресей 365,2 мың автокөлік жасап, 9 орында, ал 44,5 мың көлік жасап шығарған Өзбекстан 29 орында тұр.
Көрсеткіші Қазақстаннан да төмен шыққан Беларусь – 5,3 мың авто, Украина – 1,7 мың және Әзірбайжан – 408 автокөлік жасап, рейтінг соңына жайғасқан.
Дереккөз: Energyprom.kz
Қазақстанда ағымдағы жылдың сегіз айында 47,5 мың жеңіл жолаушы көлігі жасап шығарылған. Автокөліктердің көп бөлігі Қостанай облысы (30,8 мың) мен Алматыда (16,8 мың) жасалған.
Сондай-ақ, агенттік таратқан хабарламада биылғы жылдың тамыз айындағы дерекке сәйкес, жаңа жеңіл автөкөлік құны 10%-ға, ал жүрілген көлік бағасы 9,9 %-ға өскені айтылған.
Айта кетейік, 2020 жылдың тоғыз айында өндіріс көлемі 17%-ға артқан болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында онлайн режимде өткен Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумына құттықтау хат жолдап, өндірушілерге алғыс білдіріп, машина жасау саласы өндіріс секторының көшбасшысына айналғанын айтқан еді.
«Пандемияның салдарынан болған күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, отандық машина жасау саласы жақсы өсім көрсетіп отыр. Осы көрсеткіш бойынша машина жасау елдің бүкіл өңдеу секторында көшбасшы орынға шықты», - деді президент.