Олжас Бектенов Ақтаудағы бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты
Облыстың өнеркәсіптік дамуы мен келешегі бар өндірістерді іске қосу қосымша энергия қуатын қажет ететіні атап өтілді
Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Олжас Бектенов бірнеше кәсіпорынға барып, инфрақұрылымдық проблемаларды шешу және экономикаға жеке инвестиция тарту мәселелерімен танысты.
Ақтауда Премьер-Министр алдымен «қауіпті қызыл аймақтағы» 19 энергия көзінің тізіміне енген Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Мемлекет басшысы оларды жаңғыртуды тәртіпке сай аяқтауды тапсырған болатын.
Өнеркәсіп пен өңір халқының электр және жылу энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ететін МАЭК-тегі энергетикалық жабдықтардың тозуы 79%-ды құрайды. Өткен жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге бөлінді. Биыл республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бағытталды. МАЭК құрамына 3 электр стансасы, дистиллят және өнеркәсіптік жылумен жабдықтау зауыты, жөндеу зауыты, цехтар және реактор қондырғысы кіреді. Кәсіпорында 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
«МАЭК» ЖШС бас директоры К. Орақов биылғы қыркүйек айының соңына дейін екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеудің аяқталғаны туралы баяндады. Сонымен қатар МАЭК-тің қазіргі қуаты 500 Гкал болғанда, Маңғыстау облысында жылу тапшылығы 245 Гкал-ды құрайды.
Олжас Бектенов өңір әкімдігі мен кәсіпорын басшылығына жоспарланған жұмыстардың мерзімінде орындалуын, кәсіпорынның, инженерлік инфрақұрылымның, жалпы өңірдегі ТКШ нысандарының алдағы жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар облыстың өнеркәсіптік дамуы мен келешегі бар өндірістерді іске қосу қосымша энергия қуатын қажет ететіні атап өтілді.
Сапар барысында Премьер-Министр «ҚазАзот» АҚ қызметімен танысты. Экспортқа бағдарланған кәсіпорын Қазақстандағы аммиак пен аммиак селитрасының жалғыз өндірушісі саналады. Ауыл шаруашылығы үшін минералды тыңайтқыштар және тау-кен секторына арналған үшін химиялық заттар өндіретін аммиак-карбамид кешенін салу жоспарлануда. Жоба сапалы отандық тыңайтқыштарға деген қажеттілікті жабу арқылы аграрлық сектордың дамуына оң әсерін тигізеді әрі тұтастай алғанда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.
Ақтауда Олжас Бектенов 200 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз ететін «Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту барысымен де танысты. Өңірде бүгінгі күнге дейін ауыз су тапшылығы бар. «Каспий»су тұщыту зауытын кеңейту кәсіпорынның қуатын 2 есеге – 40 мың м3 дейін арттырады, бұл тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру үшін Үкімет резервінен қосымша 5,1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыстар 95%-ға аяқталды: теңіз суының және дайын өнімнің құбырлары, су дайындау цехының ғимараттары, тұзсыздандырылған судың сорғы стансасы, әртүрлі көлем мен мақсаттағы резервуарлар салынды; кабельдік желі төселді.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Ақтау қаласы, Мұнайлы және Қарақия аудандарының тұтынушылары үшін су тұщыту зауытын жаңғырту жобасының маңызын ескере отырып, Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп жыл соңына дейін жаңғыртуды уақтылы жүргізіп, пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Жалпы, Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы проблемасын кезең-кезеңімен шешу үшін қуаты тәулігіне 140,5 мың м3 болатын 9 су тұщыту зауыты мен қондырғыларының құрылысы жүргізілуде. Өңір басшылығына осы жобаларды жан-жақты қолдау жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Фото: primeminister.kz