Астана қаласының полиция департаменті Каспий Құбыр Консорциумының бүлінген құбырына қатысты теріс пікір білдірген азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады.
Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сауалына жауапта айтқан.
Есіңізде болса, былтырғы қарашаның 29 күні Ресейдің Новороссийск айлағына шығатын Каспий Құбыр Консорциумының меншігіндегі құбыр Украинаның шабуылдарына ұшыраған болатын.
Сол жылдың желтоқсанының 17 күні мәжілістің отырысы кезінде депутат Айдос Сарым құбырдың бүлінуіне қатысты теріс пікірлерге құқықтық баға беруді сұраған. Депуттаттың ойынша, әлеуметтік желілерде осы шабуылды ашық қолдайтын жазбалар көбейген. Айдос Сарым мұны азаматтардың Конституциялық құқығы шеңберінен тыс әрекет деп есептейді. Осылайша, ондай көзқарастағы азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беріп, қазақстандық нысанға шабуылға ашық үндейтін адамдарды ҚР Қылмыстық кодексінің 256 (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) және 175 бабы (Мемлекетке опасыздық жасау) бойынша жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыру керек деген еді Айдос Сарым.