Тегімізді қалай жазған жөн?
Тегімізді орыс тілінің -ов, -ев, -ин қосымшаларынсыз жазу азаматтар тарапынан кей жағдайда қолайсыздық тудыратыны жайлы баспасөзде, әлеуметтік желілерде, түрлі басқосуларда толастар емес, соңғы кездері жиірек сөз болып келеді. Күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселе төл жазуымыздың латын графикасына көшетін тұста көкейтестілігі арта түспек.
Осы мәселеге қатысты маман ретінде өз тұжырымымызды айтпақпыз.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейін, орыс тілінің –ов, -ев, -ин жалғауларын алып тастап жазу, аты-жөнімізді ұлттық үрдіске сай жазу мүмкіндігіне ие болдық. Сол кезден бастап азаматтарымыз орыс қосымшасынсыз жазу кісі есімінің қайсы, тегінің қайсы екендігінде қиындық тудыратынына сілтей бастады. Бұрын-соңды мұндай мәселе туындамағанын білеміз.
Өйткені кейбір ұлттардың тегінде Давиташвили, Церетели, Брегвадзе, Сароян, Дапкунайте, Банионис т.б. сынды тілдік маркерлер бар. Тілші мамандар, қатардағы азаматтар да кісі есімі мен тегін айыратын қосымшаны жалғап жазуды ұсынады. Қазіргі таңда қазақ аты-жөндері екі және үшмүшелі үлгімен жазылып келеді. Расында, қосымшасыз Қасен Амангелді сынды аты-жөнде көпшілік тегі қайсы, есімі қайсы айқындау қиын екендігіне сілтейді. Бұл жайында мынаны айтуға болады, ресми төлқұжаттарда, кейбір ісқағаздарында, мысалы, келісімшарттарда тегі міндетті түрде есімнің алдында жазылады, ал қалған жағдайда алдымен есімі, бар болған жағдайда әкесінің аты, соңынан тегі жазылады. Еуропалық, батыстық үлгі бойынша есімі тегінің алдында жазылады, мысалы, Кевин Бэйкон, Стив Мартин. Ал Шығыс, Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің антропонимдік жүйесі біздің жүйеге ұқсас келеді екен. Жапон, қытай аты-жөндерінде алдымен тегі жазылады, мысалы, Кобо Абэ, Китано Такеши, Ли Чженьфань т.б. Яғни көптеген еуропалық, азиялық тілдер мен мәдениеттерде тегі ешбір қосымшасыз қолданылады екен. Батыстық стандарт бойынша тегі есімнен кейін жазылады, соған қарап қайсысы есім, қайсысы тегі екендігі қиындықсыз ажыратуға болады. Сондықтан батыс баспасөз беттерінде кез келген аты-жөн, еуропалық, не азиялық болсын кісінің есімі бірінші орында жазылады. Еуропалық тілдердегі аты-жөндердің қосымшасы болмағанның өзінде фонетикалық ерекшелігіне қарай ажыратуға болады, мысалы, Ксешинскийдің поляк екендігі.
Қазақтың дәстүрінде фамилия деген болмаған, оның орнына ру, тайпа, әулет немесе әкесінің атымен аталған, оған көптеген тарихи тұлға есімдері куә: Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Райымбек Түкеұлы, Бопай Қасымқызы т.б.
Түркітілдес бірқатар халықтарда да ұлттық нышаны бар қосымшалар жоқ деуге болады, өзбек, қырғыз, татар, башқұр, ұйғыр, түркімен. Оларды фонетикалық ерекшеліктеріне қарап ажыратамыз, мәселен, Кутлумурат, Бахтиер, Сооронбай, Женишбек, Минигул, Дильшат т.б. Бұлардың ішінде қазақ есім-тектерінің де ерекшелігі негізінен бірден көзге түседі, мәселен, Тоқтар Жақып, Үсен Жылқайдар, Күләш Тоқтасын т.б. Сондықтан тегімізге арнайы қосымша ойлап таппай ақ, қалыптасқан тарихи дәстүрімізді, -ұлы, -қызы сөздерін қалауымызша тегі ретінде немесе үшмүшелі үлгіде әкесінің аты ретінде жазып, ұстанғанымыз жөн болар.
Жазуымыз латын графикасына көшкенде жаңа әліпбиіміздің ерекшелігіне қарай қазақ ономастикалық атаулардың, оның ішінде аты-жөндерімізді бұрмаламай, дұрыс жазып, ұлттық ерекшелігін бірден ажыратуға мүмкіндік туады. Латынграфикалы қазақ әліпбиі негізінде кісі аты-жөндерінің ережесіне есімді бірінші орында, әкесінің атын екінші, тегін үшінші орында жазу үлгісін ұсынамыз. Бұл тілші мамандар ғана шешетін нәрсе емес, өйткені мемлекеттік деңгейде республикадағы бүкіл құжаттандыру жүйесінің базасын өзгертуге тура келеді. Бұл оңай, бір күндік шаруа емес, біраз дайындықты қажет етеді.
Сонау 1917 жылы бірінші жалпықазақ съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан сөз алып: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп үндеу тастап, арнайы қаулы қабылдаған еді. Ұлттыққа шақырған осы үндеуге сай әрекет жасап, ұлттық идея орыстандыру саясатының қыспағына қалмағанда, әлдеқашан табиғи болмысымызды сақтап қалар ма едік. Әттең!... Тәуелсіз ел болғалы 30 жылдай өтсе де көп азаматтарымыз әлі күнге енжарлық танытып, орыстың жамау-жұрнағынан арылуға асығар емес.
Сондықтан ел боламыз десек, есімімізді түзейік, тектеріміздегі орыс тілінің қосымшаларынан арылайық, ағайын!
Қыздархан РЫСБЕРГЕН
филология ғылымдарының докторы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты