Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бүгінгі (17 желтоқсан) отырыс кезінде бас прокурор Берік Асылов пен мәдениет-ақпарат министрі әрі вице-премьер Аида Балаеваға сауал жолдап, биыл қарашаның аяғында болған Каспий Құбыр Консорциумына шабуылдың кейбір салдарын атап өтті.
Депуттаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде осы шабуылды ашық қолдайтын жазбалар көбейген. Айдос Сарым мұны азаматтардың Конституциялық құқығы шеңберінен тыс әрекет деп есептейді. Осылайша, ондай көзқарастағы азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беріп, қазақстандық нысанға шабуылға ашық үндейтін адамдарды ҚР Қылмыстық кодексінің 256 (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) және 175 бабы (Мемлекетке опасыздық жасау) бойынша жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыру керек дейді депутат.
Бұған қоса, Айдос Сарым мұнай құбырына шабуылды қолдау туралы үндеулердің дұрыс еместігі жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.