Миланда Қазақстан компанияларының алғашқы сауда-экономикалық миссиясы ашылды
Бұл Қазақстан-Италия қарым-қатынасын нығайтудағы маңызды қадам болды
Миланда «Қазақстан – Италия: Қазақстан жолындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Италия форумы басталды.
Бұл іс-шараға сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Италиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ Италия Сенатының Президенті Игнацио Ла Русса, Италияның туризм министрі Даниэла Сантанке және «Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини сияқты жоғары дәрежелі италиялық өкілдер қатысты.
Форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қаңтарында Италияға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Бұл Қазақстан-Италия қарым-қатынасын нығайтудағы маңызды қадам болды. Талқыланған негізгі тақырыптарға жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, фармацевтика және технологиялық инновациялар кірді. Сондай-ақ форум қатысушылары Қазақстанның Еуропа мен Орталық Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығы жайлы да сөз қозғады.
- Италия Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін және тауар айналымы бойынша үздік үштікке кіреді, - деді сауда министрі Арман Шаққалиев.
Ол ынтымақтастықты нығайту аясында «Made with Italy» тұжырымдамасын енгізуді ұсынды. Бұл тұжырымдама италиялық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарда өндірілген өнімді ілгерілетіп, тауарлардың халықаралық нарықтағы позициясын күшейтуге бағытталған.
«Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини бұл идеяны қолдап, бірлескен жобалар екі елдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратынын айтты.
Сондай-ақ форумда туризм саласындағы перспективалар да талқыланды.
- Астана мен Милан арасында тікелей рейстердің іске қосылуы туристердің қатынауына үлкен үлес қосады, - дейді Италияның туризм министрі Даниэла Сантанке.
Бұл бастаманың маңызды бөлігі - қазақстандық өнімнің Қазақстан аумағында ЕО және Италия нарығына жылдам шығуын қамтамасыз ету мақсатында еуропалық сапа стандарттарына көшу үшін алдыңғы қатарлы тәжірибе орталықтарын («Excellence Center») құру.
Форум аясында ашылған Италиядағы қазақстандық компаниялардың алғашқы сауда-экономикалық миссиясына ерекше назар аударылды. Миссияға ауыл шаруашылығы, мұнай сервистік қызметтер, тоқыма өнеркәсібі, туризм және IT сияқты секторларды қамтитын 50-ден астам қазақстандық кәсіпорын қатысты. «QazTrade» АҚ бас директоры Жеңіс Өсербайдың айтуынша, миссия жаңа серіктестіктердің дамуы мен перспективалы жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндіктер береді.
Шарада Maire Group, Ansaldo Energia, Filiera Italia, Confindustria Kazakhstan және басқа да жетекші компаниялардың өкілдері сөз сөйледі. Форумның негізгі мақсаты екі елдің үкіметтік және бизнес құрылымдары арасындағы өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін диалог пен идеялармен алмасуға арналған алаң құру болды. Бұл өзара сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Сауда миссиясы Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеу мақсатындағы B2B кездесулер және көрмелерге қатысу арқылы жалғасады.
Айта кетсек, 2023 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 7,8%-ға өсіп, 16,1 млрд долларды құраған болатын. Қазақстан экспорты - 14,8 млрд долларды, импорт – 1,2 млрд доллар. Ал 2024 жылдың 8 айында тауар айналымы 33%-ға өсіп, 13,8 млрд долларға жетті, қазақстандық экспорт 36%-ға өсті (12,9 млрд доллар). Негізгі өсу драйверлері: шикі мұнай (+38,1%), көмір (+309,5 есе), зығыр тұқымдары (+4,1 млн доллар), пропилен полимерлері (+71,6 есе) және т.б.
Форум аясында «Қазақстан Конфиндустриясы» қауымдастығы ұйымдастырған Қазақстан мен Италияның елдік тұсаукесері ұсынылды. Іс-шараға екі ел компанияларының өкілдері жиналып, одан арғы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау үшін диалог алаңы құрылды. Қауымдастық пайдаланатын экономикалық дипломатия құралдары энергетика, фармацевтика, аграрлық азық-түлік өндірісі және өнеркәсіп сияқты секторлардағы коммерциялық және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі