Қазақстан соты Қайрат Сатыбалдыға маневр жасауға мүмкіндік бере ме?
12 млрд немесе 28 млрд теңгені төлей салып, процессуалдық келісімге келе алмайды
Он күннен бері Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сатыбалды «Көлік қызметі орталығы» компаниясынан 28 млрд, «Қазақтелеком» компаниясынан 12 млрд теңге жымқырды деп айыпталған. Онымен бірге Ғани Бекетов, Леонид Муравьев, Шыңғыс Қоңырбаев, Мұхамеджанұлына қатысты сот процесі жалғасуда. Сондай-ақ, Қ.Сатыбалдының салық және кедендік төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істері қосымша тергеліп жатыр. Айыпталушылардың басқа да заңсыз активтеріне іздеу салынған.
20-қыркүйек күні Астананың Байқоңыр ауданындағы №2 сотында прокурор Жангелді Есебаев Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ол жаза түрімен келісетінін мәлімдеді.
Тергеу барысында заңсыз сатып алынған активтер мен айыпталушылардың жалпы сомасы 240 млрд теңгеден астам немесе 500 млн АҚШ долларынан астам ақшалай қаражат мемлекетке қайтарылды. Қайрат Сатыбалды сонымен қатар, «Көлік қызметі орталығы» компаниясына 28 млрд теңге, «Қазақтелеком» компаниясына 12 млрд теңгені өтеп берген. Сондай-ақ, айыпталушы медиативті келісім жасады. Бұл келісімде жоғарыда аты аталған төрт адам бар. Ал мемлекетке келген жалпы шығын көлемі – 40 млрд теңге. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының адвокаты Игорь Попов жәбірленуші жақтың мүліктік және құжаттық шығындары әлі толықтай қайтарылмағанын жеткізді. Оның ішінде келісімшарттар, бухгалтерлік құжаттар мен ноутбуктар бар. Алайда, аса ауыр қылмыс болса да, айыпталушылар «Қазақтелеком» және «Көлік сервис орталығымен» медиативті келісім жасасып қойған. Бірақ, көп ұзамай көлік қызметі орталығы келісімін кері қайтарып алды.
Malim.kz тілшісіне сұхбат берген заңгер Ахметжан Бейсембеков 12 млрд немесе 28 млрд теңгені төлей салып процессуалдық келісімге келе алмайтынын айтады. Айыпталушылардың жалпы сомасы 240 миллиард емес, бұл бір адамның ғана айыппұлы болуы керек.
«Қазақстанда қылмыстық заңнама әртүрлі маневрге мүмкіндік береді. Бірақ, медиацияның бір шарты бар. Олар процессуалдық келісімге келгісі келіп отыр. Ондай келісімге келу үшін мемлекетке келтірген шығыны артығымен өтелуге тиіс. Мысалы, 12 млрд теңге шығын келтірілсе, мемлекет жоқ дегенде ауыр істер бойынша ондаған есе артық алады. Он еседен жиырма есеге дейін деп айтуға болады. Мысалы, 12 млрд он есе көбейтсек 120 млрд болады. Бұл бір ғана адамға. Ал 28 млрд болатын болса, 280 млрд болуы керек. Бұл айыппұл мөлшері жоқ дегенде 400-500 млрд болып кетуі әбден мүмкін дегенді білдіреді. Айталық, қатардағы қарапайым адамдар қатысқан істер бойынша, кейбірі процессуалдық келісімге бармауға мүдделі. Сондықтан бұған құтылып кетудің тәсілі ретінде қарауға болмайды», - дейді.
Заңгердің айтуынша, Қайрат Сатыбалдының «Көлік қызметі орталығы» компаниясына 28 млрд теңге, «Қазақтелеком» компаниясына 12 млрд теңге өтеп бере салғаны қисынға келмейді.
«12 не 28 млрд – келтірілген шығынның көлемі. Бірақ, ол айыппұлдың мөлшері емес. Ал айыппұл білуімше, он есеге дейін болуы мүмкін. Айыппұлмен құтылуды тек қана прокуратура бекітеді. Прокуратура бекітпеймін десе оған ешкім ештеңе істей алмайды, тіпті сот та. Келісім беру тек қана прокуратураның ұстанымы. Бұл жерде екінші бір жайт бар. Жәбірленуші тарап келісім бермесе оған сот та, прокуратура да ештеңе істей алмайды».
Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 195-бабы және 189-бабы бойынша айыпталуда. Заңгер «Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру» мен «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» баптары аса ауыр қылмыстар болғандықтан, медиациялық келісім сұраудың жөні жоқ дейді. 6 жыл бас бостандығынан айыру тіпті аз мерзім.
Айта кетейік, прокурор Жангелді Есебаев 20 қыркүйекте Сатыбалдыға қатысты «Түпкілікті мүлкін тәркілеу және лауазымды қызметпен айналысуға 10 жылға құқығын шектеу арқылы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны ретінде орташа қауіпсіз мекеме айқындалсын. Президентке Сатыбалдыны ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры атағынан, сонымен қатар «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін. Сатыбалдының тұтқында ұсталған уақытын тұтқындағы бір күн 1,5 күнге тең деп есептелсін», - деген болатын.
21-қыркүйекте Сатыбалдыға қатысты сот жалғасты. Алайда, бұл процесс он минутта аяқталды. Кезекті сот 23-қыркүйекте өтетін болған. Бірақ, белгісіз себеппен процесс кейінге шегерілді.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының тағы бір сыбайласына іздеу жариялады. Ол Сатыбалдының аса сенімді адамы – Қазақстан азаматы Эфенди Кемаль, 1983 жылы туған, бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың құрылтайшысы және директоры.Эфендидің қылмыстық әрекеті – кеден саласындағы мәселелерді күңгірт жолмен шешу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру болған. Антикор мәліметінше, ол үшін оған Қайрат Сатыбалды шоттан ақша алуға сенімхат берген. Мысалы, Эфендидің бір эпизоды бойынша ғана 2018 жылдың шілдесі мен тамыз айының 3 күн ішінде Қ.Сатыбалдыұлының жеке шотынан қолма-қол 37 млрд теңге және 62 млн АҚШ доллары алынған.
Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Эфенди Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып, қылмыстық қудалау органына келуден жалтарып жүр.
Оның құқыққа қарсы әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі 3-тармағы бойынша қаралып, іздеу жарияланды.