Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде алдағы күндері ауа райы құбылмалы болады. Елдің батысы мен оңтүстігінде оңтүстік циклонның әсері сақталып, жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтіледі. Кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
Мамандардың мәліметінше, 19 және 21 мамыр күндері Қызылорда мен Түркістан облыстарында, ал 19-21 мамыр аралығында Жамбыл облысында қатты жаңбыр жауады.
Температуралық фон айтарлықтай өзгермейді. Батыс және оңтүстік өңірлерде ауа температурасы +27...+35 градусқа дейін көтерілсе, шығыс аймақтарда +20...+28 градус шамасында болады.
Ал 20-21 мамыр күндері солтүстік циклонның ықпалынан еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Осы кезеңде қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр.
21 мамырда Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында күндіз ауа температурасы +10...+18 градусқа дейін төмендейді. Елдің орталық бөлігінде ауа температурасы +15...+23 градус аралығында болады.
Сондай-ақ мамандар ауа райының құбылмалылығына қарамастан, Қазақстанның басым бөлігінде құрғақшылыққа байланысты өрт қаупі сақталатынын ескертті.
Жоғары деңгейдегі өрт қаупі Қызылорда облысында, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарының оңтүстік бөліктерінде жарияланған. Сонымен қатар Павлодар облысының шығысында, Жетісу облысының оңтүстік-шығысында және Ұлытау облысының орталық аймақтарында да төтенше өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.