Алматыда еріктілерді жаппай вакцинациялау уақытша тоқтатылады
Алматы қаласының емханалары мен екі қоғамдық орын – Республика сарайы және Asia Park ойын-сауық орталығында екі күннің ішінде 17 мыңнан астам адам вакцина салдырды. Алматыда еріктілерді жаппай вакцинациялау 3-4 күнге уақытша тоқтатылады. Бұл туралы бүгін өткен онлайн брифингіде Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді.
"Біз соңғы екі күнде және бүгін денсаулық сақтау министрлігі ұсынған үш категориядағы (медицина қызметкерлері, полицейлер мен білім беру саласының қызметкерлері) адамдардан бөлек, барлық еріктіге вакцина салуға рұқсат еттік. Сондықтан осы үш категориядан басқа 18 жастан 70+ жасқа дейінгі еріктілерге вакцина салынды. Емханаға, вакцина салып жатқан қоғамдық орындарға өз еркімен келгендерге сондықтан вакцина салынды. Алматыға 34 900 вакцина келіп түсті, екі күнде 17 мыңнан астам адамға салынды. Бүгін тағы да 10 мың адамға салынатын шығар", - дейді Нариман Табынбаев.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы ертеңнен бастап вакцинация шектелетінін, тек денсаулық сақтау министрлігі ұсынған үш категориядағы адамдарға салынатынын айтты. Бірақ бұл уақытша шара, вакцинаның келесі партиясы келіп түскен соң еріктілерге қайта салына бастайды.
"Ертеңнен бастап вакцинаның келесі партиясы келіп түскенге дейін еріктілерді вакцинациялауды шектей тұрамыз. Қалған вакцина үш категориядағы топтарға салынады. Бірақ 3-4 күнде вакцинаның жаңа партиясы келіп түседі. Дүрбелең тудырудың қажеті жоқ, Вакцинацияға жазылу үшін ақпараттық жүйе мен call-орталық жұмысы жолға қойылады. Бірақ оны біз денсаулық сақтау министрлігі Алматыға қашан және қанша көлемде вакцина жіберетінін анық білгеннен кейін жолға қоямыз", - деді Нариман Табынбаев.