Халық партиясы нені насихаттап жүр?
3 қаңтарда Қазақстан Халық партиясының белсенділері мен мүшелері Шымкент қаласында ҚХП-ның үгіт материалдарын тарату бойынша акция өткізгенін хабарланды.
– Біздің партия халықтың табыс көлемін де, ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыру қажет деп есептейді. Мемлекет зейнетақы мөлшерін ұлғайтып, азаматтардың зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуі керек. «Зиянды» мамандықтардың өкілдері құрметті демалысқа ертерек шығуы тиіс, – депті акция барысында Аяз ата боп киініп алғандармен бірге жүрген мәжіліске кандидат Нұрлан Қадырқұлов.
Сондай-ақ ол ҚХП пандемия басталғанға дейін үнемі салық төлеп, жұмыс орындарын құрған азаматтар санаты үшін бір реттік несие рақымшылығын жүргізуді ұсыныпты. – Бұл пандемия мен шектеу шаралары салдарынан қиын жағдайда тап болған ШОБ қызметкерлеріне қатысты. Яғни, азық-түлік дүкендерінің, кафелердің, шаштараздардың иелері мен қызметкерлері қамтылуы қажет. Айта кету керек, банктер карантиннен шығынсыз өтті, олардың көпшілігі өз капиталын арттырды. Шағын және орта бизнес пен қарапайым азаматтарға ғана салмақ түсті. Енді олар бұрынғы несиелерін өтеу үшін тағы несие алуға мәжбүр, – депті.