Рысқалиевке адал еңбегімен тапқан дүние-мүлкі қайтарылыпты
Атырау облысыынң экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ дүние-мүлкін қайтарып бергеннен Қазақстанның имиджіне нұқсан келмейді. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ айтты.
Ахметжановтың айтуынша, Рысқалиевтардың туыстарының дүние-мүлкі қайтарылған. Және оларға айып тағылмаған.
«Өздеріңіз білетіндей сот үкімі былтыр шықты. Рысқалиев сырттай сотталды. Үкім күшіне енген соң қылмыстық іске қатысы жоқ адамдардан өтініш түскен. Тергеуде олардың қылмысқа қатысы бары анықталмаған. Ал Рысқалиевке мемлекеттік қызметке келмей тұрып бизнесте тапқан дүниелері қайтарылды», - деді бас прокурордың орынбасары брифингте.
2020 жылдың 6-шы маусым күні Жоғарғы сот бас прокуратураның Бергей Рысқалиевтің ісі бойынша кассациялық шағымын қарады. Жоғарғы сот ағайынды Рысқалиевтерге тәркіленген дүние-мүлкін қайтару жөнінде шешім шығарды.
Бұған дейін бас прокурор Ғиззат НҰРДӘУЛЕТОВ жоғарғы сотқа қашқындағы Атырау облысының экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен оның бұрынғы депутат інісі Аманжан РЫСҚАЛИЕВТІҢ мүлкін тәркілеуге қатысты үкімді қайта қарау жөнінде кассациялық шағым түсірген еді.
Бас прокурордың шағымында «істі зерделеу барысында мүліктердің заңсыз тәркіленгені туралы өтініштерде көрсетілген дәлелдер расталды», – делінген. Бұл тек ағайынды Рысқалиевтарға ғана емес, олармен бірге сотталған Рүстем ӘЛБАҚАСОВ пен Ерболат ІЗБАСАРҒА, сондай-ақ олардың әйелдеріне де қатысты.
Бас прокурордың шағымында келтірген басты дәлелі Рысқалиевтер, Әлбақасов пен Ізбасар бюджеттен аса ірі көлемдегі қаржыны 2008 жылы жымқырған. Алайда сот шешімімен олардың 2008 жылға дейін иеленген дүние-мүлкі тәркіленген.
Сонымен, прокуратура Бергей Рысқалиевке төрт ЖШС-дағы үлесін, Нұр-Сұлтан, Атырау және Ақтөбедегі үш жер учаскесін, Атыраудағы үйді, сондай-ақ, Алматыдағы жерасты гараждарын қайтаруды сұраған.
Бас прокурор Андорра князьдігіндегі 13 миллион 602 мың АҚШ доллары сомасындағы банк шоттарына салынған тыйымды жоюды сұраған. Бұл ақша Сергей Рысқалиевқа қатысты компанияларға тиесілі, ал прокуратураның ойынша, » Сергей Рысқалиев Бергей Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобы» бойынша қылмыстық жауапқа тартылмады.
Қызығы, бас прокуратура былтыр қыркүйекте ғана Б.Рысқалиевтің шетелдегі шоттарынан 13 миллион долларды таптық, ақшаны бұғаттадық, енді оны мемлекетке қайтару мәселесін шешеміз деп мәлімдеген.
Ал Аманжан Рысқалиевке Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерді, сонымен қатар, екі ЖШС-дегі үлесін, Бергей Рысқалиевтың әйеліне Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайды, сонымен қатар бірнеше ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлестің жартысын, Аманжан Рысқалиевтің әйеліне Атырау қаласының орталығындағы 2 пәтер мен жер учаскелерін қайтаруды сұраған.