Татарларға енді тәуелсіздік жоқ...
«Татарстанда енді президент болмайды. Мұның татар халқы үшін қаупі қандай?» деген тақырыппен Azattyq.ogr мақала жариялады.
«Ресейде Мемлекеттік дума депутаттары жаңа заң жобасын қарап жатыр. Құжатта Ресей құрамындағы аймақтардың бәрін «аймақ басшысы» басқаратыны айтылған. ...Заң қабылданса, президент, губернатор, мэр және басқа да титулдар жойылады. Оның орнына Ресейдегі 83 аймақтың, оның ішінде Ресей оккупациялаған Қырым облысы мен Севастополь қаласының басшысы «аймақ басшысы» деп аталады» деп жазады мақала авторы Роберт Коалсон.
Жалпы, Татарстанда 4 миллионға жуық халық тұрады. Ал әлем бойынша татарлардың саны 7 миллионға жетіп жығылады.
Татарлар – Ресейде орыстардан кейін ең көп тараған этникалық топ.
«1992 жылғы наурызда Совет одағы құлағаннан 3 ай өткен соң Татарстан «Ресей Федерациясы және басқа да республикалармен тең қарым-қатынас құра алатын егемен ел» деп танылды. Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин аймаққа қарата «қанша жұта алса, сонша егемендік алсын» деп айтқан» деп өткенді еске салады Роберт Коалсон.
Алайда, 1990 жылы Жоғарғы кеңес мінберінен Татарстан егемендігінің декларациясы оқылғанымен, «қанша егемендік алғысы келсе, алсын!» деп тұрған тұста, татарлардың саяси элитасы сол кездегі президенттері, марқұм Минтимер Шаймиевтің абайлап басу саясатына алданып, уақыттарын текке өткізіп алғандай.
Кең қолтық Ельциннің орнына Путин келгелі Ресейде, оның ішінде Татарстанға қатысты федерализм қатты әлсіреді. Қулығына, саяси әккілігіне құрық бойламайтындай көрінген М.Шаймиев те қартайып, қолындағы тізгінді Кремельге ұстатып кеткендей.
Енді міне, арада оншақты жыл өткенде Путиннің мына бастамасына Татарстанда қарсы тұрарлық элита, тұлға қалмағандай.
«Президент лауазымынсыз республика республика болудан қалады. Елтаңба, әнұран немесе тудың қажеті болмайды. Татарстанды қолдайтын адамдарда қуғындағы белсенділерге қосылудан басқа жол қалмайды. Бірақ, шынымды айтсам, жұрттың көбі бұған алаңдайды деп ойламаймын» депті Лондонда тұрып жатқан, кезінде саяси белсенділігі үшін түрмеге қамалған Рафис Кашапов Азаттыққа.
Қазан мемлекеттік университетінің саясаттану профессоры Мидхат Фарукшин Татарстанға федерализм эрозиясына қарсы тұру тым кеш дегенмен келісе кетіпті. Оның сөзінше, 2002 жылы жаңа Конституцияны қабылдау қазіргі жағдайдың алғышарты болған. Онда егемендікті шектеп, аймақтағы билікті бөлу тетіктері бекітілген.
«Татарстан бұған тағы да көнеді. Кішігірім митингтер болатын шығар. Бірақ қазіргі оқиғаға әсер етуге белсенділердің шамасы жетпейді. 2002 жылы Татарстан үшін ең қауіпті кезең болды. Ал бүгінгі оқиға – соның салдары ғана. Президент лауазымы жойылады, оны Ресейдің саясаты өзгерген жағдайда ғана қайтарып алуға болады» депті ол.
Фото: Сергей Гунеев/РИА Новости