Сайлауда жеңіске жеткен созақ ауданының әкімі қызметіне кірісті

  • 07.11.2023

2023 жылдың 5 қарашасында пилоттық режимде өткен әкім сайлауының Созақ ауданы бойынша сайлау қорытындысымен Созақ ауданының әкімі болып Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлы сайланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықтың басым дауысымен қайта тағайындалған аудан әкімін аудан активіне қайта таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген тапсырмалары аясындағы жұмыстарды күшейтуді, инвестициялар тартып, ауданда өндірілетін өнім көлемін арттыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді.

– Тұрғындар сізге қайта сенім білдіріп, үміт артып отыр. Бұл – екі есе жауапкершілікті арттырады. Жұмысты жандандыру керек. Жаңа өндіріс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды жоғары жалақысы бар жұмыстармен қамтуға күш салу керек. Ауыл-аймақты назардан тыс қалдырмай, аудан орталығымен қатар дамытқан жөн. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Жаңа басшы өздеріңізбен бірге өңірдің дамуына аянбай еңбек ететініне сенім білдіремін, – деді облыс басшысы.

Жиында Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әбубәкір Сахиұлы сайлау нәтижесімен таныстырды. Созақ ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысты. Сайлаушылар тізіміне 35715 азамат енгізілді. Дауыс беруге 23948 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен Созақ ауданының әкімі болып 16016 дауыс жинаған Мұхит Сексенбайұлы Тұрысбеков сайланды.

Мұхит Тұрысбеков 1967 жылы Түркістан облысы (Оңтүстік Қазақстан облысы), Созақ ауданында дүниеге келген. 1991 жылы Қазақ химия-технология институтында, 1999 жылы «Қайнар» университетінде білім алған. Мамандықтары – инженер-құрылысшы және шетел тілін меңгерген халықаралық экономикалық қатынастар маманы. Ол Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аймақтық комитеті кадрлық жұмыс бөлімі және талдау, бақылау және қаржыны жайғастыру жөніндегі басқармасында басшылық лауазымдарда қызмет еткен. ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Солтүстік Қазақстан департаментінің басшысы,  Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының әкімі,  «Қуат жылу орталық-3»  МКК-нің директоры, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Созақ ауданының әкімі қызметтерін атқарған.

Өз кезегінде Мұхит Тұрысбеков сенім білдірген халыққа және облыс башысына алғысын білдіріп, аудан экономикасын көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданының даму қарқыны жақсы. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін нақтылау мақсатында облысқа қарасты аудан, қала әкімдерінің арасында 2023 жылдың  тоғыз айының қорытындысы бойынша рейтингі түзілді. Онда облыс әкімі тарапынан жүктелген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы және ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, өнеркесіп өнімдері, жаңа жұмыс орнын құру және тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстар толықтай қамтылды. Нәтижесінде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды мерзімінде әрі сапалы орындау рейтінгісі бойынша Созақ ауданы көш басына орналасты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін І кезеңіне Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды. Бағдарламаның ІІ кезеңіне Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері енгізіліп, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 264 азаматтың құжаты мақұлданып, 148 азамат 782,910 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар қарқынды. Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға 51 млн. теңге, 2023 жылға 657 млн. теңге қаржы бөлінді. Су тарату нысандарының орындары қоршалып, 30 шақырымға жуық су құбыры траншеяларға тасталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, Шолаққорған ауылы тұрғындары тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

 Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемелер анықталды. Жолдардың сапасын арттыру мақсатында осы жылы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қажетті қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыс саласы бойынша Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысына 245,5 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» жобасына 181,3 млн. тенге қаралды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы» жобасына 2 065,0 млн. теңгеге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Биыл республикалық бюджеттен 300 млн. теңге қаралды. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ Ыбырай ауылынан Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі жанынан 200 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Мұхит Тұрысбековке өзі бастаған осы істерді жалғастыру міндеті жүктеліп отыр. Созақ ауданын өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы дамыған аймаққа айналдыруға қайта жұмысына кіріскен әкімнің әлеуеті жете ме? Оны уақыт көрсетеді.