Өлі жандардың өтініші: 10 сотық жер дауы һәм жемқорлық
Кезекке тұрғандардың ішінде өлгендер де бар
Талай жылдан бері «жыр» болған 10 сотық жер жұртты тағы дүрліктірді. Тегін жер теліміналу жеңілдеді деген хабар тарағалы тағатсызданған халық ЕGov.kz порталына лап қойған. Бір тәулікте түскен 100 мыңнан астам өтініштен сайт істен шықты. 2000 жылдары басталған тізім өте баяу жылжып келеді. 22 жыл ішінде бұл мәселе сан мәрте кедергіге ұшырады. Тосқауылдың бірі – су, тоқ, газ жүргізілмеген жерді беруге салынған тыйым болса, сегмантация жасау қиыншылығы да аяққа тұсау салған-ды. Қайсыбір өзгерісті алсаңыз да, бұдан бұқараға жерді беруден гөрі бермеу әрекеті байқалатын.
Заңгер Бақытжан Базарбек бірнеше жылдан бері жер және құқықтық даулар бойынша жұмыс істейді. Оның айтуынша, Жер Кодексі 44 бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін жерлер бос даладан берілмейді. Олар кемінде адамның өмір сүруіне ыңғайлы аймақтардан, яғни инженерлік тұрғыдан әзірленген алқаптардан берілуі керек. Су жүйесімен және электрмен қамтылуы тиіс. Егер елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі болмаса онда жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жерлер электр жүйесімен қамтылуы тиіс. Бұл нақты Жер кодексінің 44 бабының 5.3 тармағында жазылған норма.
Заңгер Бақытжан Базарбек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, 2004 жылдан бері 1 млн 300 мың адам жазбаша өтініш берген.
Осы ретте заңды сұрақ туындайды. Ақысыз жер алуға ниеттілер саны неге соншалықты көбейіп кеткен? Ал Үкімет осы кезге дейін жеке тұрғын үй құрылысына берілген жерлерді неліктен тезірек тапсырмаған? Не себепті бұл тізім азайғанның орнына ұзарып барады?
Заңгер Б.Базарбек мұның бірнеше себебі бар екенін мәлімдейді. Біріншіден, жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жерлер инженерлік тұрғыдан әзірленген алқаптардан беріледі. Сондықтан, алдымен бас жоспарға өзгерістер енгізілуі керек. Егжей-тегжейлі жоба әзірленуі қажет.
Айтуынша, 2003 жылы Жер Кодексі заңына бұл норма енді. Біріншіден, Үкімет адамдардың жаппай арыз беруіне дайын болған жоқ. Норманы қабылдар алдында аталған себептерді саралап білуі керек еді. Екіншіден, жемқорлық салдарынан азаматтар өзіне тиесілі алқаптарға қол жеткізе алмай келеді. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық және қалалық әкімдіктерге тиісті инженерлік жүйелерге қаржы бөлінген. Бірақ, ол қаржы талан-таражға түсіп, екі ортада инженерлік жүйе де, жер де ізім-ғайым жоқ болған. 20 жыл өтсе де, тізім орнынан қозғалмайды. Бұл жерде Үкімет, министрлік тарапынан бірнеше ағаттық кеткен. Жер Кодексінің 44 бабыталай жылдан бері заңгерлер тарапынан дауға түсіп келеді.
«Мемлекеттің инженерлік жүйелерді әзірлеуге қаражаты болмаса онда бизнесті қолданайық. Олар тиісті қаражатын мүдделі негізде инженерлік жүйелерді дайындауға өздері атсалыссын. Бұл іс жекеменшік әріптестіктің нәтижесінде жүзеге асады. Бірақ бизнестің де қояр сұрағы бар. Яғни, олар қаржысын инженерлік жүйелерге салса тарифті реттеу құқығын алуы керек. Электр жүйесі, су бағасын реттеуді жауапты кәсіпорынға берсе тізім оп-оңай жылжиды. Өкінішке қарай бұл норма заңда жоқ. Егер заңға енгізбесек, осы тізіммен 2 млн-ға дейін жетуіміз мүмкін. Күннен күнге созылып бара жатқан ұзын-сонар кезек халықтың наразылығын тудыра бермек», дейді заңгер.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар кезекке тұру үшін әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын. Ол уақытта кезекке тұру 12 күнді алатын. Сол себепті, кезектің жылжуы қиынға соғатын. Енді 10 сотық жер алу кезегіне электронды өтініштер қабылданып жатыр.Дегенмен, үш аймақта бұл қызмет қолжетімсіз болып отыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілі Айнұр Юсупова мұның бір себебін бірқатар өңір әкімдіктерінің кезекке қоюды тоқтатуды сұрағанымен байланыстырады.
«Өйткені, ол жақта қағаз жүзінде берілген өтініштерді жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Электронды үкімет порталы істен шыққан жоқ, жергілікті атқарушы орган тарапынан тізім беру өзектендірілуде деп жазылып тұр. Арнайы өтініш беріп тізімді тоқтата тұруды сұраған аймақтар ғана бұғатталған. Бүгінгі таңда азаматтардан 378 мың өтініш қабылданған. Яғни тізімге тіркеле алмай жатсаңыз, әр әкімдіктің өтініші бойынша тоқтатылды деп түсінген жөн», дейді ол.
Алайда, заңгер Бақытжан Базарбектің пікірінше, өтініштерді қабылдауды тоқтата тұру заңсыз. Себебі, жер кодексінің 50,44,44,1 бабында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін табыстау туралы Үкіметтің арнайы қабылдаған ережесі бар. Ережеге сай, азаматтардың өтінішін тоқтата тұру туралы норма жоқ. Жер болмағанның өзінде азаматтардың өтініштері тіркеліп, есепке алынуы тиіс.
Халық ең көп шоғырланған Алматы мегаполисінен жер алуға ниеттілер жетіп артылады. Өкініштісі, Алматыда жеке меншік тұрғын үй құрылысына жер берілмейді. Бос жатқан тер телімдері мүлдем жоқ. Сондықтан қала басшылығы өтініш қабылдай алмайтынын мәлімдеген.
Иә, жерді беру әкімшіліктің құзыретіне жатады. Заңгер Б.Базарбек әрбір жауапты органдардың «жер жоқ» деген жазбаша жауабын бірнеше мәрте кездестіріпті. Жер Кодексінің 44.1 бабына сәйкес, әзірленген инженерлік алқаптар туралы ақпарат әкімдіктің арнайы стендтерінде, интернет порталдарында жариялануы керек. Алайда, көбінесе аудан мен қала әкімдіктері ондай ақпаратты жасырады. Осы мәселеге байланысты бірнеше мәрте мониторинг жүргіздім. Халықтың біріншіден заңдық білімі жоқ болғандықтан, дәлелдейтін мүмкіндігі болмай отыр. Олардың заңгер, адвокаттарды жалдауға жағдайы жетпей жатады. Ешқандай да қорғаушы мамандарды жалдамай-ақ, әкімдіктің порталына кіріп қай жерде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін алқаптар қарастырылған. Соны әкімдік сайтына кіріп, дұрыстап қарап шыққан дұрыс. Егер ол сайттан жер телімдері жөнінде ештеңе табылмаса азаматтар покуратураға арыз жаза алады. Сыбайлас жемқорлықпен күресіп, өз құқығымызды қорғамасақ, мәселе оңалмайды», дейді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов жер теліміне кезекті Цифрландыру – сыбайлас жемқорлықты жояды, жерді игеруге жасалған ілгері қадам дегенді айтты. Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады. Таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады, - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Министрлік жаңашылдық енгіздік деп марқайғанымен, электрондық тізім жасау жағынан сорақы жағдайлар да орын алып тұр. Айталық, күту тізімдерінде «өлі» жандардың болуы. Заңгер Бақытжан Базарбек көпшілігіміз электрондық тізімнің ішінде қаншама адамның өмірден өтіп кеткенін немесе елден сыртқа қоныс аударғанын ескеруге шақырады. Сондай-ақ бір адамның бірнеше жерде тізімде тұрғаны тағы бар.
«Жергілікті атқару органдары тиісті мониторинг жүргізіп, қайтыс болғандарды тізімнен алып тастауы қажет. Өкінішке қарай, мұндай жағдайларды әкімдіктер өз пайдасына шешеді. Қайтыс болғандарды санаттан шығармайды. Олардың атынан басқа адамды табады. Соның атынан жерді жалға шығарып, үшінші тұлғаларға өткізеді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа жол ашу. Менің есептеуімше, әрбір ауданда тізімделіп тұрғандардың 20 пайызы өлген адамдар. Бас прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, жер ресурстарын басқару комитеті және әкімдіктер осы мәселемен айналысуы керек», деп тексерісті дереу қолға алуға үндеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен бірге жеке тұрғын үй құрылысына берілген жерлерге төрт жыл бұрын мониторинг жүргізген. Нәтижесінде, Атыраудың Балықшы елді мекенінде өрт салдарынан 1500 адамның тізімі жоғалып кеткен. Семей қаласында да 2400 адамның тізімі табылмаған. 2007-2014 жылдар аралығында әр түрлі мемлекеттік органдар түрлі тізім жүргізген. Осы тізімдерді қалпына келтіріліпті. Ал 130 мың адамның өтініштері қайда екені белгісіз күйінде қалған.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, 2016 жылдары жер мәселесіне байланысты митингтер дүркін-дүркін өтікізілгені мәлім. Осыдан кейін Қызылорда қаласында 2400 жер ақысыз негізде тапсырылған, Тараз қаласында 1500 жер иесіне берілгені белгілі. Өкінішке қарай, бөлініп берілген жерді халық игермейді дейді ол. 2018 жылы тексеріс жүргізгенде 2400 жерге бар болғаны 30 үй тұрғызылғанын көрдік. Тараз қаласында 1500 жердің 100 учаскесі ғана игерілген. Қалған 2370 жер игерілмей қалған.
Тұрғын үй салу мақсатына сәйкес жер телімін алған азаматтар екі жыл ішінде жерді игеріп, үй салуы тиіс. Егер осы уақыт ішінде жер учаскесі өзінің мақсатына сай пайдаланылмаса мемлекет жерді қайтарып алады, кезектетұрған басқа азаматтарға тапсыруға құқылы.
Бұл ретте азаматтардың әлеуметтік жағдайы да ескерілуі тиіс. Қымбатшылық өкпеден қысып тұрған уақытта, үй салудың өзі оңайға түспейді. Құрылыс материалдарының да бағасы аспандап тұр. Сондықтан, бастапқы жалға алу шартының мерзімін 2 жылдан 4-5 жылға дейін өсіру қажет-ақ. Сол кезде ғана азаматтар иелігіндегі жерді игеріп, өз мақсатына қолдана алады.
Жер кодексінің 50-ші бабында жазылғандай, Қазақстан азаматтары жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін ғана емес, сонымен қатар 3 нысаналы мақсат бойынша тегін жер алуға құқылы. Біріншіден, жеке қосалқы үй шаруашылығын жүргізу үшін құнарлы алқаптардан 0,15 сотық, құнарсыз алқаптардан 0,25 сотық, саяжай құрылысы және бағбандық жүргізу үшін 0,12 сотық, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 0,10 сотық көлемінде тегін жер алуға мүмкіндігі бар. Бірақ, 10 сотық жердің өзіне қол жеткізе алмай отырғанда, басқасы туралы ойлаудың да реті жоқ шығар.