Тұрғын үй саясаты: Жаңа технология жаңа белеске жетелейді

  • 20.05.2021

Сонымен, қазақ даласына тез тұрғызылатын үй немесе қазіргі заманауи терминмен айтсақ, модульдік үй құрылысы қайтадан жаңарып келді. «Қайтадан жаңарып келді» деуіміздің себебі, сәулет пен құрылыс тарихын зерттеуші мамандардың айтуынша, адамзат ойлап тапқан ең алғашқы модульді үй ол – кәдімгі киіз үй екен.  Иә, тез жиналып, тез тұрғызылатын, тасымалдуға оңай, материалдарына шығын аз кететін киіз үй пайда болғалы бері адамзат тарихы керемет өзгерді.

Бүгінде құрылыс салу технологиясы қарыштап дамып кетті десе де, тұрғындарын баспанамен толықтай қамтамасыз етіп тастаған мемлекет кемде кем. Қаржы, құрылыс материалы, жұмыс күші қанша жерден жеткілікті болса да құрылыстың сондай мықты қарқыны адам санының өсуіне ілесе алмай келеді. Міне, осы үрдіс бүгінгінің «киіз үйін» салуға итермелеп тұрған жайы бар. Қазақ үкіметі бұл салада жеделдетіп үй салудың бір амалын тапқандай. Енді бастаған ісі оңынан жүріп кетсе, 16 қабатты көп пәтерлі үй кешені әдеттегідей 24 айда емес, небәрі 3 айда бой көтеріп шыға келмек. Тіпті, модульді үй технологиясы бойынша астанада алғашқы үй де салынып бітті. Оны көзбен көріп, танысуға премьер-министрі Асқар Маминнің өзі арнайы барды. Жалпы, Асқар Мамин үкімет жетекшілігіне келгелі бері ойынан бір сәтте модульді үй технологиясы шықпағандай.  Неге десеңіз, жаңа салынып жатқан Түркістан облысының орталығы, мегаполис мәртебесі бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын дамыту, облыс орталықтарын жандандыру, шағын қала мен аудан, ауылдардың көшін түзеуге, халықты баспанамен қамтамасыз етуге қатысты президенттің тапсырмасын орындау айналып келгенде тұрғын үй саясатын жетілдіруге келіп тіреледі. Ал жетілдіру дегеніңіз инновациялық дамусыз, инвестиция тартусыз жүрмейтін үрдіс. Осыны түсінген Асқар Мамин былтыр  астанада  ModeX зауытын ашуға күш салды. Мемлекет пен бизнес әріптестігімен BI Group холдингі ModeX зауытының құрылысы мен бірінші кезегін іске қосуға 10 млрд теңге инвестиция құйды. Дегенмен, осы қаржының 6,5 млрд теңгесін екінші деңгейлі «АТФ Банк» банкінен жылдығы 14 пайыздық қарызбен алса,  осы қарыздың 8 пайызын отандық өндірісті дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» өтеп беретін болып келісті. Яғни, ел экономикасына, құрылыс саласына қажетті зауыт салу үшін жеке меншік компания, екінші деңгейлі банк және мемлекеттік қор тиімді келісім шартқа отырды. Осындай ұтымды келіссөзбен басталған іс алға жүріп, зауыттың бірінші кезегі былтыр ақпан айында пайдалануға берілсе, үшінші кезеңі 2023 жылы аяқталады.

2023 жылға дейін зауаттың жобалық қуаты 500 мың шаршы метр тұрғын үй шығаруға жетіп, кәсіпорындағы тұрақты жұмыс орындарының саны 700-ден 1200 адамға дейін артпақ. Сөйтіп, бұл зауыт астанада жылына салынып бітіп жатқан тұрғын үйдің бестен бірін шығаратын болады. Әлбетте, біз бұл күнге дейін «зауыт үй шығарады» деп айтқан емеспін. Енді көп ұзамай «зауыт үй шығарады» деген тіркес қалыпты сөзге айналмақ. Өйткені модульді тұрғын үй технологиясы бойынша құрылысшылар енді құрылыс алаңында емес, зауыт аумағында жұмыс істеп жатыр.

«Тұрғын үйдің барлық блоктары зауытта дайын күйінде жасалады. Зауыттан терезелері, қасбеті, сантехникасы, кафель, тұсқағаз, ламинат, үй ішіндегі коммуникациялардың алдын ала орнатылған элементтері – құбырлар мен электр сымдары бар дайын бөлмелер жасалады.  Құрылыс жұмыстары даладағыдай лас жерде емес, зауытта таза жерде орындалады», - деп түсіндіреді зауыт директоры Қайрат Қасқанов.

Бұл технологияның және бір ерекшелігі енді құрылысшыға қара жұмысты емес, техника тілін үйренуге бейімдеп, жұмысын жеңілдетеді. Тұрғын үй құрылысы қысқа мерзімде аяқталатындықтан, тұрғын үйдің өзіндік құны төмендеп, нарықтағы баспана бағасы да арзандай түседі дейді мамандар. Қалай десек те, жаңа технологиямен 16 қабатты бір кіреберісті үй алты айда салынып бітіп жатыр. Бұрын мұндай үйді салуға 18-20 ай кететін.  Яғни, көп қабатты үйдегі әр қабатты небәрі 6-8 адамнан тұратын құрылыс бригадасы 1 күнде салып тастайды.  Бұған дейін бір қабатты салуға кемінде бір апта кетіп, онда 100 құрылысшы жүруші еді.

Сондай-ақ, ModeX зауытында АҚШ, Сингапур және Германияда қолданылатын ірі блокты үй құрылысының инновациялық технологиялары енгізілген. Яғни, заманауи жаңа озық технология құрылыс саласының одан әрі дамуына және жалпы алғанда, Қазақстанды индустрияландыруға серпін бермек. Мамандардың айтуынша, бүкіл әлемде мұндай зауыттар санаулы ғана екен. Астанадағы бұл зауытты құру үшін Германия, Италия, Түркия, Ресей және Қазақстан инженерлері бірлесе жұмыс істеген. Басты назар аударатын бір артықшылық, ірі блокты үй құрылысы климаттық жағдайларға тәуелді емес, яғни, Арқаның ақ шұнақ аязына енді қарап отырмайды,  өйткені жұмыстың 80 пайызы — арматура байламынан бастап, сантехниканы қоса алғанда, таза әрлеудегі модульдерді қалыптастыруға дейін зауыт ішінде жасалып, барлық процестерді жылдамдатады.

«Бұл құрылыс саласындағы инновацияларды дамытудағы маңызды қадам. Нарық жаңа технологияларды талап етеді. Менің ойымша, BI Group холдингі өте маңызды қадам жасады. Біріншіден, біз өндірістің технологиялылығын арттырамыз және нарық өте сапалы өнім алады. Екіншіден, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін компания алдына шаршы метрдің құнын барынша төмендету міндетін қойып отырмыз. Құрылыс – ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Зауыт ұжымын бірінші модульді блоктың шығарылуымен құттықтаймын!», - деген еді  премьер-министр қыркүйек айында модульді үйдің бірінші  блоктары зауыттан шығып, қаланатын тұрғын үй кешеніне жол тартқанда.

Енді міне, бүгін үкімет басшысы астанада модульді технология бойынша салынып біткен алғашқы көп қабатты үй - «7Я» тұрғын үй кешенінің сапасын тексеріп көрді.

 Модульді үй құрылысының сапасы қандай?

Жоғарыда ауданы 9 мың шаршы метр болатын 16 қабатты «7Я» тұрғын үйін салу үшін бар болғаны 6 ай уақыт кеткенін атап өттік.  Алдағы уақытта осындай модульдік тұрғын үй құрылысының мерзімін 3 айға дейін қысқартылмақ.  Үш айда 16 қабатты үй! Бұл сөзді естігенде көкейге бірінші келетін сөз оның сапасы қандай болмақ?

Мамандардың анықтамасы бойынша, модульдерді өндіруге қажетті негізгі материал — керамзитбетон. Кәсіпорынның темірбетон өнімі «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның жоғары беріктігіне, сейсмотұрақтылығына, ұзақ мерзімге жарамдылығына және шуды оқшаулауына жасалған сынағынан сәтті өткен.

Ұлттық инженерлік академиясының академигі, инженерлік салада есімі Қазақстанға ғана емес, алыс шетелдерде аңызға айналған, құрылыс жұмыстарына қатысты 25 заң талаптарын, 200-ден аса ғылыми еңбек жазып, саналы ғұмырының 60 жылын темірбетон мен бетон құрамына, құрылымына арнаған, бүгінде ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның темірбетон құрылысы зертханасының жетекшілік ететін Али Беспаевтың өзі модульді технология бойынша  тұрғызылатын үйге пайдаланатын керамзитбетонның сынағын тікелей қадағалапты.

«Модульді блок салмағы 20 тонна болды. 16 қабатты үйді салғанда техникалық коэффицентті есептегенде төменгі қабатқа 320 тонна салмақ түседі. Бұл жүкке мебель, үй тұрғындары, инженерлік жүйе және тағы да басқаларының салмағы қосылады. Осының бәрін ескеріп, біз сынақ жасағанда қысымды 900 тоннаға жасадық. Сынақ сараптамасына қарағанда тексергіш құрылғылар миллиметрдің ширегіне дейінгі дәлдікпен блоктың сапалы екенін көрсетті» деген еді академик ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында.

Мамандардың айтуынша, дәл осы технология бүгінде Германияда аз қабатты құрылыс үшін және Сингапурда 30-40 қабатты тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттар салу үшін кеңінен қолданылып келеді екен.
Модульдік үйдің мебелі де дайын

Заманауи модульді технология бойынша салынатын үйдің инновациялық жаңалығының бірі - мебелінің де дайындығы. Яғни, бұл технологиямен салынған үйге тұрғындар жиһаз іздеп әурге болмайды. Модульді құрылыс технологиясы бойынша салынған тұрғын үйді компания дайын жөндеу жұмыстарымен және отандық өндірістің – Шымкент пен Павлодар жиһаз зауыттарының кіріктірілген жоғары сапалы жиһазымен қоса, толық өткізеді. Онымен қоса, бұрынғыдай қалтаға құшақ кілт салып жүрудің қажеттілігі де жоқ. Пәтерлер саусақ ізі бойынша есікті ашу функциясы бар электрондық құлыптар, кіріктірілген қауіпсіздік жүйесі, IP-домофония және басқа да инновациялар тәрізді smart-опциялармен жасақталмақ. Яғни, модульді технология құрылысы тұрғын үй нарығын ғана емес, өңірлердегі Шымкент пен Павлодар қалаларындағы жиһаз зауыттарының да жұмысына оң серпін бермек. Бұл дегеніңіз жүк тасушыдан бастап түрлі қызмет көрсететін шағын және орта бизнестің де әлеуетін арттырмақ. Сосын, премьер-министр Асқар Маминнің өзі о баста ModeX зауытын ашуға барғанында да, осы зауыттан алғашқы блок шыққанда да, модульді технология бойынша салынған жаңа үйді көруге барғанында да нарықтағы үй бағасын түсіру, үй салуды тездету, құрылыс сапасын арттыруда енді алдағы уақытта осы модульді технологияға күш салатындарын ашық айтты. Тіпті, астанамен қоса, Алматы мен Шымкентте осы иновациялық-индустриялық үрдісті қарқынды дамытуға тапсырма берді.

 «Қазақстан бойынша үй құрылысы комбинаттарын ашып, ірі блокты үй құрылысы технологиясы бойынша тұрғын үй құрылысын ауқымды ету қажет. Бұл еліміздің тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымын салу көлемін кеңейту, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге ықпал ететін болады», — деген еді А. Мамин.

Жалпы, бір ғана астананы алсақ, 2021 жылдың 4 айында бұл қалада 709,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.  Ал жылдың соңына дейін қосымша 30 мыңға жуық пәтер, оның ішінде 2,3 мың әлеуметтік тұрғын үй пәтері пайдалануға берілмек. Ал Қазақстан бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауданы 17 млн шаршы метр 163,1 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда. Ал егер модульді технология Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында тезірек қанат жайып кетсе, құрылыс салу мерзімі үш есеге қысқарып, пайдалануға берілетін шаршы метрлер шарықтап кететінін үкіметтегілер де біліп отыр.

Айтпақшы, дүниедегі модульді технология бойынша ең алғашқы салынған немесе құрастырылған үй кәдімгі киіз үй екенін жоғарыда сөзіміздің басында айтып өттік.  Жалпы, шетелдік сәулетшілер, өнертанушылар киіз үй құрылымының сәніне, әдемілігіне, тұрмыстағы ыңайлығына, жауын-шашын, жел-боран, күннің ыстығы мен суығынан қорғайтын қасиеттеріне қатты таңқалады.

Ең алғашқы модульді үй- киіз үйдің соншалықты талғаммен салынғаны, құрастырылғанынан шығар одан кейінгі модульді технологияға жүгінген үйлер әлемді таңқалдырудан жалықпай келеді.  

Ал модульді технологиямен салынып, алыптығымен әлемді алғаш тамсандырған нысан 1851 жылы Францияда салынған Шыны сарайы. Оның   аумағы 90 мың шаршы метр.

 

Байланысты жаналықтар

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануда өзгерістер енгізілді

16.07.2024

Қазақстан олигархтары мемлекетке 1,07 трлн теңге қайтарды

16.07.2024

Қор нарығында доллар 2 теңгеге қымбаттады

16.07.2024

Министр Сәтқалиев газ бағасы көтерілетінін айтты

16.07.2024

Қор нарығында доллар арзандады

15.07.2024

Биылғы бірінші жартыжылдықтағы елдің экономикалық даму қорытындылары жарияланды

15.07.2024
MalimBlocks
Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануда өзгерістер енгізілді

Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді

Қазақстан олигархтары мемлекетке 1,07 трлн теңге қайтарды

Шетелдерден 736 млн доллардың активтері өндірілді

Қор нарығында доллар 2 теңгеге қымбаттады

Бір АҚШ долларының орташа бағамы — 474,62 теңге.

Министр Сәтқалиев газ бағасы көтерілетінін айтты

Тауарлық газдың бекітілген көтерме бағасы 23 мың 646 теңге.

Қор нарығында доллар арзандады

Ал Астана қаласы бойынша сату бағамы 471 теңгеден болса, сатып алу – 475 теңге.

Биылғы бірінші жартыжылдықтағы елдің экономикалық даму қорытындылары жарияланды

Өткен жылмен салыстырғанда сауда балансы жақсарып жатыр.