Шағын кәсіпкерлер шілденің соңында қаржы ала бастайды
Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы басталғалы зардап шекпеген сала жоқ шығар. Мемлекеттік құрылымдарда да, нарықтық экономикада, салық және кедендік саясатта да көптеген қиындықтар туындап жатыр. Әр ел есік-терезесін қымтап, шекарасын бекітіп, сыртқа шықпай, ішке кіргізбей, уақытша болса да жабық саясат ұстануға мәжбүр болғанын есепке алсақ, бұлай болуы заңды да. Қазақ мұндайда «жүрген аяққа жөргем ілінеді» деп, бір ауыз сөзбен қайыра салыпты. Басқасы басқа, пандемия кезінде «жатқанға жан жуымайтынына» көзіміз жетті. Сол себепті, «тыныштық» кері әсерін тигізген салаларға әр мемлекет өзінше көмектесуге тырысып жатыр. Карантиндік шаралар әсер еткен ең негізгі сала – ел экономикасының тірегі болуға тиіс – шағын және орта бизнес деуге болады. Коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланған күннен бастап-ақ айтыла бастаған «шағын дәне орта кәсіпкерлікті қолдау» шаралары қалай іске асып жатыр? О баста бұл саланы жаппай қолдау үшін мемлекет қазынасынан 300 миллиард теңге бөлінгенін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқан.
Төтенше жағдай жарияланған наурыз айынан бастап-ақ шағын және орта бизнес өкілдері билікке жан-жақтан өтініш жазып, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына 33,5 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Өтініш – өздерінің қиын жағдайда қалғанын, мемлекет тарапынан болса деген түрлі қолдаулар жайлы ұсыныстар. Мемлекет бұл ұсыныстар мен өтініштерді сараптай келе: есепті мерзімінде өткізбеген кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылмайды; коммуналдық төлемдерді кейін бөліп төлеуге болады; бұдан бұрын жоспарланған тексерулер тоқтатылады; ірі сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, дене шынықтыру мен сауықтыру және спорт мекемелері, туризм, қоғамдық тамақтандыру мен қонақ үй саласындағы бизнес мүлік салығынан босатылады; 2020 жылы жеке табыс салығынан босатылады; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосымша құн салығы азаяды; салықтың барлық түрі мен басқа да міндетті және әлеуметтік төлемдерді өтеу мерзімі шілдеге дейін ұзартылады; қарыздарға өсім есептелмейді және салық, кеден, әлеуметтік төлемдерге берешекті өндіріп алуға тоқтам салынады; банк несиелерін 90 күннен кейін өтеуге мұрсат беріледі және несие бойынша өсім алуға мораторий енгізіледі; фермерлерге егіс алқабында жұмыс істеуіне рұқсат беріледі; Қазақстанда өсетін және өндірілетін бірқатар тауарларды (пияз, ақбас қырыққабат, сәбіз, тазартылмаған май өнімдері) экспортқа шығаруға рұқсат беріледі деген сияқты жеңілдіктер мен түрлі қолдаулар тізімін жасады.
Ол кезде негізгі меже – шілде айы болатын. Мәселен, несиені шегеру үш айға ұзартылды, құн салығы мен қарыздарға өсім есептелмейтіні де шілдеге дейін болған. Шілденің басында карантин шаралары қайта енгізілген соң бұл мәселелер қайтадан қолға алына бастады. Банктегі несені тағы үш айға созуға болатыны жайлы айтыла бастады.
Дегенмен, шағын және орта кәсіпкерлікті және жаппай кәсіпкерлікті қолдау шаралары тек карантинге қатысты жүргізілмейтінін айта кету керек. Пандемия пайда болмай тұрып құрылған жоспар шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шаралары жалғаса береді. Мәселен, осы шілде айының соңына қарай шағын және орта бизнес өкілдері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберіндегі алғашқы қолдауларға ие бола бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов айтты.
Шыңғыс Ахметовтің айтуынша, кредит 6 пайызбен кепілсіз беріледі. Мұнымен қоса, «Даму» қорының 80 пайыздық кепілдемелері бар кредиттер шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Оның сөзіне сүйенсек, қазір бизнесіне қолдау сұрап отырғандар аз емес және соның негізгі бөлігі – заңды тұлғалар емес, жеке тұлғалар. Бұл дегеніңіз, жеке кәсіпкерлікпен айналысушылардың санының қалай артқанын көрсетеді.
«Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорын ашу үшін шамамен 90 мың кәсіпкерлік субъектісінен өтінім түсті. Оның ішінде шамамен 16 мыңы - заңды тұлғалардан, 74 мыңы - жеке кәсіпкерлерден түсіп отыр. 2020 жылдың екінші тоқсанында, яғни, бизнес ашуға және жүргізуге барынша күрделі кезеңде 37 мың өтінім, оның ішінде заңды тұлғалардан - 6 300, жеке кәсіпкерлерден - шамамен 30 мың өтінім берілді», - дейді Ахметов.
Кәсіпкерлікті дамыту департаменті басшысының сөзіне сүйенсек, осы күнге дейін көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың нәтижесі қазірдің өзінде оң әсерін беріп жатыр екен. Айталық, қазір Қазақстан бойынша жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлер саны – жыл басындағы көрсеткішпен шамалас. Кейбір өңірлердегі «теріс трендтерді» есепке алмағанда, жалпы республика бойынша көрсеткіште 0,2 пайызға өсу байқалыпты. Демек, қиыншылыққа ұшыраған жекелеген салалық бизнестер мен кәсіпкерлер қиындыққа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды, дегенмен, жалпы көрсеткіш бойынша динамика сақталғанын айтады департамент басшысы.
Бұл динамиканы одан ары жандандыра түсетін келесі қадам – Ахметов айтып отырған «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы болуға тиіс. Бұл бағдарлама негізінде берілетін кредиттің негізгі ерекшелігі – жеңілдетілген субсидиялары мен кепілдіктер жүйесі бар, яғни, жобаны қаржыландыруды банк пен «Даму» қоры мақұлдайды. Осының нәтижесінде шағын кәсіп иелері 5 миллионнан 20 миллионға дейін бизнес жоспарына қарай ала алады.
«Қаржыландыру «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеусіз жүзеге асырылады. Кредитке кепілдік беру шарттары едәуір кеңейтілді. Түпкілікті мөлшерлеме - 6%. ...Айдың аяғында бағдарламаны қабылдау жөніндегі мәселелер шешіліп, кәсіпкерлер қаржы ала алады, - деп уәде берді экономист.