Халық “онкология” деген сөзден қатты қорқады - онколог-дәрігер қатерлі ісік жайлы
Жыл сайын елімізде 35 мың адамнан қатерлі ісік анықталып, он бес мыңға жуық адам онкология ауруларынан қайтыс болады. Ісіктің елімізде ең көп тараған үш түрі бар: сүт безі қатерлі ісігі, асқазан және өкпенің қатерлі ісігі. Malim.kz тілшісі жаман ауру жайында Онкология институты дәрігері, онколог - Рабиға Қыдырбаевамен сөйлесіп қайтты.
Қауіптің қайдан келерін білмейсің
Ісік қатерлі және қатерсіз болып бөлінеді. Естігенде бірден үрей тудыратын рак түрі - осы қатерлі ісік. Өкінішке қарай, ісіктің пайда болуының нақты себебі әлі күнге анықталмады. Анықталса, арнайы ем-домы, дәрі-дәрмегін ойлап табуға болар еді. Алайда қауіп факторлары белгілі: біріншісі - экология жағдайы, ауа ластайтын зауыттардың көп болуы, қоршаған ортаның бүлінуі.
Екінші фактор - генетикалық деңгей, алайда ол әлі нақты дәлелденген жоқ. Сүт безі қатерлі ісігінде деңгейі ең жоғары қауіп факторы осы генетикалық деңгей. Сол себепті ауырып, сырқат болып қалар күнді күтпей, қыз балалар гентестін тапсырып көруіне болады. Мутация бар екені анықталған күннің өзінде, бұл жүре келе қатерлі ісікке шалдығады деген сөз емес. Алайда осы мутация анықталған он адамның бесеуі кейін ісікпен күресіп жатады.
Бұл тест міндетті тексеріске кірмейді, бірақ кез келген адам өз қалауымен тапсырып көрсе болады. Туыстар бірінші және екінші реттік деп бөлінеді. Анаңыз, туған апа-сіңлілеріңіз бірінші болса, әжеңіз бен әпкелеріңіз екінші реттік туысқа жатады. Егер анаңыз ауырған болса, ісікке шалдығу ықтималдылығы 50 пайыз. Ал әжеңіз ауырып, анаңызда болмаған болса, қауіп сейілмейді, алайда ықтималдылық сәл де болса азаяды. Кейде ісік тіпті үш ұрпақты өткізіп жіберіп, берілуі де мүмкін екенін ескерген жөн. Жалпы қауіптің қайдан келерін бірден анықтау қиын. Генетикалық байланыс әзірге тек осы сүт безі ісігінде дәлелденген.
Дәрігер анасы қатерлі ісікке шалдыққан 18 жастан асқан кез келген қыз бала жыл сайын тексерістен өтіп, УДЗ-ге түсіп тұруына болатынын айтады. Негізі, әрине, тіпті ешбір жақыныңызда ісіктің болып-болмауына қарамастан, жыл сайын сүт безі УДЗ мен маммологқа қаралуды әдетке айналдырған дұрыс екенін айтады. Ал, қырық жастан асқан әйелдер үшін скрининг жүргізіледі, әр екі жыл сайын маммографиядан өтіп отыру міндеттеледі. Бұл тек сүт безі бойынша.
Адамдардың бәрі қатерлі ісіктен өледі, бірақ бәрі бірдей рак анықталғанша өмір сүре бермейді.
Қатерлі ісікте ең қауіпті фактор - зиянды әдеттер. Маман сөзінше, қатерлі ісікке шалдыққан күннің өзінде шылым мен ішкіліктен бас тартуға еш уақытта кеш емес. Себебі шылым шегуді тастаған науқастың нәтижелері ем-шараларды темекі тарта жүріп алған науқастан қарағанда әлдеқайда жақсырақ шығады.
Оқи отырыңыз: Басқа амал жоқ - эпидемиолог-дәрігер ревакцинация жайлы
Зиянды әдеттер ісік шақырады. Әлемде өлім көрсеткіші бойынша өкпенің қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Темекі шеккен он адамның алтауынан өкпенің қатерлі ісігі анықталады. Кейбіреулер өмір бойы темекі шексе де, ісік анықталмады деп шылымқорлық әдетін тастамайды. Ондай адам ісік шықпаған төртеудің қатарында уақытша жүргенін ескерген жөн. Жақында бір пациент келіп, елу жасында қайтыс болған анасы өмір бойы темекі тартса да, ісік ықтималдылығы болмағанын айтып мақтанғандай болды. Онкологтар арасында осыған қатысты мынадай сөз бар: Адамдардың бәрі қатерлі ісіктен өледі, бірақ бәрі бірдей рак анықталғанша өмір сүре бермейді. Жаңағы қыздың анасы елу жасында жол апатынан қаза таппаса, 60 жасқа келгенде өкпенің қатерлі ісігімен ауруы мүмкін еді. Жалпы зиянды әдетке неғұрлым үйір болсаңыз, өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдылығы соғұрлым арта береді. Дәрігер шылым шеккіштер өздерімен қоймай қасындағы жақындарына да үлкен қауіп төндіретінін айтады. Себебі науқастар арасында өмірі шылым шекпесе де, өмір бойы темекі шеккендей қатерлі ісікке шалдығатындар да болған. Неге десеңіз, пассивті шылым шегу деген бар: бір науқас “шылым шекпеймін”, “аузыма арақ алған емеспін” деп келді, ал өкпесі сырылдап, су жиналып тұрады. Ондай жағдайда “жаныңыздағы адамдар темекі тарта ма?” деп сұраймыз. Себебі күнделікті көрісетін, бірге тұратын адамы шылым шегетін болса, оның зияны шеккен адамға да, жанындағы адамға да бірдей тиеді.
Соңғы жылдары өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер қатары жыл санап артып келеді. Бұрын әйелдер үшін шылым аса қолжетімді, қызық нәрсе емес еді. Ал қазір темекі шегетін әйел өте көп.
Саусағыңыздың ұшы қышыса да, мойын тұсыңыз ауырса да, ғаламтор мұның себебін қатерлі ісікке сілтейді. Бұл ісік жақын күннен бері салаланып кетті деген сөз емес
Негізі рактан болған өлім-жітім көрсеткіші жүз жыл бұрын да осындай еді. Тек қазір ғылыми зерттеулер жасалып, мәліметтер көбейді, әр заттың өз атауы пайда болды. Алайда кез келген симптом онкология көрсеткіші деген сөз емес.
Рабиға Есенғалиқызы қатерлі ісіктің алдын алуда жергілікті емханалардағы дәрігер-әріптестері кейде салғырттық жасайтынын айтады.
- Өкінішке қарай, елімізде онкология көп жағдайда төртінші - ең ақырғы кезеңінде анықталып жатады. Дәрігер қырағылығы деген болады, бір жері мазалап, тексеріске келген науқастың денесінен қандай да бір өзгешелік байқаса, кішкентай да болса күдік пайда болса, жергілікті дәрігер науқасты тиісті мамандарға жолдауы керек. Көп жағдайда дәрігер сенімсіз болып, науқасты “Бәрі дұрыс” деп үйіне қайтарып жатады. Бірден онкологқа жіберсе, біз ісік ықтималдығы бар-жоғын айтамыз, есесіне науқас та, біз де бал ашып, күдікпен жүрмейміз. Жоқ болса, қуаныш, бар болса, барынша ертерек ем-шараға кірісеміз. Бұлай деуімнің себебі, ісіктің нақты бір өсу қарқыны жоқ, бір науқас ісік болса да, ешқандай сипмтомсыз бірнеше ай бастапқы кезеңде қалуы мүмкін, ал кейбірі бір ай ішінде бірден төртінші кезеңге дейін нашарлап кетуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Інім маған бүйрегі мен ұйқы безін беріп, өлімнен құтқарды
Ісік асқынып, аурудың төртінші кезеңінде онкологқа келген науқасқа көмектесу онкологтар үшін қиын. Дәрігер қатерлі ісік өлімінің көрсеткіші жоғары болуының негізгі себебі - ісікті ерте кезеңде анықтау ісі әлі де әлсіз екенін айтады. Маман сөзінше, науқастың ауыр жағдайда дәрігерге жүгінуі мемлекет үшін де өте тиімсіз.
Төртінші кезеңде дәрігердің емдеп алуы да қиын, одан бөлек бұл мемлекет үшін де қаржылық тұрғыдан шығын.
Мысалы, сүт безі қатерлі ісігін алайық. Бірінші саты: керегі - тек кішігірім ота, бірді-екілі жағдайда химиотерапия қажет болып жатады. Төртінші саты: отаға кірмес бұрын шамамен он рет химиотерапия, сосын ота, отадан шыққан соң тағы химия, сәуле беру процедулары, т.б. Ал химия мүлде арзан емес. Осындай науқастарыма әр 21 күн сайын химия жасаймын. Химияның бір курсының өзі 2-3 миллион теңге тұрады, осыдан-ақ бір науқастың өзі мемлекеттік бюджетке өте үлкен салмақ салатыны түсіретінін байқауға болады. Оның үстіне дәрігер ретінде алдыңа келген науқастың үзілген гүлдей күн сайын солып бара жатқанын бақылағаннан гөрі, аяққа тұрғызып жіберген дұрыс қой. Сондықтан науқас үшін де, мемлекет үшін де, дәрігер үшін де ісікті бірінші сатысында анықтау тиімді. Алайда әзірге адамдар, біздің қоғам осы қарапайым шартты түсініп, әрекетке көшуге енжар болып тұр.
Біздің қоғам үшін ауру болу ұят
Неге? Біздің қоғам үшін ауру болу - ұят. Бізде ел медицинасын жамандауға шебер. Алайда біздің онкология жақсы дамыған. Әлем бойынша тегін скрининг бағдарламасын ұсынып отырған елдер өте аз. Сізге (әйел адамдарға) тек қырық жастан асқан соң екі жылда бір маммографиядан өту керек. Оның өзіне емхана дәрігерлері артынан жүгіріп, қайта-қайта хабарласып, жалынып, сүйкімсіз болып шақырып жатады. Сондағы халықтың айтатын жауабы: “Жұмыстамын, уақытым жоқ”. Кейде дәл сол әйелдердің тырнақ, шаш боятып, сұлулық салонына уақыт тауып, осы бір маңызды тексерісті көзге ілмейтіндеріне жыным ұстайды. Әрине, скрининг тегін, сол себептен де үнемі ұзын-сонар кезек екенін жасырмаймыз, алайда, екі жылда бір рет болатын маңызды шара үшін жұмыстан бір күнге сұрануға болады ғой.
Ісік міндетті түрде ауыру сезімін тудырмайды
Бұл нәрсеге дәрігер шақыруы былай тұрсын, қыз-келіншектер өздері қызығушылық танытуы керек. Сүт безі ауруы, емшек тұсы сыртқы ерекшелікке қарай анықталатындықтан, қыздар өздері үнемі кеуде тұсын сипап, пальпация жасап тұруы керек. Денеңізде, кеуде терісінде қандай да бір түзілісті байқасаңыз, бірден дәрігерге жүгіріңіз.
Күнде сипайтын болсаңыз, өзгерісті бірден байқайсыз. Тағы мән беру керек бір нәрсе - ісік міндетті түрде ауыру сезімін тудырмайды. Денеңізде бөрітпе пайда болып, мүлде ауырмаса, бұл қауіпсіз деген сөз емес. Бізде дәрігерге бару үшін қатты ауырып, сыздап, төсекте жатып қалмайынша жүре беретіндер әлі көп.
Халық “онкология” деген сөзден қатты қорқады.
Бірақ рактың аяғы үнемі өліммен аяқтала бермейді
Кейде емделіп шығып, дәрі іше жүріп, жиырма жыл өмір сүре алатынын айтсаң, “Сол-ақ па?” деп бұртияды. Алайда, сен күні ертең мұзға тайып құлап өліп кетпейтініңді қайдан білесің? Ал, бұл жерде ешқандай шектеусіз, толыққанды өміріңді жалғастырасың. Иә, мүмкін, ай сайын дәрігер қаралымында болып, күн сайын дәрі ішетін шығарсың, бірақ бұл өмір сүру мүмкіндігінің жанында әңгіме қылуға да тұрмайды деп ойлаймын. Сондықтан, дәрігер ықтималдылықты анықтап, онкологқа жолдаса, қорқып, қашып жүрудің қажеті жоқ. Біздің халық “онкология” деген сөздің өзінен қатты қорқады. Рак деген сөз үнемі өліммен аяқтала бермейді. Ісік анықталып, емделіп, өмірінің мәнін түсініп, басқаша өмір сүре бастағандар өте көп.
Зиялы деген адамдардың кері тартпалығы өкіндіреді
Өкінішке қарай, бізде ісікке қарсы вакцина да жоқ. Тым құрыса ақылы екпе болса, жақындарымның бәрін салдыруын сұрар едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп жасындағы қыздарға жатыр ісігіне қарсы вакцина енгізбек болып, соңы үлкен дауға ұласқаны бар. Кейін ол іс жабылып, вакцина тіпті ұмыт болды. Қазір зиялы деген, елге сөзі өтеді дегендердің көбісі көне көзқарастағы, кері тартпа адамдар болғаны өкінішті. Әйтпесе, осы мәселені қайта көтеріп, жақсы ақпараттандыру жұмыстарын жасаған жөн еді.
Кезінде бәріміз үш түкірікпен емделдік
Онкология анықталған әрбір пациентке қойылатын басты талап: емші, бақсы-балгер іздеп кетуге болмайды. Алдыма келген науқасқа бірден “Келісіп алайық, сіз қазір мен тағайындаған емнен бас тартып, бақсыға кетсеңіз, кейін жарты жылдан кейін айналып өзіме келгенде менің сізден бас тартуыма тура келеді” деймін. Емшілер де әртүрлі болады: кейбірі емдей алмайтынын мойындап, кәсіби дәрігерге баруын айтып, жол сілтеп жатады, олар - ұяты бар емшілер. Кейбірі тамағы іссе, ангинаға ұқсайды деп, амал істеген боп отыра береді. Рас, кезінде бәріміз “көз тиді”, “сөз тиді” деп, үш түкірікпен емделіп өстік қой. Бірақ, қазір ғылым, медицина дамыған заман. Ақша керек деп, арқасы болуы былай тұрсын, жазу-сызу білмейтіндер деп емші болып отырғаны өтірік емес.
Оқи отырыңыз: Ұтылған ақшаға үй салуға болар еді - құмар ойыншы
Скрининг пен профилактикалық тексеріс мәселесінде вакцинациялау практикасын қолдану керек
Қанша түрлі амал жасалса да, науқастардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі, қызығушылығы арта қоймады. Қарапайым халықты былай қойғанда, дәрігерлердің өзі скринингке, тексерілулерге уақыт бөлмей жатады. Өз басым осы дертпен күресіп жүрген маман ретінде скрининг пен профилактикалық тексерістерде де өткен жолы вакцинациялауда болған әдісті қолдану керек деп ойлаймын. Әр емхана басшылығына қызметкерлерді міндетті скринингтен өткізуді тапсыру керек, артынша өзге әйелдер де тартылар. Рабиға ханым кейде ақпараттың тым көптігі адамға үрей тудырып, психологиялық науқас етуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан, ісік салаланып кеткен дегенге сеніп, жоқ жерден ауру іздеп, өз бетінше диагноз қоюға сақтануға шақырды.
Жыл сайын қан сараптамасын жасатып, маммологқа барып, үнемі өз денеңді бақылап, УЗИ-ге түскеніңіз жеткілікті. Он сегіз жастағы қыздардың “Неліктен скрининг тек қырық жастан асқанда жасалады?” деп алаңдаушылық білдіре бастағаны, әрине, қуантады. Алайда, әуел баста мектеп жасындағы қыздар арасында жасалған скринингтен соң, бұл топта ісік анықталуы нөлге тең екені белгілі болды. Оның үстіне жоғарыда айтылғандай, бірді-екілі нәтижелі топ үшін үлкен қаражат құртып, скрининг жасау мемлекетке де тиімсіз. Іздеген адам үнемі табады, абай болу керек екен деп, күнде аурухана аралап жүрудің қажеті жоқ.
Оқи отырыңыз: Мүгедекті алдай салу немесе қайырымды қаланың қайырымсыз кейіпкерлері жайында